Айлықтан зекет беріле ме?
Айлықтан зекет беріле ме?
10 жыл бұрын 5319

Ассалаумағалейкум! Мен медицина саласының қызметкерімін. Шіріген бай болмасам да, алған айлығым өмірлік қажеттілігімнен жетіп асады. Ендеше айлықтан зекет беруім керек пе? Бауыржан.

Уағалейкумуссәләм Бауыржан мырза! Шариғат бойынша, зекет парыз болу үшін мұсылманның күн-делікті қажеттіліктерінен басқа нисап мөлшеріне жететін байлығы болуы керек. Нисап дегеніміз – зекет парыз болатындай белгілі бір байлық мөлшері.[1] Ал нисап мөлшері 85 грамм алтынға тең болуы тиіс. Бүгінгі нарықта 1 (бір) грамм алтын шамамен 7 571 (жеті мың бес жүз жетпіс бір) теңге десек, 85 грамм алтын «643 535» (алты жүз қырық үш мың бес жүз отыз бес) теңге болады.[2]

Сондықтан, негізгі қажеттіліктер мен қарыздардан тыс жинаған ақшаңыз нисап мөлшеріне жетіп және сол байлық қолыңызда бір жыл бойы тұрса, онда одан 2,5% зекет берілуі керек. Айлық мәселесі де дәл осылай. Егер барлық жалақыңыздан кем дегенде 643 535 теңге (нисап мөлшеріндей) көлемінде қаржы жиналып, ол қаржы мұрты бұзылмай бір жыл бойы қолыңызда тұратын болса, онда сол жиналған барлық қаржыңыздан 2,5% көлемінде зекет беруіңіз керек.

[1] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы: Ислам ғылымхалы, 351 бет.
[2] http://www.zeket.org.kz

Абдусамат Қасым