Неге етпетінен жатуға болмайды?
Неге етпетінен жатуға болмайды?
10 жыл бұрын 37805

Ассаламуғалейкум! Түнде ұйықтағанда адамға қай жағымен жатқан дұрыс? Оң жағымен бе, сол жағымен бе? Немесе шалқасынан ба, әлде етпетінен бе? Қанат.

Уағалейкум әссалам, Қанат! Пайғамбарымыз (с.а.у) жатар алдында дәретін алып, дұға оқып, оң қолын бетінің астына қойып, оң жағына[1] жататындығы риуаят етіледі[2]. Өйткені, оң жағына жатудың, бір шетінен, денсаулыққа пайдасы болса, екіншіден, ұйқысы сергек болады. Денсаулыққа пайдасы – жүрек пен асқазан адамның сол жағында орналасқантықтан, сол жағына жатқан адам ол екеуін жаншып жатады. Бұл оған зиян тигізуі мүмкін. Алайда, бұл сол жаққа мүлдем жатуға болмайды деген сөз емес.

Шалқасынан жату жайына келер болсақ, бұған да рұқсат. Себебі, Пайғамбарымыздың да (с.а.у) шалқасынан жатқандығы жайлы жазылған хадис кітаптары бар[3].

Ал етпетінен жату – мәкрүһ. Ардақты Пайғамбарымыз бұлай жатуды қош көрмеген. Бұл жайында сахаба Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Мен етпетінен (ішіммен) жатқан едім. Пайғамбарымыз қасымнан өтіп бара жатып мені аяғымен түртіп: «Уа Жүнәйтаб! Мына жатыс тозақылардың жатысы», – деді»[4].  

Тағы бір хадісте сахаба Әбу Хурайра да:«Алланың Елшісі (с.а.у) етпетінен жатқан бір кісіні көріп былай деді: «Мына жатыс Аллаға ұнамайтын жатыс»[5], – дейді.

Етпетінен жатудың денсаулыққа да тигізетін кері әсері бары айтылады медицина мамандары тарапынан. Испания сексопатологтарының зерттеу қорытындылары бойынша, етпетінен жату еркекке де, әйелге де жыныстық келеңсіздік тудырады.

Сондай-ақ, бет-ажарының жастығын сақтағысы келетіндерге де етпетінен жатпауды кеңес береді. Өйткені, етпетінен жатқан кісінің бетіне әжім тез түседі екен. Осыны білген жапон қыздары етпеттеп емес, көбіне шалқасынан жататын көрінеді.

Ендеше, аталмыш хадистерді назарға ала отырып мамандар «оң жағына жату – сүннет, сол жағына және шалқасынан жату – рұқсат,  ал етпетінен жату – мәкрүһ» деген тұжырым жасаған.

[1] Асқалани, Фатхуль Бари – 5955 хадис түсіндірмесі.
[2] Бухари, Китабуд Дағауат, 5956-хадис.; Муслим – (683) 1101.; Нәсәий, Китабус Сиям – 2367.
[3] Бухари, Китабул Либас, Бабуль Истилқа – 5624.
[4] Ибн Мәжә, Китабуль Әдәб – 3224.
[5] Тирмизи, Китабуль Әдәб – 2768 хадис.

Абдусамат Қасым