Қабірге барғанда Құран оқуға байланысты дәлел бар ма?
Қабірге барғанда Құран оқуға байланысты дәлел бар ма?
3 жыл бұрын 12981 Фото:alashainasy

Әссәләму ъаләйкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ Ұстаз бір кісі6 Мазарат басында қайтыс болып кеткен адамдарға Құран оқуға қандай дәлелің бар, дейді. Құраннан хадистен айтшы, - дейді Мен Құран оқымаймын дейді, тек мазаратқа зиярат етіп барам дейді. Ерғали

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қабірде Құран оқуға байланысты дәлел жоқ деу – бекер сөз. Ислам ғұламаларының басым көпшілігі қабір басында Құран оқудың «мұстахаб» екендігін айтқан. Өйткені ондай амалдың мұстахаб екендігін білдірер көптеген риуаяттар жеткен. Олардың дені әлсіз хадистер болса да, арасында хасан әрі сахих хадистер де бар.

Мәселен, Хадисші Имам Бәйһақидің «Шуъабуль Иман» атты кітабында мынадай риуаят келтіріледі.

وعن عبد الله بن عمر قال : سمعت النبي صلى الله عليه وسلم يقول : " إذا مات أحدكم فلا تحبسوه ، وأسرعوا به إلى قبره ، وليقرأ عند رأسه فاتحة البقرة ، وعند رجليه بخاتمة البقرة "

 (وإسناده حسن كما قال الحافظ في الفتح  رواه البيهقي في شعب الإيمان وقال : والصحيح أنه موقوف عليه)

«Абдулла ибн Омар айтады: Мен Алла елшісінің былай дегенін естідім: «Сендердің біреулерің қайтыс болса, оны сақтап қоймай, тездетіп қабіріне апарыңдар. Және де (қабірінің) бас жақ тұсында «Бақара» сүресінің бастапқы аяттарын оқыңдар, ал аяқ жақ тұсында Бақара сүресінің соңғы аятын оқыңдар»-деді» дейді сахаба[1].

(Имам Байһақи бұл хадиске қатысты: «Дұрысы – хадис сол сахабаға мауқуф етілген» деген. Яғни, мауқуф хадис деп отыр. Имам әл-Асқалани сынды хадисші ғұламалар бұл риуаятқа «иснады жақсы» деп баға берген).  

Аталмыш хадистің сенімділігін қуаттай түсетін басқа бір риуаят Имам Табаранидің «әл-Муъжәмуль Кәбир» атты хадистер жинағында орын алған. Онда былай делінеді: 

ما رواه عبد الرحمن بن العلاء بن اللجلاج، عن أبيه قال: قال لي أبي -اللجلاج أبو خالد-: «يا بني، إذا أنا مت فألحدني، فإذا وضعتني في لحدي فقل: بسم الله، وعلى ملة رسول الله، ثم سن علي التراب سنا -أي ضعه وضعا سهلا-، ثم اقرأ عند رأسي بفاتحة البقرة وخاتمتها، فإني سمعت رسول الله -صلى الله عليه وآله وسلم- يقول ذلك» أخرجه الطبراني في المعجم الكبير، قال الهيثمي: ورجاله موثوقون،

«Абдуррахман ибн Аләә ибн әл-Ләжләж әкесінің былай дегенін жеткізеді. (Әкесі айтады): Әкем (әл-Ләжләж Әбу Халид) маған былай деді: «Ей, ұлым! Егер мен қайтыс болсам, мені лахидке қой (лахид – қабірдің ішкі үйі). Лахидіме қойған кезде: «Бисмилләһи уә алә милләти Расулиллаһ» деп айт. Сосын маған жаймендеп топырақты төк (яғни, қабірімді көм). Одан соң (қабірді көміп болғаннан кейін) бас жағымда Бақара сүресінің бастапқы аяттары мен соңғы аяттарын оқы. Өйткені, мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) солай айтқанын естігенмін» - деп айтқан екен атасы[2].

Бұл хадиске байланысты хадисші ғалым Һәйсәми: «Жеткізуші риуатшылары – сенімді» деген. Оның (р.а.) бұл сөзі хадистің сахих екендігін білдіреді. Сондай-ақ, хадисті риуаят етіп тұрған Абдуррахман ибн Әлә ибн әл-Ләжләжға хадисші ғұламалар «мақбүл» деп баға берген. Тіпті Ибн Хаббан есімді ғұлама оны «сиқа» деп бағалағандығы мәліметтерде бар. Ол - Абдуррахман ибн Әлә ибн әл-Ләжләж әл-Ғатафани деген атпен де белгілі.

Тақырыпқа байланысты тағы бір хадис - Әбуль Қасым Саъд ибн Али әз-Зунжәнидің (р.а.) өзінің «Фәуәид» атты кітабында келтіріледі:

من دخل المقابر ثم قرأ فاتحة الكتاب و﴿قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ﴾ و﴿أَلْهَاكُمُ التَّكَاثُرُ﴾ ثم قال: اللهم إني قد جعلت ثواب ما قرأت من كلامك لأهل المقابر من المؤمنين والمؤمنات، كانوا شفعاء له إلى الله تعال

«Кімде-кім мазаратқа кіргенде, ол жақта «Фатиха» сүресін, «Құл һу Аллаһу ахад» сүресін және «Әл-Һәкумут тәкәсур» сүресін оқыса, кейін артынан: «Аллахым! Сенің кәләмыңнан оқығанымның сауабын осы қабірдегі мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге бағыштадым» десе, ол үшін олар қиямет күні шапағатшы болады (араша түседі)»[3]. (Әлсіз хадис). 

Әбу Дәуідттің «Сүнәнінда» мынадай хадис келтіріледі:

اقْرَءُوا يس عَلَى مَوْتَاكُمْ

«Өлілеріңе «Ясин» сүресін оқыңдар»[4] . (Әлсіз хадис. Хәким "сахих" деген).

Бұл хадис қабірдің басында Құран оқуға да дәлел бола алады.

Ендігі жерде, осы тақырып төңірегінде айтылатын кейбір хадистердің "әлсіз хадистер" болуының әбестігі жоқ. Себебі, шариғатта сауапты істерде әлсіз хадистермен амал етуге болады. Оның үстіне, мұндай риуаяттардың бәрі бірдей топтасып – Қабір басында Құран оқудың дінде негізі бар амал екендігін көрсетеді.

Сондықтан да, Ислам ғұламаларының басым көпшілігі оны мұстахаб амалдар қатарынан санаған. Тіпті, Имам Ахмед ибн Ханбәлдың өзі қабір басында Фатиха, ықылас және фалақ пен нас сүрелерін оқуды кеңес еткендігін Имам Нәуәуи бір кітабында айтады. Ол (Имам Нәуәи) өзінің «Әл-Әзкәр» атты кітабында мынадай мәлімет келтірген:

«Мұхаммед ибн Ахмед әл-Мәрузи айтады: «Мен Ахмед ибн Ханбәлдың былай дегенін естідім: «Қабірге барар болсаңдар, Фатиха сүресін, фалақ пен нас сүресін және «Құл һу Аллаһу ахад» сүресін оқыңдар. Сауабын қабірдегілерге бағыштаңдар. Сауабы оларға барады. Қабірді зиярат етудегі мақсат – барушыға ғибрат, ал зиярат етілгенге (яғни, қабірдегілерге) оның дұғасынан пайда»[5].

Осы ақпарды айтқан Мұхаммед ибн Ахмед деген кісі хадис ғылымында «Садуқ, Хасанул Хадис» деген атаққа ие кісі.

Және де Ханбали мәзхабының ғұламаларының бірі Ибн Құдама «әл-Муғни» атты ауқымды фиқһ кітабында мынадай мәліметпен бөліседі:

«Бір топ жамағат риуаят еткенге қарағанда: Имам Ахмед бір зағип кісіні қабір басында Құран оқудан тыйып: «Қабір басында Құран оқу бидғат» деп айтады. Сонда қасында тұрған Мұхаммед ибн Құдама әл-Жәуһари деген кісі Имам Ахмедке:

- Уа, Абдулланың әкесі! Мүбәшшир әл-Хәләби жайында не айтасың? – деп сұрайды.

Имам Ахмед:

- «Ол – сенімді адам» - деп жауап береді. 

Әлгі кісі:

- Мүбәшшир маған әкесінің былай деп өсиет еткенін айтқаны бар еді: «Қашан мені қабірге қойсаңдар, қабірімнің басында Бақара сүресінің бастапқы аяттары мен соңғы аяттары оқылсын, өйткені, сахаба Абдулла ибн Омардың солай өсиет еткенін естідім» деген екен, - деп, Имам Ахмедке айтады. Сонда Имам Ахмед:

- Жаңағы кісіні кейін қайтар. Оған айт, Құран оқи берсін! – дейді»[6].

Қорыта айтқанда, қабір басында Құран оқып, мархұмдарға сауабын бағыштаудың еш ағаттығы жоқ. Қайта ол - сауапты, ұнамды іс. Дінде негізі бар амал (оған жоғарыдағы риуаяттар дәлел). Ал, ондай амалдың дінде бар екендігіне дәлел жоқ деу асығыс айтылған пікір.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Мулла Алиюль Қари: «Мирқат». №1717 хадис.
[2] Имам Табарани: әл-Мұъжәмуль Кәбир».
[3] Имам Мулла Алиюль Қари: «Мирқат». №1717 хадис.
[4] Әбу Дәуід: «Сүнән».
[5] Имам Мулла Алиюль Қари: «Мирқат». №1717 хадис түсіндірмесі.
[6] Ибн Құдама әл-Ханбәли: "әл-Муғни". Зияратуль Құбур.

Абдусамат Қасым