Еттің халал не харам екенін білмесең, «бисмиллә» деп жей беруге бола ма?
Еттің халал не харам екенін білмесең, «бисмиллә» деп жей беруге бола ма?
10 жыл бұрын 11481

Сәлеметсіз бе? Жақында достарымның көңілін қимай бірге тамақтануға белгілі асханалардың біріне барған болатынмын. Алайда, олардың тапсырыс беруімен алдыртқан кәуаптары мен мантыларын «Ненің етінен жасалды екен? Кім сойған?»деген сұрақтар мазалап, жей алмай, отырыстан қарным ашып қайтты. Әлі күнге дейін «Осылай істегенім дұрыс болды ма?» деген ой мазалап жүр. Сіз қалай ойлайсыз? Сондай-ақ, жатақханада орысы, қазағы аралас тұрамыз. Кейде олардың астарынан (ет қосылғанын айтам) жей берсек болады ғой? Нұрбике Т.

Сәлеметсіз бе, Нұрбике! Мұсылман кісі жеген асының шариғатқа сай адал және таза болғанына мән береді. Өйткені, бұл Жаратушымыздың әмірі. Алла Тағала көптеген аятта таза әрі адал аспен азықтануды бұйырған. Аяттардың бірінде былай деген: «Ей адам баласы! Жер-жүзінде өздеріңе арналған адал, таза тағамды жеңдер!..»[1]. Ендеше таза әрі адал тағаммен азықтануымыз маңызды.

Ал енді, етті адал деуіміз үшін, біріншіден, шариғатта харам саналатын хайуан еті болмауы керек. Мысалы доңыз, жыртқыш, өлексе т.б. Екіншіден, «Бисмилләмен» бауыздалған болуы керек. Өйткені, әдейі «бисмиллә» айтылмай сойылған малдың етін жеуге болмайды. Бұл Алланың бұйрығы. Құранда: «Алланың аты аталмай бауыздалған малдың етін жемеңдер!», – делінген.[2]

Дегенмен, қазіргі қоғамымыз асханаларға толы. Адамдар мұндағы беріліп жатқан еттің ненің еті екенін әрі «бисмилләмен» сойылған, сойылмағандығын білмейді. Бұл жағдайда, әрине, адалдығына сеніміңіз бар жерден барып тамақтану тақуалыққа жақын, әрі ең дұрысы. Алайда, ондай асхана табылмаған жағдайда немесе сіздің жағдайға тап болған кісі не істегені дұрыс деген сұрақ әр мұсылманның көкейінде туындауы занды.

Еліміздегі асханалар мен мейрамханалардың басым көпшілігі я мұсылмандардікі немесе христиандардікі. Асхана не мейрамхананың иесі мұсылман болса, әрі ұсынған тағамындағы еттің «арамдығына» көзіміз жетпейтін болса, ол етке «адал» деген үкім беріледі. Ол тағамды ішімізден «бисмиллә» деп айтып жей берсек, ИншаАЛЛА күнә болмас. «Сахих Бухариде» келген хадисте Айша анамыздан жеткен риуаятта сахабалар Алланың Елшісінен (с.а.у): «Бізге кейде біреулер ет алып келеді. Бірақ ол еттің бисмилләмен сойылғанын немесе сойылмағанын білмейміз?», – деп сұрайды.Сонда әрдайым үмметінің жағдайын ойлайтын Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Бисмилләны» айтып жей беріңдер», – деп жауап берді»[3]. Бұл жерде Пайғамбарымыз (с.а.у) мұсылмандардың сойған еті жайында жеңілдік танытып, арам  екендігін нақты білмейтін болсақ, оның адалдығына үкім беретіндігін астарлап тұр.

Ал христиандардың тағамына келер болсақ, олардың шариғатта рұқсат еткен малдардың етінен жасалған асын жеуді Алла Құранда рұқсат еткен: «...Кітап берілгендердің (иәһуди мен християндардың) тағамы сендер үшін халал етілді. Сендердің де тағамдарың оларға халал болып саналады...»[4].  Аяттағы «тағам» сөзі дінімізге теріс келмейтін барлық астарын қамтып тұр. Демек, олардың пісірген адал малдың етін де жеу бізге рұқсат.

Сирия өңіріне фиқһ саласын үйреткен сахаба Әбу Дардадан (р.а.) шіркеу үшін сойылған қошқардың етін жеу жайында сұрағанда, Ол (р.а.): «Алла Тағала мейрімді, кешірімді. Шын мәнінде олар Кітап берілгендер. Ал олардың астары бізге адал. Біздің де тағамымыз оларға – адал», – деп әлгі еттен жеуді рұқсат еткен екен.[5]

Ендеше сіз сұраған жатақханадағы орыс қыздардың адал малдың етінен пісірген тағамын жеуге де рұқсат. Олай болған себебі, орыс ұлты жаппай алғанда христиан дініндегілер. Олардың тағамы бізге аятта айтылғандай – халал.

Қорыта келе айтарымыз, қолдан келгенше сырттан тамақ ішерде сенімді асхананы тандауға әрі ет сатып аларда сенімді жерден алуға тырысқанымыз жөн екенін ұмытпауымыз керек. Бұл бір шетінен тақуалықтың нышаны, екіншіден, денсаулығымызға да тиюі ықтимал залалды болдырмау болып табылады. Ең дұрысын Алла біледі!

[1] Бақара сүресі – 168 аят.
[2] Әнғам сүресі -
[3] Бухари, Китабуз Забаих – 5188.
[4] Маида сүресі – 5 аят.
[5] Табари риуаят еткен. , Ю.Қардауи,әл-Халал уәл Харам, 58 бет.

Абдусамат Қасым