Жүннен тоқылған шұлыққа мәсих тартуға бола ма?
Жүннен тоқылған шұлыққа мәсих тартуға бола ма?
8 жыл бұрын 8532

 Әссәләмуғалейкум, ұстаз! Жүннен тоқылған шұлыққа мәсих тартуға бола ма? Сұлтан Уәйс Маманов

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Хадистерде Пайғамбарымыз (с.у.а.) дәрет алғанда шұлыққа мәсих тартқандығы риуаят етіледі. Хадистің арабша мәтінінде «жәураб» деп келеді. Ханафи ғалымы Бәдруддин Айни (Хижри 555 ж.) жәурабқа былай деп анықтама берген: «Жаураб – ол, Сирия өңіріндегі халықтың қатты суық кезде киетін киісі. Ол иірілген жүннен алынады (тоқылады). Оны аяққа тобықты жауып тұратындай етіп, киеді»[1].    

Ендігі жерде, Ханафи ғалымдары жүннен тоқылған шұлыққа мәсих тартуға болады дейді. Тек, аталмыш шұлық мына талаптарға сай болуы шарт:

  1. Бір "фарсах", яғни, он екі мың қадам жүруге шыдас беретіндей қалың болуы тиіс (12 мың қадам: 3 мил. Шамамен 4-5 км).  
  2. Аяққа кигенде балтырға байланбай, ештеңенің көмегінсіз өздігінен бекем киіліп тұратындай болуы керек. Бұл - шұлықтың қалың екендігінің белгісі;  
  3. Астыңғы жағы көрінердей және дымқылдықты өткізетіндей жұқа болмауы ләзім[2]. 

Шафиғи мәзхабында шұлыққа мәсих тарту үшін:

Біріншіден, жүруге шыдас беретіндей қалың және тығыз болуы керек.

Екіншіден, табан жағы қайыстан болуы шарт. 

Аталмыш екі ерекшеліктің бірі болмаған жағдайда, кәдімгі мата сияқты жерде жүруге шыдас бермейтіндіктен, оған мәсих тартуға рұқсат жоқ[3].  

Ханбали мәзхабында шұлыққа мәсих тарту үшін:

Біріншіден, аяғы көрініп тұрмайтындай қалың, тығыз; 

Екіншіден, аяқ киімсіз шұлықтың құр өзімен жерде жүруге болатындай ерекшелікке ие болуы керек. Яғни, шұлықтың құр өзімен жүргенде аяғынан түсіп қалмай бекем тұрып, бүріліп, жиырылып қалмайтындай мығым болуы тиіс[4]. 

Қорытынды: 

Пайғамбарымыздың заманындағы шұлық қазіргі таңдағы жұқа әрі үлбіреген шұлықтар секілді емес-тін. Жүннен тоқылған тығыз әрі қалың еді. Жұқалығынан бүріліп, жиырылып тұрмайтын, майысқыш емес, аяқта өздігінен бекем тұратындай мығым болатын. Қалың, әрі тығыз болуының арқасында тау-тас демей құр өзімен жүре алатындай ерекшелікке ие еді.

Пайғамбар заманындағы шұлықтың бұл ерекшелігін назарға ала отырып, ертеректегі мәзхаб ғалымдары шұлыққа мәсих тартуға болады деуіміз үшін, белгілі қашықтыққа жүруге шыдас беретіндей болуы керектігін шарт қосқан. Ханафи ғалымдарының да ең басты назар аудартқан нәрсесі де осы: ең аз бір фарсах қашықтыққа, яғни, 12 мың қадам жүруге шыдай ма жоқ па? Мақта яки жібек матадан тігілген шұлықтардың мәсих тартуға жарамсыз болуының ең басты себебі осы делінген ханафи кітаптарында.  

Ендеше, біздің қыс мезгілінде киіп жүрген жүннен тоқылған шұлығымыз аталмыш қашықтыққа жүруге шыдас беретіндей төзімді болса, оған мәсих тартуға болады. Шыдас бермесе, мәсих тартуға болмайды.  

Осы тұрғыда мынаны айта кету керек: дәрет алғанда аяқты жуу – негіз. Одан бөлек тек Пайғамбар мәсих тартқан мәсі мен шұлыққа және сол екеуінің ерекшеліктеріне сай аяққа киетін киімдерге мәсих тартумен шектелу керек. Олай болмаған күнде, Құрандағы «аяқты жуыңдар» деген бұйрыққа қарсы келген болып есептеледі. Осыған орай, қазіргі таңда қоғамда белен алған «сәләфизм» бағытындағы кейбір мұсылмандардың хадистегі «шұлық» сөзін тікелей мағынада алып, жұқа шұлыққа мәсих тартулары қателік. Пайғамбар кезеңіне жақын ғасырларда өмір сүрген ешбір «мүжтәһид» ғалым жұқа шұлыққа мәсих тартуға рұқсат бермеген. Өйткені, олар сахабалар дәуіріне жақын ғасырда өмір сүргендіктен Алла елшісінің мәсих тартқан шұлығының түр-сипатын нақты білетін.

Ең дұрысы – Алла аян!


[1] Бәдруддин Айни: Биная – 1/607 бет.
[2] Хашияиту Ибн Ғабидин – 2/196 бет. ; Хидая.
[3] Проф.Доктор У.Зухайли: әл-Маусуғатуль Фиқһия  – 1/429 бет.
[4] Ибн Қудама: әл-Муғни – 1/298 бет.

Абдусамат Қасым