Шариғат бойынша Діні бөтен адамның Мекке мен Мәдина қалаларына кіруіне тыйым салынған ба?
Шариғат бойынша Діні бөтен адамның Мекке мен Мәдина қалаларына кіруіне тыйым салынған ба?
2 жыл бұрын 4197

Ассаламуалейкум! Шариғатта Ислам дінінен басқа сенімдегі адамдарға Мекке мен Мәдина қаласына кіруге тиым салынған ба? Дәулетбай НҰРДА.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен мына үкімді айта кетелік: Ислам шариғатында діні бөтендердің «араб жазирасы» саналатын жерлерге тұрақтап, ол жерлерді мекен тұтуларына тыйым салынады[1]. Мұнда Ислам ғұламаларының арасында талас жоқ[2]. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Мүшріктерді араб жазирасынан шығарыңдар!» - деп бұйырса[3], басқа бір сөзінде Алла елшісінің (с.а.у.): «Яһуди және христиандарды араб жазирасынан шығарамын, мұсылмандардан басқа ешкімді қалдырмаймын» - дегендігін сахаба Әзіреті Омар ибн Хаттаб риуаят еткен[4]. Ханафи ғұламасы Ибн Һумәм (рахимаһуллаһ) бұған қатысты былай дейді:

«Зиммилер (діні бөтендер) араб қалалары мен ауылдарында (тұрақты түрде) тұра алмайды, алайда бұл үкімнің «араб жазирасына» жатпайтын өзге мұсылман қалаларына қатысы жоқ. Ол жерлерді зиммилердің мекендеулеріне рұқсат»[5].

Мекке мен Мәдина қалалары және олардың территориясы «араб жазирасына» жататындықтан, діні бөтен кісінің аталмыш екі қаланың бірін мекен тұтып, оның тұрақты тұрғыны атануына қақы жоқ. 

Ал енді Шариғатта Діні бөтен адамның Мекке мен Мәдина қалаларына уақытша болса да кіруіне тыйым салынған ба? – дегенге келер болсақ:

Бұны "Мәдина қаласы" және "Мекке қаласы" деп екі қаланы бөле-жара қарау керек.

Мәдина қаласына - сауда-саттық мақсатында немесе елшілік тапсырмамен яки тауар тасымалдау үшін т.б. осыған ұқсас мақсаттарда діні бөтен адамның Мәдина қаласына уақытша кіруіне рұқсат етіледі. Өйткені Әзіреті Омардың халифалығы кезінде кейбір христиан саудагерлері Мәдина қаласына жылына бір рет тауар тасымалдап, сауда мақсатында үш-төрт күнге келіп кететін болған екен[7].  

Ал, Мекке және «харам аймағы» деп аталатын Меккенің төңірегіне діні бөтен адамның уақытша болса да кіруіне байланысты мәзхаб ғұламалары арасында талас бар. Бұған қатысты төрт мәзхаб иелерінің ұстанымы қысқаша төмендегідей:

1) Шәфиғи және Хәнбәли мәзхабы бойынша, мұсылман емес адамның «харам аймағына» (Яғни, Мекке және Меккенің айналасына) қандай мақсатта болса да аяқ басуларына рұқсат жоқ. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей иман еткендер! Мүшріктер – лас. Осы жылдан соң олар «харам мешітіне» жоламасын!» - деп бұйырған[8]. Аяттағы «Харам мешітіне...» деген сөз – Меккенің айналасындағы «харам аймағының бәрін қамтиды» дейді олар.

2) Мәлики мәзхабы бойынша Мекке қаласына басшының рұқсатымен кіруіне болады, бірақ «харам мешітіне» кіруіне болмайды.

3) Ханафи мәзхабы ғалымдары болса, "мұсылман емес адамның Мекке қаласына кіруіне рұқсат, оның шариғи тұрғыда ағаттығы жоқ" деп есептеген. Сондықтан да, біздің мәзхабта діні бөтен адамның Мекке қаласында тұрақты қалмау әрі ұзақ қалмау шартымен, жолшыбай соғып кетуіне рұқсат етіледі. Тіпті діні бөтен адамның «Харам мешітіне» кіруі де әбес емес. Бұған қатысты Имам Құдури (рахимаһуллаһ) былай деп өтеді: «Кәпір адамға бүкіл мешіт атауына рұқсатсыз кіруіне болады. Өйткені Алла елшісі (с.а.у.) Мекке қаласын алған уағында қала жұртшылығына: «Кім Әбу Суфянның үйіне кірсе, ол амандықта. Кім "мешіт харамға» кірсе, ол амандықта. Кім Кағба жапқышына жабысып тұрса, ол амандықта» - деген" дейді ғалым. Осы хадисте әлі мұсылман болмаған Мекке мүшриктеріне «мешітке кірсе...» деп, Меккедегі «Харам мешітіне» мұсылман емес кісінің кіруіне рұқсат екендігін ұғыныдырып тұр[9].

Қорыта айтқанда, діні бөтен адамның Мәдине қаласына уақытша кіруіне болады. Ал оның Мекке қаласына кіруін көпшілік Ислам ғалымдары дінге теріс деп санаса, Ханафи ғалымдары ұзақ қалмау шартымен аталмыш қасиетті қалаға кіруіне рұқсат деген тұжырым білдірген.

Қазіргі таңдағы Сауд Арабиясы заңында діні бөтендердің Мекке қаласына кіруіне тыйым салынады.  

Әлхамдулилләһи раббиль аләмин!


[1] Араб жазирасының барлық аймағында тұруға тыйым салына ма, дегенге Ханафи ғалымдары «бәрінен түгел» деген, ал Шәфиғи мен Хәнбәли ғалымдары аталмыш тыйымның тек «Хижәз» аймағына ғана қатысты дейді. («әл-Мәусуғатуль фиқһиятуль Куәйтия», 3/128 бет.)
[2] Бірақ ескеретін маңызды нәрсе – араб жазирасы деп аталатын аймақта мұсылман емес кісіге тұрақты тұру тыйым салынғанымен, уақытша жүруіне рұқсат етіледі, мысалы, бір жыл. («Әл-Мәусуъатуль Фиқһиятуль Күәйтия», 3/130 бет).
[3] «Сахих Бұхари»; «Сахих Мүслім».
[4] «Сахих Мүслім».
[5] Ибн Һүмәм: «әл-Фәтхуль Қадир».
[6] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр».
[7] Ибн Құдама: «әл-Мұғни».
[8] Құран Кәрім: «Тәубе» сүресі, 28 аят.
[9] Имам Құдури: «әт-Тәжриид», 186 мәселе.

Абдусамат Қасым