Ірі қара мал егіз туса, не істеу керек?
Ірі қара мал егіз туса, не істеу керек?
6 жыл бұрын 33153

Біздің ауылда таяуда мынадай жағдай болды: бір үйдің сиыры егіз туды. Ертеректе үлкен кісілер «ірі қара мал егіз туса – жаман ырым» деп, «туған төлді ел көзіне көрсетпей көміп тастау керек» дейтін. Дінімізде, шариғатта мұның үкімі қандай? Мұндай жағдайда не істеу керек?

Айдос С., Маңғыстау облысы, Бейнеу кенті.

Айдос мырза, егіз болған төлді жаман ырымға жорымай, Алланың берген ризығы деп білген дұрыс. Егер «бәрібір уызға жарымайды немесе сиырдың сүтіне ортақ болады» десеңіз, көрші-қоланға яки жағдайы нашар жанұяға біреуін тірідей садақа етіңіз. Өзіме қалдырам десеңіз де өз еркіңіз.

Ал оны арам өлтіріп, көміп тастау харам. Біріншіден, Исламда себепсіз ешбір тіршілік иесін өлтіру былай тұрсын, жапа шектірудің өзі дұрыс емес. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) көтеремге айналған арық бір түйені көргенде: «Шағымдануға тілі жоқ жануарларға жапа шектірмеңдер, Алладан қорықсаңдаршы...»[1],деп кейіген екен

Бірде Пайғамбарымыз бір кісінің шарбағында тұрған түйеге көзі түседі. Пайғамбарымызды көрген әлгі түйе жалыңысты үн шығарып, екі көзінен жас аға бастайды. Түйеге жақындап келіп, Пайғамбарымыз жануардың құлақ шекесінен сипалап, түйе тынышталады. Содан Пайғамбарымыз: «Мына түйенің иесі кім?», – деп сұрайды. Сонда бір жас жігіт: «Иесі мен, уа Алланың Расулы», – дейді. «Мына түйені саған мүлік етіп берген Алладан қорықпайсың ба?! «Жем-шөбін бермей болдырғанша жұмысқа салады» деп шағымданып жатыр ғой!», – деп Пайғамбарымыз (с.а.у.) ескерту жасаған екен[2].

Екіншіден, бұзауды құрдан-құр өлтіріп, әлгіндей етін рәсуа ету - ысырап. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеңдер, ішіңдер. Бірақ, ысырап етпеңдер», - деп бұйырады.


[1] Әбу Дәуід, Жихад – 2548 аят
[2] Әбу Дәуд, Жихад – 2549 хадис

Абдусамат Қасым