Үйдегі әжетхана құбылаға қарап тұр, күнәсі бар ма?
Үйдегі әжетхана құбылаға қарап тұр, күнәсі бар ма?
14 күн бұрын 7630

Ассаләмуғалейкум! Көп үйде әжетхана құбыла жаққа қарап тұрады. Құбылаға аяқ созуға болмайды делінген. Әжетке отыру қалай болады? Осыны айтып жіберсеңіздер.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабында, үйде болсын, түзде болсын, құбылаға қарап отырып немесе құбылаға артын беріп отырып әжетін өтеу – харамға жақын мәкруһ[1]. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Түзге шыққандарыңда құбылаға қарап та, оған арттарыңды беріп те отырмаңдар. Оның орнына шығысқа қарап немесе батысқа қарап отырыңдар», - деп ашық бұйырған[2]. (Медине қаласының құбыласы – оңтүстік жақта орналасқандықтан хадисте «шығысқа немесе батысқа қарап отырыңдар» делініп тұр).  

Дегенмен, пайғамбарымыздың аталмыш тыйымын «далалы жерге қатысты» деп түсінген сахабалар мен табиғин ғалымдар болған. Олардың пайымынша, далалы жерде құбылаға қарап әжетін өтеу мәкруһ, ал ғимарат ішінде немесе жабық бір әжетханада құбылаға қарап әжетін өтеудің ағаттығы жоқ дейді олар. Бұлай деушілердің арасында Имам Шәфиғи де бар.

Бұл ғалымдардың сүйенген дәлелдері келесідегідей:

Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) айтады: «Бір күні Хафсаның үйінің төбесіне (бір зат үшін) шыққанымда, Пайғамбарымызды (с.а.у.) Шам тарапына (Сирияға) қарап, ал құбылаға теріс қарап отырған күйі әжетін өтегенін көрдім» - дейді сахаба[3].

Тағы бір риуаятта, табиғин Уәсиъ ибн Хәббәнның айтысына қарағанда, сахаба Абдулла ибн Омар былай деген:

«Кейбір адамдар: «Әжетке отырғанда құбылаға қарама және Құдыс мешіті жаққа қарама» деп айтып жүр. Шынында, мен бір күні біздің үйдің төбесіне шыққанымда (әпкесі Хафса анамыздың тамының төбесіне шыққанда), Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Құдыс мешіті жаққа беттеп екі «ләбинәға» отырып, әжетін өтегенін көрдім...» - дей келе, үй ішіндегі әжетханалардың құбыла жаққа қарап тұруының ағаттығы жоқ екендігін білдірген[4]. (Ләбинә деген – батпақтан құйылған тік бұрышты немесе төрт бұрышты кірпіш тәріздес материал. Бұрындары үй ішінде аяқ басып отыру үшін әжетханада қолданылатын болған).

Жабық жердегі әжетханаларда құбылаға қарап отырудың ағаттығы жоқ деуші табиғиндердің бірі - Имам Шаъби. Ол, Әбу Һурайрадан жеткен «Әжет өтегенде құбылаға қарап немесе құбылаға теріс қарап отырмаңдар» деген риуаятқа байланысты: «Әбу Һурайраның айтқаны даладағы жағдайға қатысты... Ал сендердің әжетхана ретінде пайдаланып жүрген бөлмелерің болса, оның құбыласы жоқ» деп айтқан[5].

Екінші топ ғалымдардың келтірген риуаяттарына Ханафи ғалымдарының берер жауаптары жоқ емес. Аталмыш риуаяттардың Ханафи ғалымдары тарапынан назарға алынбауының өзіндік маңызды «фиқһи» себептері бар.

Қорыта айтқанда, үйін енді салып жатқан мұсылмандар әжетхананы құбылаға қаратпай, оған бір қырымен қарап отыратындай етіп орнатқандары абзал. Ал, астаушасы құбылаға қарата орнатылып қойған үйдегілерге үзір бар, иншаАлла. Әсіресе пәтерді жалдап тұрып жатқан мұсылмандар ондағы дәрет сындырғыш астаушаны (унитаз) бұзып, қайта орнатуға мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан да, бұл мәселеде сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен риуаят - тығырықтан шығуға жәрдемші болмақ. Алла Тағала пендесіне жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды (аят). Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Бірақ, құбылаға қарап ішкі дәрет алу, яғни, истинжа жасап, астын тазалау – мәкруһ емес. Имам Шүрунбүләли: «Имдәд»; Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр».
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[3] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №266.
[4] Имам Бұхари: «Сахих  Бұхари». №145 хадис.
[5] Әл-Хазими: «әл-Иътибәр фин Нәсих уәл-Мәнсух минәл Әсәр».

Абдусамат Қасым