Шүкір сәждесі дегеніміз не? Және жасалу жолы қалай?
Шүкір сәждесі дегеніміз не? Және жасалу жолы қалай?
6 жыл бұрын 25237

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Сұрақ: кейбіреулер намаздан соң (салем беріп) қайта сəждеге барып, дұға тілеп жатады жəне «осы жақсырақ» дейді. Себебі (сəждедегі дұға). Осы қаншалықты дұрыс? Бек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Шүкір сәждесі» деп аталатын сәжде түрі бар. Сіздің сұрап отырғаныңыз да сол болса керек. Шүкір сәждесі дегеніміз, көптен көксеп жүрген тілеуіне қол жеткізіп нығметке бөленген кезде (мысалы, үй алғанда, балалы болғанда т.б.), не болмаса, қандай да бір пәле-жаладан, қауіп-қатерден аман қалғанда, яки, ауру-сырқаудан айыққанда т.б. осы сияқты жағдайлардан кейін Аллаға шүкіршілік мақсатында жасалатын өз алдына құлшылық түрі. Шүкір сәждесі – бір сәждеден тұрады. Үкімі – мұстахаб[1].  

Жасалу жолы

Шүкір сәждесі - тиләуәт сәждесі секілді жасалады. Яғни, дәретті болған күйі, әрі әурет жерлері жабық болған күйі құбылаға беттеп, құлақ қақпастан (қолдарды көтерместен) «Аллаһу әкбар» дейді де сәждеге барады. Сәждеде «әлхамдулиллаһ» деп Аллаға мақтау айтады (қосымша қазақшалап шүкір айтса да болады). Артынан үш рет не одан көп «сүбхана роббияль ағля» дейді. Одан соң, «Аллаһу әкбәр» деп сәждеден бас көтереді. Шүкір сәждесі – бір сәждеден тұрады.

Осы тұрғыда, өзіңіз айтпақшы кейбір мұсылмандар шүкір сәждесін намаз аяқталысымен іле-шала жасап жатады. Олардың мұнысын (яғни, шүкір сәждесін  намаз соңында жасауды) ғалымдарымыз «мәкруһ» санаған. Және мұндағы мәкруһ «тахриман», яғни, «харамға жақын мәкруһ» үкімінде[2]. Сондықтан, аталмыш сәжде түрін дәл намаз соңында емес, одан өзге уақыттары жасаған жөн.

Шүкір сәждесінің мұстахабтығына хадистен дәлел келтірер болсақ, сахаба Әбу Бәкра р.а. былай деген:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) қуанышты жағдай туындағанда, немесе бір нәрсемен шүйіншіленгенде Аллаға шүкір ретінде сәжде жасайтын»[3].


[1] Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша, мубах. Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед бойынша, мұстахаб. Бұл мәселеде қос имамның пәтуасы негізге алынған.
[2] Ибн Ғабидин: Радуль Мухтар – 4/608-610 беттер.
[3] Әбу Дәуід: Сүнән - №2774 хадис. 

Абдусамат Қасым