"Мысық балаң болмасын деп тілейді" деген түсініктің негізі бар ма?
"Мысық балаң болмасын деп тілейді" деген түсініктің негізі бар ма?
6 жыл бұрын 40335

Ассалаумағалейкум! «Жаңадан отау құрған екі жасқа мысықты көп сипалауға болмайды» - дейді.  Көп сипалай берсе жаңа отау құрған екі жасқа мысық: «мені ғана аялаңдар балаларың болмасын» деп тілейді екен. Осы әңгіменің шариғатта негізі бар ма? Бауыржан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ешқандай жан-жануар адам баласына жаман тілектер тілемейді. Ондай тілектер тілеу үшін сана керек, ақыл керек. Ал, оларда ол жоқ. Оның орнына инстинкт берілген.

Шариғатта да мысықтың әлгіндей қарғап жүретіндігіне ишара еткен дерек кездеспеген. Керісінше дінімізде үй ішінде мысық асырауға рұқсат етіледі. Үкімі мубах. Ерікті іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мысықтарды «тәууәф», яғни, "үйдің ішін кезіп жүруші" деп атап, ол тиген ыдыс-аяқтың былғанбайтындығын меңзеген[1].

Мәселен, сахаба Әбу Һурайраның кішкентай мысығы болған. Ардақты Сахаба қайда барса, ол да сонда барып ілесіп жүреді екен. Әбу һурайра оны тамақтандырып, сусын беріп, сипалап, жұмсақтық танытатын көрінеді. Содан оған «Әбу Һурайра», яғни, «марғаудың әкесі» деген күнния берілген делінеді мәліметтерде. (Әбу Һурайраның шын аты-жөні - Абдуррахман ибн Сахр әд-Дәуси болып табылады. Арабтарда «Әбу», «Умму» деп тіркестіріп айтылған қосымша есімдерге «күнния» дейді).

Бір сөзбен айтқанда, әлгіндей түсінік - негізсіз.


[1] Тирмизи: Сүнән - №92 хадис. 

Абдусамат Қасым