Бақсыға да, балгерге де сенбейміз... (Ақида)
Бақсыға да, балгерге де сенбейміз... (Ақида)
2 ай бұрын 5662
Абдусамат Қасым

وَلا نُصَدِّقُ كَاهِنًا وَلا عَرَّافًا وَلا مَنْ يَدَّعِي شَيئًا يُخَالِفُ الكِتَابَ والسُّنَّةَ وَإجمَاعَ الأُمَّةِ

«Бақсының да, балгердің де (айтқандарын) растамаймыз. Сондай-ақ, әлдекімнің Құран, сүннет және үмбеттің ижмасына қарама-қайшы айтқан (көлденең тартқан) нәрсесін де растамаймыз (қабылдамаймыз)». Имам Тахауи ("Ақидатут Тахауия").


*Кәһин – болашақтан хабар беруші. Көріпкел бақсы.

*Ъарраф – өткен шақтағы жасырын әрі ғайып сырлардан хабар беруші.

*Ижма – Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) үмбетінен шыққан «мүжтәһид» ғұламалардың бір ғасырда әлдебір шариғи үкім жайында ортақ пікірге келулері.  

Түсіндірме:

Бақсы-балгерлерге, көріпкел тәуіптерге, астрологтарға, эсктрасенстерге т.б. ғайыптан хабар берушілерге сену, олардың айтқандарын шын көру – Ислам дінінде қатаң тыйым салынған әрекет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Кімде-кім бақсы-балгерге барып, оның айтқанын расқа шығарса (сенсе), Мұхаммедке түсірілгенге (яғни, Құранға) күпір еткен болады»[1]. 

Тағы бір хадисінде Алла елшісі былай дейді:

«Кімде-кім балгерге келіп, одан бір нәрсе сұраса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды»[2].   

Өйткені, ғайыпты, болатын дүниелерді тек Алла біледі және Алла уахи арқылы өздеріне білдірілген пайғамбарлары білуі мүмкін. Одан басқа ешкім ғайыпты біле алмайды. Бұған байланысты Құран Кәрімде: 

«Көместі білуші Алла. Оның сырын ешкімге ашпайды. Бірақ қалаған елшісіне білдіреді...», - делінген[3].

Ал көріпкелдер мен бақсы-балгерлер және олардың сыбайластары - пайғамбар да емес, Алланың бұйрығына берік әулие де емес. Олар әлдебір тылсым күштерден жәрдем алып, болашақтан сыр шертуге тырысатын адасушы пенделер. Айтқандарының аз ғана пайызы дұрыс боп көрінгенімен, тоқсан тоғыз пайызы өтірік. Сыйынып жүргендері, шын мәнісінде, ата-бабаларының әруағы емес, аталарының бейнесінде көрінген жын-шайтандар. Жын-шайтандар "ата-баба әруағы" болып көрініп, адамды адастырады. Ештеңеден хабары жоқ кісі шайтанның айласын ұқпай, өзін әулие санап, онысын Алланың қолдауы деп біліп емші немесе палшы атанады. Құдай һидаят берсін!

Осы орайда, саясатшылар мен экономистердің саяси және экономикалық анализ жасаулары, келешектегі болуы мүмкін келеңсіздіктерді болжап, соған орай жоспарлар құрулары немесе бізге белгісіз планеталар мен жұлдыздардың ашылуы, ауа-райы болжамы т.б. осы сияқты тәжірибеге сүйенер болжамдар мен ғылымға сүйенген жорамалдардың күнәсі жоқ.

Сондай-ақ, Имам Тахауи жоғарыдағы сөзінде: «Әлдекімнің Құран, сүннет және үмбеттің ижмасына қарама-қайшы айтқан нәрсесін де растамаймыз (қабылдамаймыз)» деді. Өйткені, аталмыш қайнаркөздер шариғаттың іргесі мен үстіні болып табылады. Кім бұларға теріс сенім-нанымдар қалыптастырса немесе оларға қайшы келер іс-әрекеттерде болса (яғни, дінде жоқ нәрсені дінге кіріптар етсе), онысы «бидғат» саналып, мұсылмандар тарапынан қабыл етілмейді[4].

[1] Имам Бәйһәқи: «әс-Сүнәнуль Кубра». №16273 хадис; әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак»; Имам Табари: «әл-Мұъжәмуль Кәбир» т.б.
[2] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»).
[3] Құран Кәрім: «Жын» сүресі, 66, 67 аяттар.
[4] әл-Бәбирти: «Шархуль Ақидатит Тахауия». 137 бет. "Дәруль Бәйрути". Бәйрут-Ливан 2009 ж.; Әбу Хафс әл-Ғазнәуи: «Шарху ъақидатиль Имәмит Тахауи».

 

0 пікір