Өз-өзіне қол салған туралы жауап бере аласыз ба?
|
Өз-өзіне қол салған мұсылманның жаназасы шығарыла ма?
|
Имам Ағзам Әбу Ханифа, Имам Мәлік және Имам Шәфиғи (Алла оларды рахымына бөлесін) өз-өзіне қол салып өлген мұсылманның жаназасы оқылады деген. Ханафи мәзхабында қабыл етілген пәтуа да осы негізде. Ханафи ғалымы Имам Алауддин Хаскафи (р.а) өзінің фиқһ кітабында былай дейді:
من قتل نفسه ) ولو ( عمدا يغسل ويصلى عليه ) به يفتى وإن كان أعظم وزرا من قاتل غيره)
«Кім өзін әдейі өлтірсе, оның денесі жуылып, жаназасы оқылады. Пәтуа - осы негізде қабыл етіледі. Өзін өлтіру - өзгені өлтіргеннен де ауыр күнә болса да үкім осы»1.
Ал Имам Әбу Юсуф пен Ибн әл-Һумәм секілді кейбір ғалымдар өзіне қол салған мұсылманның жаназасы оқылмайды деген пікірді ұстанған2, Алайда көпшілік ғалымдардың ұстанымы бойынша, мұндай адамның жаназасы оқылады.
Осы тұрғыда айта кету керек: өз-өзіне қол жұмсау - Исламда өте ауыр күнә, олай жасаған мұсылман о дүниеде азапқа душар болады.
Алла һидаят, тауфиқ берсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1Имам Алауддин Хаскафи: ««Әл-Дурруль Мухтар Шарх Танвир аль-Абсар».
2Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр».