Құранға байланысты күмәнім бар...
Құранға байланысты күмәнім бар...
8 жыл бұрын 9978

Әссәләмуғалейкум! Сұрағым біртүрлі болса, кешірім сұраймын. «Ауруын жасырған өледі» дейді. Менің ойыма Құран жайлы күдік туындайды. Одан арыла алмай қатты қиналып кетемін. Жалпы мұндай жағдайлар бола ма? Діннен шығып кеткен жоқпын ба? Анон

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, ондай ойға деген іштей наразылығыңыз - Құранға деген иманыңыздың нышаны. Әлгіндей, келіп-кететін ойларға адам діннен шықпайды. Маңыздысы - іштей  қостап тұрмаса болғаны. Өйткені, сахих бір хадисте сахаба Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді:

«Бір топ сахаба Пайғамбарымызға (с.а.у) келіп:

- Уа, Алла елшісі! Ойымызға кейбір айтуға тіл бармайтын нәрселер келеді!», – дейді. Алла елшісі олардан:

- Ондай ойларға разы емессіңдер ме? (немесе ол ойлардың құптарлық ой емес екенін білесіңдер ғой)», – деп сұрайды. Әлгі сахабалар:

- «Иә», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз:

- «Бұл нәрселер – иманның кәмілдігінің белгісі», – деді. [Әбу Дәуід: әбуәбун Нәум – №5111 хадис].

Осы хадистен де байқағанымыздай, келіп-кететін жаман және күпірлік ойлар жүрекпен құпталмайынша, іштей мақұлданбайынша залалы жоқ. Сондай-ақ, ондай ойдан өзін тыюға тырысуы имани кәмілдіктің белгісі. [Алиул Қари, Мирқат: «Китабуль Иман».].

Құрметті сауал жолдаушы, Құран Кәрімнің күні бүгінге шейін бір әріпі өзгермей келе жатқандығының өзі адамға сенімділік тудырады. Өйткені, Жаратушымыз: «Құранды біз түсірдік, оны қорғайтын да өзіміз», - деген. (Хижр сүресі, 9-аят). 

Бұнымен қатар Құран Кәрімге ұқсас әлі күнге шейін ешкім кітап жазып шығарған емес. Алла тағала Құранда былай дейді: «Осыған ұқсас бір сүре болсын, алып келіңдерші». (Юнус сүресі, 38-аят). О баста Хижаз жерінде әдебиет пен шешендік өнерінің шарықтап тұрған дәуірде араб мүшріктері Құранға ұқсас бір туынды жарыққа шығара алмаған. Олар дәрменсіздіктерінен «Мынауың анық сиқыр» деген де қойған. (Ахқаф сүресі, 7-аят). Мұның өзі Оның Құдіреті шексіз Жасағанның кәләмі екендігін айғақтайды.

Құранның тағы бір қасиеттілігі: кірленген жүректі тазалап, ішкі жан дүниені ретке келтіріп отырады. Тіпті, мағынасын түсінбеген адамның өзі дауыстап Құранның біраз парағын оқығаннан кейін, іштей рахаттық пен көңіл тыныштығын сезеді. Өйткені, Алла тағала: «Құран – көңілге шипа» деген. (Юнус сүресі, 57- аят). Адам баласы жазған әдебиеттердің ішінен мұндай дәтке қуат (жүрекке зарядка) болар туынды табу қиын.

Және бір айта кететін нәрсе, әлдекімнің бойына жын кіріп, жынданған уағында ондағы әзәзілді Құран оқу арқылы шығарып жатады. Ал, енді ондай жағдайда әлемдегі ең үздік деп танылған әдеби туындының қай-қайсысы болмасын, қауқарсыз. Әрине, Құранды тек жын шығаратын құрал ғана деп ойлап қалмау керек. Онымен ғана шектеп қою қате.  Біз мұны мысал ретінде айтып отырмыз. 

Құрметті сауал жолдаушы, Құрандағы кейбір дүниелердің қазіргі ғылыми жаңалықтармен ұштасып жатқандығын айтпағанның өзінде, осындай қарапайым нәрселерге қарап, Құран Кәрімнің ерекше бір қасиетке ие екенін құптамау мүмкін емес. Ал, ғылымның енді қолы жетіп отырған кей ғылыми жаңалықтардың Құранда орын алуы өз алдына үлкен ұлықтықтың белгісі. Он төрт ғасыр бұрын әлі адамдар оқу-жазуды дұрыс білмей жүрген кезде түскен Құранда осыншама даналықтар қайдан болуы мүмкін?...

Құран Кәрімнің артықшылығын айта берсек көп. Оның Алла сөзі екендігі жайында және қияметке шейін жалғасатын Пайғамбарымыздың мұғжизасы екендігіне байланысты көптеген жазбалар жарық көріп, көптеген еңбектер басылып шығарылған.

Сөз соңында сізге айтарымыз: ойыңызға әлгіндей жаман, күдікті ойлар келе қалған жағдайда оны шайтанның азғыруы деп біліп, «әғузуді» айтыңыз. Құранның артықшылықтарын ойлап, ақыл жүгіртіңіз. Онымен қоса, Құранның қасиеттілігін айғақтайтын көптеген ғылыми бейнежазбалар жарық көруде. Соларды көрудің өзі көкейдегі күдікті сейілтуге көмекші.

Алла тағала баршамызды тура жолдан айырмасын. Әлхамдулиллаһи раббил аләмин.    

Абдусамат Қасым