Түсі өзгерген сумен дәрет алуға бола ма?
Түсі өзгерген сумен дәрет алуға бола ма?
8 жыл бұрын 2331

Ассалаумағалейкум! Біздің қалада кейде шүмектен қоңыр түсті  су ағады. Амал жоқ сол сумен дәрет алып, ғұсылданып жатамыз. Сіздерден сұрайын дегенім, сол су дәретке жарамды ма?  Әділ, Актау.

Ханафи фиқһ кітаптарындағы мәлімет бойынша, егер суға таза (нәжіс емес) қатты зат араласып, су өзіне тән табиғатын, болмысын (яғни, өзіне тән сұйықтығы мен сылдырлығын) жоғалтпаса, мұндай су дәретке жарамды. Ал, араласқан қатты зат судың болмысын өзгертсе, ол су дәретке жарамсыз. Өйткені, су өзінің «су» атауын жоғалтып отыр. Мысалы, суға көп топырақ араласып, су батпаққа айналғаны сияқты. Немесе көп мөлшерде әк қосылғаннан кейін, су «әк суға» айналғаны секілді. 

Сонымен қатар, өзіне тән иісі, дәмі және түсі бар әлдебір таза сұйық зат суға араласқан жағдайда, қараймыз: егер араласқан сұйық заттың үш сипатының ең кемі екеуі (мысалы, түсі мен дәмі) суда байқалса, ол су дәретке жарамсыз. Ал, бір ғана сипаты байқалса (мысалы, түсі) ол сумен дәрет ала беруге болады. Бұл үш сипаты бар таза сұйық заттарға қатысты. (Үш сипаты: иісі, дәмі және түсі).

Ал, екі сипаты бар таза сұйық заттар суға араласқан жағдайда, суда оның бір ғана сипаты байқалса, ол сумен дәрет алуға болмайды. Мысалы, сүттің иісі жоқ, бірақ дәмі мен түсі бар. Енді, сүт суға араласқан жағдайда түсі немесе дәмі сезілсе, ол су дәретке жарамсыз[1]

Ендеше, осы негізде айтар болсақ, қалалық жерлерде шүмектен аққан қоңыр түсті су өзіне тән сұйықтығы мен сылдырлығын жоғалтпағаны үшін, ол сумен дәрет алып, ғұсыл құйына беруге болады.


[1] Имам Шүрунбүләли: «Имдәдуль Фәттәх». 41 (43) бет; Дамад Эфенди Абдуррахман ибн Мұхаммад: «Мәжмәъуль Әнһур» – 1 том. 44 бет. «Дәруль Кутубиль Илмия». Бейрут-Ливан. 1997 ж.; Имам Маусули: «әл-Ихтияр ли-тәълилиь Мұхтәр» – 1 том. 65 бет. «Дәрур Рисәләтиль Аләмия». Рияд-Сауд арабиясы. 2009ж.

Абдусамат Қасым