Құбыладан аз-маз ауытқысам, намазым дұрыс па?
Құбыладан аз-маз ауытқысам, намазым дұрыс па?
2 күн бұрын 356

Ассалаумағалейкум! Ұстаз, құбылаға қатысты сұрағым бар. Мысалы, намаз оқып тұрған кезде құбыла бағытының оңға немесе солға қарай 20–15 градусқа ауытқығанын анықтасам, бірақ соған қарамастан жүзім де, кеудем де құбыладан бұрылмаған болса, намазым дұрыс бола ма? Яғни ең бастысы, құбыладан 90° немесе 180°-қа бұрылып кетпесе болғаны ғой?

Уағалейкумуссәләм!

Қасиеті аят-и кәримада былай бұйырған: «Қай жерде болсаңдар да, жүздеріңді соған қарай (Мәсжидул-Харамға, Қағбаға) бұрыңдар».1 Осы қасиетті аяттағы «шатраһу» сөзі: «оның бағытына қарай» деген ұғымды білдіреді. Бұл дегеніміз, Мекке қаласындағылар Қағба тастың өзіне беттейді. Ал алыс елдердегі мұсылмандар «Мекке» қаласына қарай беттейді. Ал құбыладан азын-аулақ ауытқып жатса, намазға зияны жоқ. Оны қазіргі кей ғалымдар «45 градус» деп топшылайды. Ал одан көп ауытқыған адам, намазын қайта оқиды.

Құбыланы анықтай алмай қиналған мұсылман не істейд?

Осы орайдай мына нәрсені айта кету керек: кейде құбыланы таппай, қиналатын кездер болады. Ондайда мұсылман мүмкіндігінше сұрастырып немесе қолдағы құрылғылар арқылы құбыланы анықтауға тырысады, егер анықтауға тырысып-баққаннан кейін «құбыла» деп оқыған жөні құбыла болмай шықса да, намазы дұрыс. Себебі, ол анықтауға тырысып, белгілі ыждығаттылық танытты. Ал ондайда мүлдем анықтауға тырыспай жай бір жерге қарап оқи салса, кейіннен онысы расында да құбыла екені анықталса да намазы дұрыс емес, өйткені ол құбыланы анықтауға ыждығаттылық танытпаған. Бұл - құбыланы білмей тұрған мұсылманға қатысты үкім. Бұл үкімнің құбыла қай жақта екенін білетін кісіге қатысы жоқ.

1«Бақара» сүресі, 144 аят.

Абдусамат Қасым