Жұмыс себепті жұмаға бармау үзір санала ма?
Жұмыс себепті жұмаға бармау үзір санала ма?
23 күн бұрын 2195

Ассаләмуғалейкум! Неше рет жұма намаздан қалса күнә жазылады? Мысалы, жұмыста болып, жұма намазына бара алмай қалса, ол үзірге жата ма? Мен астана су арнасында, құбыр тазалауда жұмыс жасаймын, қаланың әр жерінде жүреміз, көбіне мешіт жоқ жерлерде жүреміз, сол жағы қиын. Адахан.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, ескілікті Ханафи кітаптарын оқып отырып, мынадай мәліметтерді кезіктіруге болады:

«Жалдаушы адам – жалдаған жұмысшысын жұмаға баруынан тыя алады». Имам Әбу Хафс әл-Кәбир (рахимаһуллаһ)[1].

«Жалдаушы кісі – жалдаған адамын жұмаға барудан тыя алмайды, бірақ жұма намазына кеткен уақытына сай ақысынан ұстап қалады, онда да егер мешіт алыста болса, ал жақында болса ақысынан ұстап қалмайды». Фақиһ Әбу Али әд-Дәққақ (рахимаһуллаһ).

«Жалданған адам (жұмысшы) – жұма намазы мен жамағат намазына тек жалдаушының рұқсатымен бара алады». «әл-Фәтәуә Аз-Заһирия»[2].

Ендеше, егер жұмыс орнынан жібермей жатса әрі жұмыстан шығарып жіберу қауіпі болса және басқа жұмысқа ауысу мүмкіндігі жоқ болса, жұмаға бармау үзір саналады. Сондай-ақ, өрт сөндіруші, дәрігер (мысалы, ота жасаушы), сабағы дәл жұма уақытына тура келіп қалған мектеп мұғалімі т.б. осы сияқты, жұмысын тастап жұмаға кетіп қалған жағдайда жұмысында кінәрат туындап, орнына адам қалдырып кету мүмкіндігі жоқ жауапты маман иелеріне де қауырт кездерінде жұмаға бармаулары үзір саналады (әрине, орындарына адам қалдырып, қауырт емес кездерінде жұмаға барып келуге жағдай жасалған болса, барғандары дұрыс).

Сіздегі жағдайға қатысты да айтарымыз осы, егер жұмысыңыздан босатпай, жұмаға барып келуге рұқсат бермесе, әрі орныңызға адам қалдырып кетуге де мүмкіндігіңіз болмаса, сіз үшін жұмаға бармау үзір саналмақ. Алайда, мүмкіндігіңізге қарай, болашақта жұма намазына барып тұруға жағдай жасалған жұмыс орнына ауысу жөнін де ойластырып жүргеніңіз абзал. Аллаһу аъләм биссауаб. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 


[1] Әбу Хафс Ахмед ибн Хафс әл-Бұхари әл-Ханафи. (м.832-767 ж.).
[2] Махмуд ибн Сүлейман ал-Ханафи әр-Руми: «Аъләмуль Ахиәр». 1/330 бет.; Мәхмуд ибн Ахмед ибн Мәзә: «әл-Мухыйтуль Бурһании». 3/87 бет.

Абдусамат Қасым