Пицца тасушы болып істеймін, арасында халал емес шұжық қосылған пиццалар да бар, оны жеткізіп берудің үкімі қалай?
Пицца тасушы болып істеймін, арасында халал емес шұжық қосылған пиццалар да бар, оны жеткізіп берудің үкімі қалай?
11 күн бұрын 1666

Әссәләәмуъәләйкум уа рохматуллаһи уа бәрокәтуһ! Мен курьер болып істеймін. Пицца тасимын. Сұрағым пиццаға шошқа еті бар шұжық (колбаса) қосылса оны тасуға бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мүмкіндігінше халал белгісі бар пиццерияларда пицца тасушы болып істеген дұрыс. Бірақ халал-харамына аса қатты мән беріле бермейтін қазіргі біздің қоғамда жүз пайыз халал пицца сататын жерлер табу қиын. Табылса да ол жерге жұмысқа қабылдана салуы екі талай. Сол себепті, негізі адал, бірақ құрамы себепті харам үкімін алуы мүмкін кейбір ас түрлерін тасымалдаудың күнәсі болмас. Мысалы: халал емес шұжық қосылған пицца, спирт қосылған торт, желатин қосылған йогурттар мен тәттілер т.б. Қазір өздеріңіз білесіздер, мұндай азық түрлерін әрбір дүкендерде кездестіруге болады. Оларды арнайы экспедиторлар жеткізеді. Егер олардың өзін тасымалдау харам десек, қаншама экспедиторлар мен тасымалдаушы көлік иелеріне қиындық тудырған болар едік.

Оның үстіне, Имам Ағзам Әбу Ханифадан (рахимаһуллаһ) жеткен бір пәтуада: «мұсылман емес кісінің шарабын апарып беруге жалдануға болады» делінеді[1]. Әрине, «арақ-шарап сияқты алкогольді ішімдіктерді тасымалдау халал» демейміз, бірақ негізі адал саналатын, алайда құрамында кейбір харам қоспа қосылған пицца сияқты азық түрлерін тасымалдаудың күнәсі болмас деген ойдамыз. Аллаһу аъләм. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр», 9/562 бет.

Абдусамат Қасым