Намаз оқып тұрғанда, киімге торғайдың саңғырығы тисе, намаз бұзыла ма?
Намаз оқып тұрғанда, киімге торғайдың саңғырығы тисе, намаз бұзыла ма?
4 жыл бұрын 5224

Ассаламуалейкум ұстаз! Намаз оқып тұрғанда денеге не киімге торғайдың саңғырығы түссе, намазды жалғастыра беруге рұқсат па? Жəне далада намаз оқып отырғанда ит келіп қолды жаласа, яғни, сілекейі тисе намазы бұзыла ма? Алтынбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намаз оқып тұрғанда торғай немесе кептер секілді еті желінетін құстардың саңғырығы тисе, намазға зияны жоқ. Оған намаз бұзылмайды. Сөзімізге дәлел келтірер болсақ: 

«Егер, кептер, торғай сияқты еті желінетін құстың саңғырығы тисе, намазы не болады?» деген сұраққа, Имам Мұхаммед (рахимаһуллаһ): «Ол нәрсе себепті намазын қайта оқымайды» - деп жауап берген[1].

(فَإِن أَصَابَهُ خرء طَائِر يُؤْكَل لَحْمه مثل الْحمام والعصفور قَالَ لَيْسَ عَلَيْهِ فِي هَذَا إِعَادَة)

Ендеше, сіздің намазыңыз дұрыс. Торғай не кептердің саңғырығы түскені себепті намазыңыз бұзылмайды. Өйткені, торғай - еті желінетін құстар қатарынан. Оның саңғырығы таза үкімінде.

Мәлімет ретінде айта кетейін, Ханафи фиқһында құстар "саңғырығының нәжістігі" жөнінен екіге бөліп қарастырылады:

  1. Саңғырығын ауада тастамайтын құстар.
  2. Саңғырығын ауада ұшып жүріп тастайтын құстар.

Бірінші топтағы құстардың қағы (саңғырығын ауада тастамайтын құстардың қағы) – ауыр нәжіске жатады. Мысалы, тауық, қаз, үйрек т.б.

Екінші топтағылардың болса, яғни, ауада ұшып жүріп саңғырық тастайтын құстардың еті желінетіндерінің қағы – нәжіс емес, таза[2]. Мысалы, кептер, торғай, сауысқан т.б.

Ал, сұңқар, бүркіт, қаршыға сияқты еті желінбейтін, бірақ ауада ұшып жүріп саңғырығын тастайтын құстардың қағы – кей кітаптарда жеңіл нәжіске жатады дейді[3], кей кітаптарда олардың да қағы таза саналады делінген[4].

"Ендігі жерде, ит жаласа, намаз бұзыла ма?" – деген сауалыңызға келер болсақ, иттің сілекейі алақан ойығындай не одан көп мөлшерде болса, намаз бұзылады. Қайта оқыған дұрыс. Ал одан аз мөлшерде болса, намаз бұзылмайды. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Имам Мұхаммед: «әл-Асл».
[2] Имам Кәсәни: «Бәдәиъу санаиъу».1/366 бет.
[3] Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтар». 2/363 бет.
[4] Имам Кәсәни: «Бәдәиъу санаиъу».1/367 бет; Имам Сарахси: «әл-Мәбсут» - Бәбуль Уду-и уәл ғасл.

Абдусамат Қасым