Құрандағы «Ибраһимнің миллетінен» деген сөзді қалай түсінуге болады? Ол «еврей ұлтынанмын» деген мағынаны білдіре ме?
Құрандағы «Ибраһимнің миллетінен» деген сөзді қалай түсінуге болады? Ол «еврей ұлтынанмын» деген мағынаны білдіре ме?
25 күн бұрын 1730

Сәлеметсіздер ме! Мен мынадай жазба оқыдым, ол жазбада: «Еврей тiлiнде: "Шалом Алейкум"  - мен еврей ұлтынанмын;  "Алейкум шалом" - мен де еврей ұлтынанмын дегендi бiлдiредi. Ал араб тiлiнде: "Ас-саляму алейкум уа баракатух уа рахматуллах" - Мен еврей ұлтынанмын, саған аллаһтың мейiрiмi мен рақымы болсын» - дегендік», - депті. Сосын бір сөзінде: «Мұсылман болсаң қабiрге барғандағы сұрақтардың бiрiндегi "Кiмнiң ұлтынансың?" дегенге беретiн жауабың: "Ибраһим (Авраам) пайғамбардың ұлтынанмын" дегiзетiнi де тегiн емес. Сонда ислам дiнiне сенедi екенмiн деп, қазақ екенiңдi сатып, "еврей ұлтынанмын" демекшiсiңдер ме? Намыс қайда?» - депті. Бұл қаншалықты рас? Расында осындай ма, әлде, бұрмалап тұр ма?

Сәлеметсіз бе!

Қадірменді сауал жолдаушы, сауалыңыздағы мәліметтерді кім айтқан болса да, бұрмалаған немесе білместіктен айтқан.

Біріншіден «әссәләму ғалейкум» деген сөз тіркесіндегі «әс-Сәләм» сөзі – бейбітшілік, есендік, амандық, деген мағыналарға саяды. Сонда, «әссәләму ғалейкум» сөзі – «Сендерге есендік болсын, жамандық болмасын» деген ұғымды білдірмек. Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірі де – әс-Сәләм. Бұл сөздің - «ұлт» сөзіне қатысы жоқ. 

Сондай-ақ, еврей ұлтының дәстүрлі амандасу тәсілі саналатын «шалом алейхем» сөз тіркесінің де түпкі мағынасы: «Сендерге есендік болсын». (ивр. ‏שָׁלוֹם עֲלֵיכֶם‏‎ shālôm ʻalêḵem). Оның да «ұлт» сөзіне еш қатысы жоқ.

Ал, енді: «ас-саляму алейкум уа рахматуллаһи уә баракатух» деген: «Мен еврей ұлтынанмын, саған аллаһтың мейiрiмi мен рақымы болсын» дегендік болмақ» деу – қыпқызыл өтірік.

Екінші мәселеге келелік. Құран Кәрімде «Ибраһимнің миллеті» сөзі орын алған аяттар бар. Мәселен «Нәхл» сүресінде:

«Кейін саған «Ханиф болған Ибраһимнің миллетінің жолына түс» деп, уахи еттік. Ол (Ибраһим) мүшріктерден (пұтқан табынатындардан) емес еді», - делінеді[1].  

Осы және өзге аяттардағы «миллет» сөзі «ұлт» деген емес, «дін», "сенім" деген ұғымда айтылған. (Жазбаның тақырыбы "миллет" сөзі төңірегінде болып отырғандықтан, аяттардың аудармаларында "миллет" деп әдейі түпнұсқасымен беріп отырмыз).

Араб қоғамы пұтқа табынбай тұрып Ибраһим пайғамбардың үйретіп кеткен «бір құдайшылық» сенімін ұстанатын еді. Кейін Амр ибн Ләхәй есімді араб мырзаларының бірі Шам (Сирия) өлкесінен пұт алып келіп, бүкіл Араб жазирасын монетеистік дінінен, политеистік дініне өзгеруіне себеп болған деседі. Осыдан келіп, Құран Кәрімнің бірнеше аятында сол кезеңдегі пұтқа табынушы араб қоғамын, өздерінің атасы Ибраһим пайғамбардың сеніміне қайта оралуына шақырған.

Демек, Құран Кәрімдегі «Ибраһимнің миллетінен» деген сөздің мағынасы: «Ибраһимнің дініненмін, яғни, Алланы бір дейтін, Оған ешкімді серік қоспайтын дінненмін» дегенді білдіреді. Ибраһимнің ұлтынанмын дегенді білдірмейді.

Мысалы, Құран Кәрімде мынадай аят бар:

 وَلَنْ تَرْضَى عَنْكَ الْيَهُودُ وَلا النَّصَارَى حَتَّى تَتَّبِعَ مِلَّتَهُمْ 

«Сен олардың миллетіне ермейіңше, Яһудилер де, Христиандар да саған разы болмайды»[2],

- делінеді онда. Осы аятта «миллет» сөзі «дін» деген ұғымды білдіріп тұр.

Тағы бір мысал. 

«Юсуф» сүресінде Әзіреті Юсуф пайғамбардың өзімен бірге зынданда жатқан тағдырластарына айтқан мынадай сөзі келтірілген:

إِنِّي تَرَكْتُ مِلَّةَ قَوْمٍ لَّا يُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَهُم بِالْآخِرَةِ هُمْ كَافِرُونَ

«Мен Аллаға сенбей, ақыретті жоққа шығаратын қауымның миллетін тәрк еттім»[3].

Бұл аятта да «миллет» сөзі «дін» дегенді білдіріп тұр.

Қорытынды:

Қорытындылай келе айтарымыз, мұсылманша амандасу үрдісі болып табылатын «Ассаләму ғалейкум» сөз тіркесі – «Сендерге есендік, амандық болсын» дегенді білдіреді. Оның «ұлт» сөзімен еш қатысы жоқ. Ал, оны «еврей ұлтынанмын» деп аудару мүлдем ақылға сиымсыз нәрсе.

Сондай-ақ, Құран аяттарында кездесетін «Ибраһимнің миллетіненмін» деген сөйлемді «Ибраһимнің ұлтынанмын» деп түсініп, кейін оны айналдырып әкеліп: «еврей ұлтынанмын дегендік» деп айтуға еш негіз жоқ. Біріншіден, Ибраһим пайғамбар еврей болмаған. Ол Ирак жеріндегі «Бәбилде» (вавилон) дүниеге келген. Құран Кәрімде былай делінеді:

«Ибраһим яһуди де, христиан да емес еді. Ол ханиф сеніміндегі мұсылман еді. Және Ол мүшріктерден болмаған»[4].

Екіншіден, «миллет» сөзі «ұлт» дегенді емес, «дін» деген ұғымға саяды. Сонда аяттағы «Ибраһимнің миллеті» сөзінің мағынасы: "Ибраһим пайғамбардың дініненмін, яғни, оның үйретіп кеткен «монетеизм», «бір құдайшылық» сенім-негізін ұстанамын" дегендік болмақ. Ешқандай тәпсір ғалымы ол сөйлемге «Ибраһимнің ұлтынанмын» деп түсіндірме бермеген. Сол себепті оны "еврей ұлтынанмын дегенді білдіреді" деу бос сөз.

(Осы тұрғыда айта кетелік «Ибраһимнің миллеті» терминінен «Діндер тарихы» (религоведение) пәнінде «авраамдық діндер» (авраамические религии) атауы пайда болған. Оның мағынасы: «монетеистік сенімін ту ететін діндер» дегендік).


[1] «Нәһл» сүресі, 123 аят.
[2] «Бақара» сүресі, 120 аят.
[3] «Юсуф» сүресі, 37 аят.
[4] «Әли Имран» сүресі, 67 аят.

Абдусамат Қасым