КІМДЕРДІҢ ЖАНАЗАСЫ ШЫҒАРЫЛМАЙДЫ?
КІМДЕРДІҢ ЖАНАЗАСЫ ШЫҒАРЫЛМАЙДЫ?
14 сағат бұрын 401

Ассаламуғалейкум, ұстаз! Дүниеден өткен адамның қандай жағдайда жаназасы оқылмайды? Қанат.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Келесі адамдардың жаназасы шығарылмайды:

  • Кәпір. Мұсылман еместердің жаназасы шығарылмайды. Бірақ өмірінің соңында тілін кәлимаға келтіріп үлгерсе, жаназасы оқылады.

  • Мүртәдд. Діннен қайтқан немесе өзге дінге өткендердің де жаназасы оқылмайды. Алайда, тәубе етіп, қайта мұсылман дініне оралса, оның намазы оқылады.

  • Қарақшылар. Елді тонап, қарақшылық қылған мұсылман, қарақшылық жасау барысында өлсе, денесі жуылмайды және жаназасы оқылмайды. Ал қолға түскеннен кейін өлсе (өлтірілсе), жаназасы оқылады1.

  • Әділ патшаға қарсы бас көтеріп, соғысқан бүлікші. Әділ патшаның әскерлерімен соғысып, жан берген бүлікшінің денесі жуылмайды және жаназасы оқылмайды, алайда тұтқынға алынғаннан соң өлтірілсе, жаназасы оқылады. (Халқына зұлымдық жасаушы «Залым патшаның» зұлымдығына қарсы көтерілген мұсылман көтеріліс барысында мерт болса, жаназасы оқылады, өйткені залым патшаға қарсы көтерілген мұсылман "бүлікші" болып саналмайды)2.

  • Ата-анасын әдейі өлтірген адамның жаназасы оқылмайды.

  • Іштей шетінеген, яғни, өлі туылған шақалақтың жаназасы оқылмайды. Ал туылған сәтте тірі болып, кейін шетінесе, ол шақалақтың жаназасы оқылады.

1Бәдруддин әл-Айни: «әл-Бинәя». 
2Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр».

Абдусамат Қасым