Есімдері «Мұхаммед», «Ахмед» болған адамдар тозаққа тасталмайды дейді. Осы рас па?
Есімдері «Мұхаммед», «Ахмед» болған адамдар тозаққа тасталмайды дейді. Осы рас па?
23 күн бұрын 7055

Ассалаумағалейкүм! Мұхаммед және Ахмад есімді аттар қойылған адамдар тозаққа тасталмайды деген бар. Осы рас па?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сіз сұрап отырған риуаят кейбір кітаптарда келтірілетіні рас. Мысалы, сахаба Әнәс ибн Мәліктен жеткендігі айтылған бір құдси хадисте былай делінеді:

«Екі пенде Алланың алдында тұрғанда, Алла Тағала ол екеуін пейішке кіргізуін бұйырады. Сонда әлгі екеуі: «Раббымыз! Біз қалайша пейішке лайық болдық? Біз пейіштік болатындай ешбір амал жасамадық қой?» - деп сұрағанда, Алла Тағала оларға: «Мен есімі Ахмед және Мұхаммед болған адамды тозаққа кіргізбеймін деп ант еткенмін»,  - деп жауап береді», - делінген.

Бұл риуаяттың «жалған хадистер» категориясына жататындығын бірнеше Ислам ғалымдары айтып кеткен. Мысалы, Имам Суюти өзінің жазған "жалған хадистер топтамасында" аталмыш мәліметті жеткізуші рауилерді талқылай келе, хадиске «мәудуъ», яғни, ойдан шығарылған, жалған хадис деп баға берген[1]. Бұл риуаяттың ойдан шығарылғандығын Ханафи ғалымы Мулла Алиюль Қари да білдірген. Сондай-ақ, мәліметтерге қарағанда, Ханбали ғалымы, хадисші Ибн әл-Жәузи[2] да аталмыш риуаятты жалған хадистер қатарына қойған. 

Қорыта айтқанда, «есімдері Мұхаммед немесе Ахмед болған адамдар тозаққа тасталынбайды» деген мәлімет – хадис емес. Жалған мәлімет. 


[1] Имам Суюти: «әл-Ләәли-уль маснуъати филь-Ахадисиль Маудуъати» - Китабуль мүбтәдә. (97 бет). Оның есесіне Имам Суюути осы кітабында мына келесі риуаятқа қарасты - «Жеткізу жолы (иснәді) жақсы (хасан)» деп баға береді. Ол риуаят былай: «Кімде-кім ұл тауып, оның есімін теберік ретінде Мұхаммед деп қойса, қиямет күні ол және ұлы пейіштік болады». 
[2] Ибн әл-Жәузи Әбуль Фәраж Абдуррахман ибн Әбиль Хасан Али ибн Мұхаммед әл-Құраши әл-Бәкри. Ханбали мәзхабының фиқһшысы. Хадис, кәләм, тарих салаларында еңбек жазған ғұлама. 

Абдусамат Қасым