«Мұсылмандар ғылымға қарсы, олар ғалымдарды өлтірген» дейтіндер бар. Бұған не дейсіз?
«Мұсылмандар ғылымға қарсы, олар ғалымдарды өлтірген» дейтіндер бар. Бұған не дейсіз?
8 ай бұрын 2616

Қазір әлеуметтік желілерде, дін қараңғылық, дін ғылымға қарсы, тарихта мұсылмандар ғалымдарды өлтірген деген сияқты сөздер жиі айтылып жатады. Соған не дер едіңіздер? Азамат.

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму алә Расулиллә.

Құрметті сауал жолдаушы, «мұсылмандар білім адамдарын өлтірген», «Ислам білімге, ғылымға қарсы» деген сөздерді Исламнан және Ислам тарихынан хабары жоқ адам айтуы мүмкін немесе әдейі елді діннен суыту үшін дін дұшпандары айтуы мүмкін.

Ұзаққа бармай-ақ, өзіміздің Әбу Насыр әл-Фәрәби бабамыздың өмірбаянын алалық. Егер Ислам мен мұсылмандар ғылымға және ғылым адамдарына қарсы болғанда, Ислам байрағының шарықтап тұрған шағында әрі Ислам дінінің орталығы саналған Сирия жерінде Әбу Насыр әл-Фәрәбиді жергілікті әмірші Сұлтан Сайфуддаулә әл-Хамдәни өз қамқорына алып, оған өлелгенше қазынадан арнайы айлық тағайындамас еді. Мәліметтерге қарағанда Сұлтан Сайфуддаулә әл-Фәрәбиге күніне 4 алтын динар ақша беріліп тұруын бұйырған. (Әбу Нәсыр әл-Фәрәби қарапайым өмір сүруді жақсы көргендіктен 4 динардан артық алмайтын болған).

Және де егер Ислам діні ғылымға қарсы болғанда, мұсылмандар әлемнің жарымын билеп тұрған шақта, Аббасит халифасы Харун Рашид пен оның баласы халифа әл-Мәмун әлемдегі ең үлкен кітапхана саналатын - «Даналық үйі» (Бәйт әл-Хикма) атты кітапханасын құрмас еді. Харун Рашид «Даналық үйін» тұрғызғаннан соң, жән-жақтан ғылыми қолжазбалар мен кітаптарды алдыртып, оларды араб тіліне тәржімалатады және тәржіма ісінің басына Юханна ибн Мәсуә есімді христиан ғалымды тағайындайды. Егер мұсылмандар ғылымға қарсы болса, неге христиан ғалымды білім ордасының басшысы қылып тағайындаған? 

Егер, Ислам діні мен мұсылмандар ғалымдарды жақтырмайтын болса, неге халифа әл-Мәмун «Даналық үйінде» қызмет жасайтын аудармашылар мен ғылыми зерттеушілердің жалақысын 300 мың алтын динарға дейін көтерген? Ойлап қараңызшы, 300 мың алтын динар! Әлемнің қай елінде ғалымдарға 300 мың алтын берген еді? Тіпті тарихшылардың айтуларына қарағанда, халифа әл-Мәмун бір ғалымның аударған немесе жазып шығарған ғылыми кітабын таразыға тартады екен де, кітаптың салмағы қанша шықса, соншалықты ауырлықта алтынды ғалымға беретін болған екен. Әлемнің қай елінде осылай ғалымдарды қолпаштаған еді? 

Егер, Ислам діні мен мұсылмандар ғылымға қарсы болғанда «мұсылмандық ренессанс» тумас еді.

Егер, Ислам діні ғылымға қарсы болғанда, тарихта ең алғашқы университет болып есептелетін «Қарауин университеті» ашылмас еді (858 жыл). Бұл университетте Рим Папасы Сильвестр ІІ. Герберт Орильяский, Моисей Египетский, Ибн Халдун, Ибн Рушд сынды тарихи тұлғалар оқып шыққан. Егер мұсылмандар ғалымдарды өлтірген болса, ол университетте Рим Папасы не істеп жүр?

Бүкіл әлем жер тегіс деп жүрген шақта, хадисші және тәпсірші ғалымдарымызға дейін жердің домалақтығын айтып, ол жайында кітаптарында жазып кеткен. Х-ХІ (10-11) ғасырда өмір кешкен Ислам ғалымдары жердің домалақтығын Коперниктен 500 жыл бұрын айтқан болатын. Олар ғылымды, соның ішінде астрономияны оқымаса, жердің домалақтығын қайдан білді? Айта берсек көп.

Құранда Алла Тағала: «Алладан ең қатты қорқатындар - ғалымдар!» деп ашық айтады1. Басқа аятында: «Білгендер мен білмегендер тең бе?!» дейді2. Енді осындай Құран аяттары тұрып және пайғамбарымыздың хадистері тұрып, қалайша мұсылмандар ғалымдардың өміріне қастандық жасауы мүмкін?

Сондықтан да, "Ислам діні ғылымға қарсы, мұсылмандар ғалымдарды өлтірген" деген сияқты алып-қашпа әңгімелердің бәрі шындыққа жанаспайтын, діннен суыту үшін әдейі айтылатын бос әңгімелер. Ойланған адамға мұнда ғибрат бар! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  «Фатыр» сүресі, 28 аят.
2  «Зүмәр» сүресі, 9 аят.

Абдусамат Қасым