Ислам діні «допинг» қабылдауға қалай қарайды?
Ислам діні «допинг» қабылдауға қалай қарайды?
5 жыл бұрын 4016

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Спортспендер қабылдайтын «допингке» Ислам діні қалай қарайды? Оның адамға пайдасы бар ма? Рақмет. Серікжен   

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Серікжан, бәріне белгілі болғандай, допинг - спорт жарыстарында жақсы нәтижеге қол жеткізу мақсатында жасырын қолданылатын препарат. Мұндай препараттар адамның  жүйке жүйесі мен эндокриндік жүйесінің белсенділігін уақытша арттырып, күшіне күш қосады.

Ал, енді оның медициналық тұрғыда адам денсаулығына алып келер зардабын айтпағанның өзінде, оны қолдану жарысқа қатысушы спортшылар арасында қиянатшылдық тудырары даусыз. Әр спортшының төккен маңдай тері мен адал еңбегі сынға түсіп жатқан тұста, әлдекімнің айлакерлікпен жоғарғы нәтижеге қол жеткізуі - әділетсіздік. Пайғамбарымыз «Кім бізді алдаса, ол бізден емес»[1], - деген. Басқа бір хадисінде: «Зарар тигізуге де, зарарға зарармен жауап беруге де жол жоқ», – дейді[2]. Яғни, өзінің пайдасы үшін, өзгенің құқын бұзуға болмайды.

Мұндай әбес әрекеттер спорт ойындарының дамуына да кедергісін келтірері анық. Сондықтан да, онымен күресу үшін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) құрылған.  

Ендеше, аталмыш препараттың медицина тұрғысынан спортшының өзіне зиян, ал, моральдық тұрғыда өзгелерге жасалған қиянат болып табылатындықтан қазіргі дін мамандары «допинг қолдану – шариғатқа қайшы» деп отыр. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Сахих Муслим من غشنا فليس منا
[2] Муатта Имам Мәлик, Бабуль ақзия - №1461-хадис.

Абдусамат Қасым