Үшір зекеті дегеніміз не?
Үшір зекеті дегеніміз не?
10 жыл бұрын 9134

Ассалаумағалейкум! Үшір зекеті жайында білгім келген еді. Жер өнімінен алынатын үшірде де нисап бар ма? Егер болса оның мөлшері қанша тонна, неше килограммнан басталады? Әлибек Журқабаев.

Уағалейкумуссалам, Әлибек!

Жер өнімдерінен алынатын зекет түрін «үшір» дейміз. Бұл жайында Құранның Бақара сүресінде: «Ей, мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларын тиісті орынға жұмсаңдар...»[1], – делінген. Осы аят және Пайғамбарымыздың: «Жерден шығатын барлық нәрсенің үшірі бар», –  деген хадисіне сүйене отырып Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.)[2]: «Жерден отын, қамыс және шөптен өзге не  өндірген болса, аз болсын, мейлі көп болсын, үшір беріледі», – деген. Ал, оның екі шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммад (р.а.): «Үшір – бидай, арпа, құрма сияқты бір жыл шірімей сақтала алатын[3] қасиетке ие өнім түрінен ғана беріледі. Әрі бұл өнімнің бес түйе жүгіне (әл-уәсқ) сай келетін мөлшерге тең (653 кг) келуі керек. Одан аз мөлшерден үшір берілмейді. Сондай-ақ алма, өрік сынды жеміс-жидектің де үшірі жоқ. Өйткені, Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Бес уәсқтан (653 кг) азына (үшір) зекеті жоқ»[4], – деген Ол, тағы бір сөзінде«Жеміс-жидектің (үшір) зекеті жоқ»[5], – деді», – деп тұжырым жасаған[6].

Демек Имам Ағзам мен оның екі шәкірті арасындағы айырмашылық мына екі сұраққа берілер жауап айналасында болып тұр:

Біріншісі, жер өнімдерінің нисаб мөлшері бар ма? Имам Ағзам «жоқ», Әбу Юсуф пен Мұхаммад «бар» дейді.

Екіншісі, үшір тез бұзылатын жеміс-жидектен берілмей ме? Имам Ағзам «беріледі» десе, оның екі шәкірті «берілмейді» деп отыр.

Дегенмен, Ханафи мәзһабында қабыл етіліп, үкім ретінде бекітілген – Имам Ағзам Әбу Ханифаның пәтуәсі болып табылады[7].

Ендеше, бау-бақша және жер өнімдерінен алынатын зекет түрі мына екі жолдың біреуімен алынады. Егер егіс құдық, су тартатын аппарат сияқты нәрселермен суғарылып, еңбек жұмсалып, өнім алынатын болса, өнімнің 5% ал, егер егіс жаңбыр суы, өзен суы сияқты сулармен суғарылса өнімнің оннан бірі яғни, 10%-ы зекет ретінде алынады. Бұл үкім Алла Елшісінің мына хадисіне сүйенеді: «Жауын немесе өзен суларымен суғарылған жер өнімдерінің үшірі 1/10, ал қолмен сұғарылғанның үшірі 1/20»[8].

Жер өнімдерінен жылына бірнеше рет өнім алуға болатындықтан, бір жыл толу шарты мен нисап мөлшері шарты қосылмайды. Жер жалға алынса да, алған өнімдерінің зекеті беріледі[9].

[1] Бақара – 267 аят.
[2] Ихтияр – 1/362 бет.
[3] Лүбәб – 1/150 бет.
[4] Бухари,  Зәкәтуль Уәрқ - №1447 хадис.
[5] Тирмизи, Зәкәт - №638 хадис.
[6] Хидая, Зәкәту әз-Зуруъ – 1/276 бет.
[7] Қасым ибн Құтлубуға, әт-Тасхих, Зекату әз-Зуруъ – 200 бет.
[8] Бухари,  Зәкәт - №1483 хадис.
[9] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы,  Ислам ғылымхалы – 374 бет. Алматы.

Абдусамат Қасым