«Тәкбір-тәхрима» алғанда, неге бас бармақты құлақтың сырғалығына тигізеді?
«Тәкбір-тәхрима» алғанда, неге бас бармақты құлақтың сырғалығына тигізеді?
15 күн бұрын 1966

Тәкбір алғанда бас бармақты құлақтың жұмсақ жеріне тигізеді. Ол қайдан келген? Менің есітуім алақан құбылаға қарау керек!

Намаз бастайтын кезде алынатын тәкбірді «ифтитах тәкбірі» дейді. Басқаша атауы - «тәкбір тахрима», яғни, «харам етуші», «тыйым салушы тәкбір» дегенді білдіреді. Бұл дегеніміз, «Аллаһу әкбар» деп намазды бастағаннан кейін, намазға қатысы жоқ іс-әрекеттерден тыйылады деген сөз. «Ифтитах тәкбірін», басқаша айтқанда "тәкбір тахриманы" алатын кезде екі қолды көтеруді қазақша «құлақ қағу» деп атайды.

Неге бас бармақты құлақтың жұмсағына тигізеді?

Ифтитах тәкбірінде ер кісілер алақандарын құбылаға қарата, екі қолды бас бармақтары құлақ сырғалығына қатарлас келетіндей етіп кетеруі – сүннет. Ал, аталмыш сүннетті дәл орындаудың ең жақсы жолы – бас бармақты құлақ сырғалығына тигізу болмақ. Сондықтан да, Ханафи ғалымдары құлақ қаққанда бас бармақты құлақтың сырғалығына тигізуді ұнамды санаған.

Қолдың бас бармақтары құлақ сырғалығының тұсына келетіндей етіп көтеруге қатысты хадистен дәлел келтірер болсақ, хадисші Имам Нәсәийдің хадистер жинағында орын алған деректе Абдужаббар ибн Уәил (р.а) әкесінен мына хадисті риуаят етеді:

«Оның әкесі Алла елшісінің ифтитах тәкбірін орындаған кезін көрген. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.) екі қолын бас бармақтары құлақ сырғалығына тұспа-тұс келетіндей етіп көтерген»[1].

Бұл хадиске Нәсәи өзінің «әс-Сүнәнүл-Күбра» атты еңбегінде «сахих», яғни, «сенімді» деп баға берген[2]. 


[1] Имам Нәсәи, «Ифтитах» тақырыбы:– 365-баб/958-хадис; Әбу Дәуіт, «Сүнән», №724.
[2] «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі», Астана-2016 жыл.

Абдусамат Қасым