Жұманың алдында 4 рәкәғат сүннеттің оқылатыны жайында дәлелдер бар ма?
Жұманың алдында 4 рәкәғат сүннеттің оқылатыны жайында дәлелдер бар ма?
22 күн бұрын 2242

Жұма намазының алдында оқылатын 4 ракәт сүннет намазы оқылатыны жайлы дәлел келтіріп кетсеңіздер, саләфиттер мешітте оқымай отыратындар бар.

Әлхәмдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Дәлелдер келтірмес бұрын мына жәйіттарды айта кетелік:

Жұма намазының алдыңғы төрт рәкәғат намазын оқу «мұстахаб»—ұнамды іс екендігінде мәзхаб ғалымдары арасында талас жоқ. Талас – алдыңғы төрт рәкәғат намаздың үкімі «сүннет» пе, әлде «мұстахаб» па? – сонда. Ал сәләфиттердің "бидғат" деулері бекер сөз, көпшілік ғалымдардың тоқтамына кереғар пікір.

  • Ханафи мәзхабы мен Шәфиғи мәзхабында және кейбір Ханбали ғалымдары бойынша, жұманың алдында 4 рәкәғат оқу – сүннет.
  • Мәлики мәзхабы мен Ханбали мәзхабында қабыл етілген пәтуа бойынша, жұманың алдыңғы намаздың үкімі – сүннет емес, нәпіл.

Көпшілік ғалымдар не деген?

Бұған қатысты Ханбали ғұламасы Ибн Ражаб әл-Ханбалидің (миләди 1335-1395 жыл, рахимаһуллаһ) мына сөзі жауап болады деген ойдамыз. Ханбали ғалымының айтуы бойынша, алдыңғы буын сәләф ғұламаларының басым көбі жұманың алғашқы төрт рәкәғат сүннет намазын «сүннет» деп қабыл еткен екен. Ибн Ражаб әл-Ханбали өзінің «Фәтхуль Бәри» кітабында былай дейді:

«Жұманың алдында оқылатын намаздың үкімі жайында пікір талас бар: ол да Бесіннің алғашқы сүннеті секілді «бекітілген сүннеттер» қатарынан ба, әлде «Асыр» намазының алдында оқылатын намаз секілді «мұстахаб» нәпіл намаздар қатарынан ба? Ғұламалардың көпшілігі оның «бекітілген сүннет» екендігіне тоқтам жасаған, олар: әл-Әузаъи, әс-Сәури, Әбу Ханифа және оның шәкірттері, сондай-ақ, Ахмед (ибн Ханбалдің) негізгі қаулысы да осыған саяды. Оның солай екендігін Қазы Әбу Яъла да өзінің «Шәрхуль Мәзхаб» атты кітабында келтірген және Ибн Ъуқайл да келтірген. Және Шәфиғидің шәкірттерінше де дұрысы осы (сүннет екендігі). Әйтсе де, біздің мәзхабтың (ханбали) кейінгі буын ғалымдардың көбі оның «бекітілген сүннет» емес, мұстахаб (нәпіл) дегенге тоқтаған»[1].   

Ендеше алдыңғы буын сәләф ғалымдардың басым көпшілігі оны (жұманың алғашқы төрт рәкәғатын) «бекітілген сүннет» деп қабылдаған. Мұны - Ханбали ғалымы айтып отыр.

Ендігі жерде, хадистерден дәлелдер келтірелік:

1) Тәбиғин Әбу Абдуррахман әс-Сәлми (р.а.) былай дейді: «(Сахаба) Абдулла бізге Жұманың алдында төрт рәкәғат және кейін төрт рәкәғат оқуды бұйырушы еді. Әли келіп бізге жұмадан кейін екі рәкәғат, кейін төрт рәкәғат оқуды бұйырды». Бұл риуаят «Әсәрус сүнән» кітабында келтірілген және хадистің «иснәды» сахих делінген. (Иснәд – хадисті жеткізуші риуаятшылардың есімі орын алған бөлімі).

عن أبي عبد الرحمن السلمي رضي الله عنه قال: (كان عبد الله يأمرنا أن نصلي قبل الجمعة أربعاً، وبعدها أربعاً، حتى جاءنا عليٌّ فأمرنا أن نصلي بعدها ركعتين ثم أربعاً). وجاء في آثار السنن: إسناده صحيح،

2) Имам Тахауи (р.а.) өзінің «Әсәрус сүннә» атты хадистер кітабында «сахих иснәдпен» сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.) мынадай риуаят келтіреді: «Ол жұманың алдында төрт рәкәғат оқып, оны сәлеммен бөлмеуші еді. Одан соң жұмадан кейін екі рәкәғат оқитын, артынан төрт рәкәғат оқитын».  

 روى الطحاوي وإسناده صحيح كما في آثار السنن عَنْ عَبْدِ الله بْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا : (أَنَّهُ كَانَ يُصَلِّي قَبْلَ الجُمُعَةِ أَرْبَعًا، لا يَفْصِلُ بَيْنَهُنَّ بِسَلامٍ، ثُمَّ بَعْدَ الجُمُعَةِ رَكْعَتَيْنِ، ثُمَّ أَرْبَعًا)

3) Хадисші Ибн Мәжә (р.а.) өзінің хадистер жинағында сахаба Абдулла ибн Аббастан (р.а.) мынадай хадис жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.у.) жұмадан бұрын төрт рәкәғат намазды арасын (сәлеммен) бөлмей оқушы еді».

روى ابن ماجه عَن ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنهُما قَالَ: (كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَعلى آلِهِ وَصَحْبِهِ وَسَلَّمَ  يَرْكَعُ قَبْلَ الجُمُعَةِ أَرْبَعًا لا يَفْصِلُ فِي شَيْءٍ مِنْهُنَّ

Ханбали ғалым Ибн Құдама (р.а.) былай деген: «Жұманың алдындағы намазға келсек, оған қатысты мына бір риуаяттан басқасын білмеймін: «Алла елшісі жұмадан бұрын төрт рәкәғат оқитын». Ибн Мәжә келтірген»[2]. 

4) Имам Табарани (р.а.) өзінің «Мұъжәмуль Әусәт» атты хадистер жинағында Абдулла ибн Мәсғуттан (р.а.) мынадай хадис келтіреді: «Алла расулі (с.а.у.) жұманың алдын төрт рәкәғат және кейін төрт рәкәғат оқушы еді. Сәлемді соңғы рәкәғатта жасайтын».  

 أخرج الطبراني في الأوسط عن علي رضي الله عنه قال: (كان رسول الله صلى الله عليه وعلى آله وصحبه وسلم يصلي قبل الجمعة أربعاً، وبعدها أربعاً، يجعل التسليم في آخرهن ركعة).

Абдусамат Қасым 


[1]  [وقد اختلف في الصلاة قبل الجمعة: هل هي من السنن الرواتب كسنة الظهر قبلَها، أم هي مستحبة مرغَّبٌ فيها كالصلاة قبل العصر؟ وأكثر العلماء على أنها سُنَّةٌ راتبةٌ، منهم: الأوزاعي، والثوري، وأبو حنيفة، وأصحابه، وهو ظاهر كلام أحمد، وقد ذكره القاضي أبو يعلى في "شرح المذهب" وابن عقيل، وهو الصحيح عند أصحاب الشافعي. وقال كثير من متأخري أصحابنا: ليست سنةً راتبة، بل مستحبة] اهـ.
[2] وابن قدامة يقول في "المغني": "فأما الصلاة قبل الجمعة فلا أعلم فيه إلا ما روي أن النبي صلى الله عليه وسلم كان يركع من قبل الجمعة أربعاً" رواه ابن ماجه،