Неге Құранда қанды нәжіс деп атаған?
Неге Құранда қанды нәжіс деп атаған?
7 сағат бұрын 262

Неге Құранда қан харам етілгенін достарыма қалай түсіндірсем болады?

Құрметті сауал жолдаушы!

Құран Кәрімде қанды жеуге тыйым салынған. Өйткені, аятта «аққан қанның» харам екендігі әрі лас, нәжіс екендігі айтылған. Сондықтан ханафи мәзһабында денеден қан ағып шықса, дәрет бұзылады. Ал денеге немесе киімге алақанның ойығындай көлемде қан жұқса, ол нәжістенген болып саналады да, ондай киіммен намаз оқуға болмайды.

Ал қанның нәжіс саналуының себебі неде?

Қасиетті Құранда қанға қатысты «рижс», яғни «лас», «жиіркенішті нәрсе» деген сөз қолданылған(1ّ). Бүгінде мұның мәні ғылым тұрғысынан да тереңірек түсінікті болып келеді. Өйткені бүгінгі ғылым анықтағандай, қан табиғатынан таза болып саналмайды. Өйткені қанның негізгі қызметтерінің бірі — ағзадағы зат алмасу барысында түзілген қоқыстарды жасушалардан алып, оларды сыртқа шығаруға жауапты мүшелерге (бүйрекке, бауырға, өкпеге және т.б.) жеткізу. Яғни, қан ағзаға қажетті заттарды ғана емес, алмасу нәтижесінде пайда болған зиянды заттарды да тасымалдайды. Осы тұрғыдан алғанда, қасиетті Құранның қанды «рижс» («лас») деп атауының астарында үлкен даналық жатқанын аңғаруға болады.

Сонымен қатар қазіргі медицина қанның құрамында көптеген зиянды заттардың болатынын анықтаған. Мысалы:

  1. Қан құрамында несепнәр (urea), несеп қышқылы (uric acid), көмірқышқыл газы және зат алмасу нәтижесінде түзілетін басқа да зиянды қалдықтар болады. Егер адам оны тұтынатын болса, бұл оның қанындағы несепнәр деңгейінің көтерілуіне әкеліп соқтырады, ал бұл өз кезегінде ми қызметінің қауіпті бұзылуына (энцефалопатия) ұласуы мүмкін.
  2. Қан көптеген бактериялар мен басқа да микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы орта болып табылады. Сондықтан қан арқылы жұғатын жұқпалы аурулардың тарайтыны медицинада жақсы белгілі.
  3. Қан тағам ретінде адамның қалыпты қоректенуі үшін жарамды өнім болып саналмайды. Оның құрамында ақуыз болғанымен, олардың өзі аса улы элементтермен араласқандықтан, ол өте қиын қорытылатын өнімге жатады.
  4. Қанды ішке тұтыну адам қанындағы несепнәр (мочевина) деңгейінің жоғарылауына алып келеді. Бұл миға әсер етіп, кенеттен естен тануға (комаға) алып келуі мүмкін.

Осы жайттарға назар аударсақ, қасиетті Құранның қанды «рижс»(лас) деп атауының және оны жеуге тыйым салуының астарында үлкен хикмет жатқанын аңғаруға болады.

Алла Тағала пенделеріне қандай да бір нәрсені харам еткен болса, оның астарында міндетті түрде жеке адамға да, қоғамға да қатысты пайда жатады. Кейде оның сырын бірден түсінеміз, кейде уақыт өте келе ғылымның дамуы арқылы айқынырақ ұғына бастаймыз. 

Бұл да Ислам дінінің иләһи хақ дін екендігін айқындай түсер белгілердің бірі.


1) Құран Кәрім, "Әнғам" сүресі, 145 аят.

 

 

Абдусамат Қасым