Жүктілікті болдырмау үшін хирургиялық бедеулiкті жасатуға (стерилизацияға) шариғат не дейді?
Жүктілікті болдырмау үшін хирургиялық бедеулiкті жасатуға (стерилизацияға) шариғат не дейді?
10 жыл бұрын 21219

Әссәләму ғалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ!
Менің 43 жастағы әпкем бар. Оның 4 баласы бар. Соңғы жүктілігі 8 жыл бұрын болған. Қатты қиналып, ауырсынды. Бірақ аман-есен босанды. ВМС-ті (Внутриматочная спираль) қолдану Исламға теріс болғандықтан, жүктіліктің алдын алатын таблеткалар қабылдауға мәжбүр. Қазіргі таңда, ол әпкеме дәрігерлер стерилизация (тұқымсыздандыру) жасауды кеңес етіп отыр. Стерилизация да Исламға қайшы. Сұрайын дегенім, оның жағдайында стерилизацияға жүгінуге рұқсат па? Өйткені, жасына байланысты, жүктіліктің денсаулығына айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін деген қауіп басым. Ал, гормональдық таблеткаларды қабылдау -  етеккір циклін бұзады, сондықтан оны да пайдалануға мүмкін болмай қалады. Бұнымен қоса, ұзақ мерзім гормональды таблеткаларды қабылдау да дұрыс емес?! М.С.

Уағалейкум ассәләм уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ!

Жүктіліктің алдын алу мәселесі шариғат тұрғысынан қарағанда «халал» және «харам» болып екіге бөлінеді.

1. Халал жолы. Жүктілікті  уақытша  болдырмау тәсілдерін пайдалану жатады. Мысалы, арнайы таблеткалар қабылдау, спираль салдыру (ВМС) т.б. Бұл жерде басты ескерілетін нәрсе - аталмыш препараттардың, пайдаланушы әйел кісіге тигізер зардабының болмауы.Сондықтан, қай-қайсысын болмасын пайдаланбастан бұрын гинеколог дәрігерлермен кеңескен жөн. Және жүктіліктің алды алу – ерлі-зайыптылардың өзара келісімдері бойынша жүзеге асуы тиіс.

2. Харам жолы.  Жүктілікті біржолата болдырмау тәсілдерін пайдалану жатады. Дәлірек айтқанда, сіз сұрап отырған хирургиялық бедеулікті (стерилизация) жасату, яғни, адамды қолдап ұрықсыздандыру, тұқымсыздандыру шариғатта – харам. Бірақ, кей жағдайларда жүкті болу әйел өміріне қауіпті болуы мүмкін[1]. Мұндай кезде білікті дәрігер мамандардың кеңесіне сүйене отырып, (егер дәрігерлер қажет деп жатса), әйел кісінің өмірін аман алып қалу мақсатында біржолата жүктілікті болдырмау жолына жүгінуге рұқсат[2].

Сұрағыңыздан байқағанымыздай,  әпкеңіз «спираль салдыру» (ВМС - внутриматочная спираль)  тәсілін қолдануға мүмкіндігі жететінге ұқсайды. Спираль салдыру (ВМС) Исламға теріс емес. Сондықтан, бірден «хирургиялық бедеулік әдісіне»  жүгінбестен, егер денсаулыққа зиыны болмаса, спираль салдыру не басқалай уақытша жүктілікті болдырмау жолдарының бірін пайдаланғаны абзал деген пікірдеміз

[1] http://www.fiqhacademy.org.sa/qrarat/5-1.htm; Проф.Доктор У.Зухайли – әл-Фиқһул Исләми,4-том/2648 бет, « الإعقام أو التعقيم».   
[2] Мысалы, дәрігерлердің  айтуы бойынша жүрек ақауының (порок сердца) ауыр түріне шалдыққан әйел адамдарға жүкті болуға мүлдем тыйым салынады. Өйткені мұндай жағдайдағы жүктілік  әйелдің де, іштегі баланың да өліміне алып келеді.  Сондай-ақ, өкпе ауруларына шалдыққандарға да жүкті болуға тыйым салынады. Себебі, жүктілік кезінде, іштегі балаға ауа жетпей, оның шетінеуіне алып келеді екен. Егер жедел түрде дәрігерлік көмек көрсетілмесе, жүкті әйелдің өзі көз жұмуы әбден мүмкін. Бұнымен қатар, аутоиммун сырқаттары, эпилепсия сынды аурулармен ауыратындарға да дәрігерлер қатаң түрде жүкті болудан тыйяды. [http://nmedicine.net/; http://mama66.ru/pregn/200]

Абдусамат Қасым