Мұсылман болмаса да жақсылығы өткен кісі қайтыс болды, артынан дұға етіп тұрсам бола ма?
Мұсылман болмаса да жақсылығы өткен кісі қайтыс болды, артынан дұға етіп тұрсам бола ма?
1 сағат бұрын 107

Ассаламу алейкум, ұстаз!

Бір мұсылман емес кісінің похоронына барған едім. Бұрынғы жұмысымдағы әріптесім. Ұлты – кәріс. Өмірде жақсы адам болған, жанашыр, қамқор аға еді. Қазақша сөйлеп, қазақтың домбырасын серік еткен. Бірақ мұсылман болмай кеткеніне қатты қынжылдым. Мұсылман болмаса да, менің орамалыма тиіскендерге ашуланып, шырылдап қорғайтын. Мені орамалым үшін жұмыстан шығарған кезде де солай болған. Енді ол адамның артынан дұға жасауға бола ма? Болса, не деп, қалай жасауға болады? Назгүл.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Өлгенше мұсылман болмай өткен пенденің артынан дұға жасау жайында Ислам ғұламалары арасында екі пікір бар деуге болады:

Біріншісі: мұсылман болмай дүниеден өткен адам үшін Құдайдан кешірім тілеп, оған жарылқау тілеуге болмайды, азабын жеңілдетуін сұрамайды. Бұл – көпшілік ғалымдардың ұстанымы.

Екіншісі: Ислам дінін қабыл етпей, өлгенше мұсылман болмай о дүниеге аттанған пенденің артынан оның қабір азабының жеңілдетілуін және бұл дүниеде істеген жақсы істерінің о дүниеде азабының жеңілдетілуіне септігін тигізуін Алладан сұрауға болады. Әрі ширк пен күпірлігінен өзге күнәларын кешіруді сұрауға болады (яғни, өзге күнәлары үшін азаптамауды). Өйткені, Алла Тағала Құранда: «Шынында, Алла Тағала Өзіне серік қосуды кешірмейді, одан өзге күнәларды қалаған пендесінен кешіреді», – деген.¹

Екі ұстанымның ортақ тұстары: кәпір болып өлген адам үшін оның күпірлігін және Аллаға серік қосқанын кешіруді тілеуге болмайды, сондай-ақ оның жәннатқа кіруін тілемейді.

Бөлек тұстары: кәпірдің азабын жеңілдетуді әрі оны Алланың рахымына алуды тілеу, сондай-ақ ширк пен күпірліктен өзге күнәларының кешірілуін сұрау.

Екінші пікірді ұстанушылар қатарында марқұм шейх Имам Юсуф әл-Қардауи бар (рахимаһуллаһ).

Ендеше, мұсылман болмаса да, сізге жақсылығы өткен марқұм үшін қабір азабының жеңілдетілуін және жасаған жақсылығы үшін о дүниеде жеңілдік табуын тілеуге болады. Өйткені, кейбір риуаяттарға қарағанда, кәпір адамның бұл дүниеде жасаған кейбір ізгі істері о дүниеде азабының жеңілдетілуіне септігін тигізеді екен. Бұған байланысты «Сахих Бұхариде» келтірілген бір хадистің жалғасында сахаба Ъуруәту ибн Зүбәйрдың (р.а.) мына әңгімесі де қоса беріліп өтеді, онда сахаба былай дейді:

«...Суайба – Әбу Ләһәбтың азат етілген күңі еді. Әбу Ләһәб оны азат еткен соң, ол (Суайба) Пайғамбарды (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) кішкентай кезінде емізген болатын. Әбу Ләһәб дүние салғаннан соң, оның жақындарының бірі түсінде оны өте аянышты, мүшкіл халде көреді. Одан: «Не көрдің? Басыңнан не кешірдің?» – деп сұрайды түсінде. Сонда Әбу Ләһәб: «Сендерден айырылғаннан бері ешбір жақсылық көргенім жоқ. Тек Суайбаны азат еткенім үшін мына арқылы (бас бармағы мен сұқ саусағының арасындағы шұңқырды нұсқап) кішкене сумен сусындатыламын», – деп жауап беріпті»

Осы риуаяттан түсінетініміз – Алла Тағала өзінің «Рахымдылығымен» Әбу Ләһәб сынды жауыз болса да, істеген ізгі ісінің қарымтасын беретіндігіне ишара. Оның қарымтасы – азабының белгілі бір дәрежеде жеңілдетілуімен көрініс табады екен.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббил-ғаләмин!

1) Құран Кәрім: "Ниса" сүресі, 48 аят. 
2) Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». Хадиске қосымша риуат.

Абдусамат Қасым