Болашақ серігімнен көркем мінезді болуын мәһр (неке сыйы) ретінде сұрасам бола ма?
Болашақ серігімнен көркем мінезді болуын мәһр (неке сыйы) ретінде сұрасам бола ма?
8 жыл бұрын 5732

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мәһр міндетті түрде материалды түрде болуы шарт па? Болашақ серігімнен көргем мінезді, тақуа күйеу болуын сұрап, соны мәһрге жатқызуға бола ма? Немесе айына бір рет гүл сыйлап жүруін сұрауға бола ма? Г.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзһабы бойынша мәһр ретінде тек мал-мүлікке жататын заттар беріледі. Құранда Ниса сүресінде: «...Бұлардан өзгелерді нәпсі әуестік жолмен емес, мал (дүние) беріп алуларыңа рұқсат..»[1], – дей келе, Жаратушымыз мәһр ретінде мал-мүлікке жататын заттарды ғана беруімізді бұйырып тұр[2].  Адамның мінез-құлығы мал-мүлік санатына жатпайтындықтан, оны мәһр ретінде есептеуге болмайды.

Осы тұрғыда мынаны да айта кетелік, қызға берілетін мәһрдің құны ең аз дегенде 10 дирһам күміс ақша мөлшерінде болуы тиіс[3].  Мәһрдің ең аз мөлшерін ардақты Пайғамбарымыз мына сөзімен бекіткен: «... он дирһамнан кем мәһр жоқ..»[4]. 10 дирһам дегеніміз шамамен 30-35 грамм күміске тең[5].

Мәһрге қатысты толық мәліметті мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/questions/januya/neke/mahrdin-neke-syiy-qandai-sharttary-bar-683/#gsc.tab=0 

[1] Ниса – 24аят.
[2] Маусули, әл-Ихтияр – 3/89 -бет.,
[3] Әл-Биная шарһуль хидая – 5/131 бет.
[4] Даруқутни сүнәні; Бәйһақи.
[5] Әлемдік биржада 2016 жылдың тамыз айындағы 1 грамм күмістің бағасы (~ 212 теңге). http://www.zeket.org.kz

Абдусамат Қасым