«Дәббәтуль-Ард» деген не?
«Дәббәтуль-Ард» деген не?
4 жыл бұрын 18955

Ассәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уа бәракатуһ! «Дәббәтуль-Ард» деген не? Айтып жіберсеңіз!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Дәббәт» немесе «Дәббә» сөзі тілдік мағынада "жаны бар мақұлық", "хайуан" дегенді білдіреді. «әл-Ард» - «жер» деген сөз. Сонда «Дәббәтуль-Ард» - «жерден шығатын мақұлық», «жерден шығатын хайуан» деген мағыналарда болмақ.

Ислам сенімінде Дәббәтуль-Ард - ақырзаман жақындағанда жер бетіне шығатын жануардың атауы. Қиямет қайым жақындағанда қоғам рухани бұзылып, адам баласы Алланың бұйрықтары мен тыйымдарын елемей кеткен кезде, Ол шығып адамдарға тіл қатып, ескерту жасайды.

Құран Кәрімде бұған байланысты, «ән-Нәмл» сүресінде айтылған:

 وَإِذَا وَقَعَ الْقَوْلُ عَلَيْهِمْ أَخْرَجْنَا لَهُمْ دَابَّةً مِّنَ الْأَرْضِ تُكَلِّمُهُمْ أَنَّ النَّاسَ كَانُوا بِآيَاتِنَا لَا يُوقِنُونَ

«Айтылған сөз бастарына келген кезде (қиямет жақындаған кезде), оларға жерден бір хайуан шығарамыз. Ол, оларға тіл қатып, адамдардың аяттарымызға шынайы түрде иман етпегендіктерін айтады»[1].

Тәпсірші Ибн Кәсир (рахматуллаһ алейһи) аталмыш мақұлықтың шығуына қатысты былай деп өтеді:

«Бұл «Дәббәтуль-Ард» - ақырзаман кезінде, адамдар рухани бұзылып, Алланың бұйрықтарын орындамай, хақ дінді өзгертуге кіріскендерінде Алла Тағала оларға жерден бір хайуанды шығарады. Кей айтылғандарға қарағанда ол Меккеден шығады. Кей мәліметтерге қарағанда басқа қаладан шығады»[2].

Дәббәтуль-Ардтың шығуы - ақырзаманның ең үлкен белгілерінің бірі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) "қияметтің он белгісі болмай, қиямет қайым болмайды" деген. Сол он үлкен белгілердің бірі – Дәббәтуль-Ардтың шығуы.

Тағы бір сахих хадисте Алла елшісі (ғалейһис саләту уә сәлләм) былай дейді:

ثلاث إذا خرجن لا ينفع نفساً إيمانها لم تكن آمنت من قبل أو كسبت في إيمانها خيراً: طلوع الشمس من مغربها، والدجال، ودابة الأرض."

«Үш нәрсе шыққан кезде, одан бұрын иман етпеген немесе одан бұрын иманынан әлдебір жақсылыққа қол жеткізбеген адамның иман етуінің пайдасы болмайды. (Ол үш нәрсе): Күннің батыстан шығуы, Дәжжалдың шығуы және Дәббәтуль-Ардтың шығуы»[3].

Яғни, аталмыш үш қиямет белгісінің пайда болуынан бұрын иманға келгендер - иманға келіп үлгереді, ал ол үш нәрсе көрінгеннен соң иман етудің пайдасы болмайды.

Демек, Дәббәтуль-Ард дегеніміз, қиямет қайым жақындағанда шығатын хайуан тәріздес ерекше бір мақұлықтың атауы. Түр-сипатының нақты қандай болары аят-хадистерде білдірілмеген. Оның ерекшеліктерінің бірі – жерден шығады. Екінші ерекшелігі – адамдарға адамша сөйлейді. 

Ол, Құдайға сенбей, Оның хақ дінін өтіріксініп жүргендерге тіл қатып, қиямет қайымның жақындағанынан хабардар етеді. Кезінде адамдар айтқанда сенбеген кәпірлер, ол шындықты хайуаннан естіген кездерінде дүрбелеңге түсіп, жаппай иман ете бастайды, бірақ олардың ол кездегі иман етулерінің еш пайдасы болмайды.


[1] Құран Кәрім: «Нәмл» сүресі, 82 аят.
[2] Ибн Кәсир: «Нәмл», 82 аяттың түсіндірмесі.
[3] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». Сахаба Әбу  Һурайрадан риуаят етілген.

Абдусамат Қасым