Мен түсімде жиі сұр жылан көремін. Үнемі бір жыланды көремін, түсі де сол. Біресе сол жылан үйдің ішінде жатады, біресе құдықта жүреді. Сол нені білдіреді екен?... Ұлжан.
Түсінде жылан көрсе, ол нені білдіреді?
|

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулиллә.
Құрметті сауал жолдаушы, түсінде жылан кірсе, ол «дұшпан» делінген кітаптарда. Бірақ, кейде жылан билікке қол жеткізетіндігін және балалы болатындығын да білдіруі мүмкін екен. Сондай-ақ, кейде жылан су мен селді де білдіреді. Бұған қатысты атақты түс жорушысы Мұхаммед ибн Сирин (рахимаһуллаһ): Жыландар – негізінен дұшпанды білдіреді. Себебі, Ібіліс Адам атаны азғыру үшін жылан арқылы барған болатын" дейді ғалым. Ал "дұшпандығы қаншалықты көлемде?" дегенге қатысты Ол (Ибн Сирин): "Дұшпандығы – түсінде көрген жыланның залалдығының көлеміне, денесінің үлкен-кішілігіне және уының күшіне қарай әртүрлі болып келеді" дейді.
Төменде Ибн Сириннің "Тәфсируль Әхләм" ("Түстердің жорамалдары") атты кітабында келтірген болжамдарының біршамасын беріп өттік:
1) Кім түсінде жыланмен арпалысса, дұшпандарымен арпалысатындығын білдірмек.
2) Кім түсінде жыланды өлтірсе, дұшпанын жеңетіндігіне ишара.
3) Түсінде жылан шақса, дұшпанынан оған бір ұнамсыз тірлік жасалатындығына жорамалданады. Ибн Сирриннің тілімен айтқанда: "Егер түсінде жылан шақса, онда оған дұшпанынан дәл сол шаққанының ауырлығындай ұнамсыз іс келеді".
4) Кім үйіне жыландардың кіріп, еш залал тигізбей шығып кеткенін көрсе, бұл - туыстарының арасында бұған дұшпан болып жүргендер бар екендігін білдіреді. Ал жыланды үйінен тыс жерде көрсе, бұл - дұшпандарының бөтен адамдар екендігін білдірмек.
5) Түсінде бір жыланның жоғарыдан құлап өлгенін көрсе, сол жердің басшысының өлетіндігіне ишара.
6) Кім түсінде бақшасының жыланға тола екендігін көрсе, ол - бақшасының өнімге тола болатындығын білдіреді.
7) Кейде жылан әйел затына да ишара болуы мүмкін екен. Мысалы, кім төсегінде жыланды өлтіргенін көрсе, әйелінің қайтыс болатындығын білдіреді-мыс.
Осыған қатысты мынада оқиға баян етілген: Атақты түс жорушы Ибн Сиринге (р.а.) бір жігіт келіп: "Түсімде бір жылан шапшаң жорғалап бара жатыр екен, мен оның соңынан ілесіппін. Бір кезде жылан ініне кіріп кетті. Мен қолымдағы күректі ініне қойдым", - деп айтады. Ибн Сирин оған: "Бір қызға айттыратын ба едің?" - деп сұрайды. Жігіт:"Иә", деп жауап береді. Сонда Ибн Сирин (р.а.) оған: "Сен ол қызды аласың, бірақ ол қыз қайтыс болады, оның артынан саған көп мұра қалады", - деп түсін жорып беріпті. Жігіт расында да айттырғысы келген қызды айттырып, жар қылып алады, алайда зайыбы қайтыс болып, артында жеті мың дирһам күміс қалдырған екен
8) Түсінде жыланның етін жеу – дұшпаннан келетін мал-мүлікті, cондай-ақ, қуаныш пен бақытты білдіреді екен.
9ّ) Егер түсінде жыланды екіге бөліп тастаса, дұшпанынан әділдік алады (кегін алады).
10) Егер түсінде жылан оған жұмсақ әрі мейіріммен тіл қатса, өңінде елді таңқалдыратын игілікке жетеді.
11) Егер түсінде өлген жыланды көрсе, бұл – Алланың өзі, адамның әрекетінсіз-ақ дұшпанының жамандығынан сақтайтындығына ишара.
12) Түсінде көрген ақ жыландар – ең қиын жауларды, ал қара жыландар – олардың ең қауіптісін білдірмек.
13) Егер түсінде бірнеше үлкен қара жыланға иелік еткенін көрсе, ол әскер басқарып, үлкен патшалыққа қол жеткізеді.
14) Егер адамға бағынатын, зиянсыз, терісі жылтыр жыланды тапса, патшалардың қазынасынан бір байлыққа кезігеді. Мұндай жылан кейде адамның бақ-дәулетін де білдіруі мүмкін.
15) Кім түсінде жыланды көзбен көрмей тұрып қорықса, бұл – дұшпанынан аман болатынының белгісі. Ал кім оны көріп қорықса, бұл – өңінде бір нәрседен шынайы қорқатындығын білдіреді.
16) Түсінде жыланның ер адамның жыныс мүшесінен шығуы – балалы болатынын білдіреді.
17) Кім үйіне жылан кіргізсе, оған дұшпаны жамандық ойластырады.
18) Кім түсінде жыланды ұстап алғанын көрсе, Алла Тағаланың «Ұста оны, қорықпа!» (Таһа сүресі, 21-аят) деген сөзіне сай, олжалы болады.
19) Түсінде кішкентай жылан көрсе, ол – бала дүниеге келетінін білдіруі мүмкін.
20) Егер базарда жыландардың бір-бірімен шайқасып жатқанын көрсе, соғыс болып, (түс көруші жақ) дұшпандарды жеңеді. `Жылан – дұшпандығын жасырып жүрген билік иесін, сұлтанды білдіруі де ықтимал).
21) Егер түсінде еркектік мүшесінен жылан бір шығып, бір кіріп жатқанын көрсе, бұл оған (көбіне әйелі тарапынан) опасыздық жасалатынын білдіреді.
22) Түсінде көрген жылан кейде әйелді де білдіреді. Кім төсегінде жылан өлтіргенін көрсе, әйелі қайтыс болады.
23) Егер мойнына оралған жыланды көріп, оны үш бөлікке кесіп тастаса, әйелін үш рет талақ етеді (ажырасады).
24) Түсінде көрген жыланның аяқтары мен азу тістері – дұшпанның күшін және оның айла-шарғысының қаншалықты жаман екенін көрсетеді.
25) Кім түсінде жыланға айналса, оның жағдайы өзгеріп, мұсылмандарға дұшпан болады.
26) Су жыландары – байлықты, ақшаны білдіреді.
27) Егер қалтасынан немесе жеңінен кішкентай ақ жылан көріп, одан қорықпаса, бұл – оның бағы немесе ырысы.
28) Егер артынан еріп келе жатқан жыланды көрсе, дұшпаны оған жамандық ойластырып жүрген болуы мүмкін.
29) Егер жылан алдында жүрсе немесе айналасында жүрсе, бұлар – оның айналасында жүрген, бірақ зиян тигізе алмайтын дұшпандар.
30) Егер жыландардың әр жерде соғысып жатқанын және олардың арасынан бір үлкен жыланды өлтіргенін көрсе, сол жерді (елді) билейді. Егер өлтірілген жылан өзге жыландар сияқты болса, патшаның әскерлерінің бірі өледі.
31) Егер түсінде жыланның биікке өрмелеп бара жатқанын көрсе, (түс көруші) жайлылыққа, қуаныш пен шаттыққа жетеді.
32) Егер жерден шығып келе жатқан жыланды көрсе, бұл сол жерде бір жамандық (азап) болатынын білдіруі мүмкін.
33) Ал іштегі (адамның денесінің ішіндегі) жыландарға келсек, олар – жақын туыстар. Егер мұндай жылан ер кісінің денесінен шықса, бұл – сол кісінің бір жақын туысының басына келетін жамандықтың (қайғы-қасіреттің) белгісі(1).
Әдетте мұндай қорқынышты түстер шайтаннан болып келеді. Сондықтан да, жылан көрген кісі ұйқысынан ояна сала сол иығына түкіріп: «Әғузу билләһи минәш шайтанир ражим» деп айтсын. Мағынасы: "Лағынет шайтанның зиянынан Аллаға сыйынамын!" дегендік.
Оқиғалар
Бір кісі түсінде үйінің жыланға толы екенін көреді. Ол түсін Ибн Сиринге айтқанда, Ибн Сирин: "Алладан қорық, мұсылмандардың дұшпанын үйіңде ұстама!" – деген екен.
Және бір де Ибн Сиринге бір әйел келіп: "Уа, Бәкірдің әкесі (Ибн Сириннің күнниясы)! Бір әйел түсінде екі ін көріпті, олардан екі жылан шығыпты. Сосын екі ер адам келіп, әлгі жыландардың басынан сүт сауып алыпты" деп көрген түсін айтады. Сонда Ибн Сирин: "Жылан сүт бермейді, тек у береді", – дейді де, әрі қарай сөзін жалғап: «Бұл дегенің – әлгі әйелдің үйіне харижиттердің (теріс ағымдағылардың) екі басшысы келіп, оны өздерінің жолына шақырады. Шын мәнінде, олар әйелді екі Шейхты (Әбу Бәкір мен Омарды, Алла оларға разы болсын) жамандауға шақырады", – деген екен.
1Ибн Сирин, «Түстердің тәпсірі». Жылан.