Қазақстанда 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді
Қазақстанда 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді
2 сағат бұрын 36 kaz.inform.kz Асхат Райқұл, Назым Бөлесова, Бақытгүл Абайқызы

KAZINFORM – Қазақстанда Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні қатар аталып өтуде. Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген.

Елімізде бүгінде 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді, ал салада 20 мыңға тарта маман еңбек етеді. Соңғы жылдары кітапхана ісін жаңғыртуға ерекше мән беріліп, олар автоматтандырылған жүйелерге көшіп, жасанды интеллект технологияларын енгізіп, электрондық ресурстарын дамытуда. Соның нәтижесінде азаматтардың кітап қорына қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі кеңейіп келеді.

– Кітап әлі де білім мен тұлғалық дамудың маңызды қайнар көзі болып қала береді. Кітапханалар автоматтандырылған жүйелерге көшіп, жасанды интеллект технологияларын енгізіп, электрондық ресурстарын дамытып келеді. Соның нәтижесінде азаматтарға кітап қорына қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі кеңейе түсті. Электрондық кітапхана ресурстарын пайдаланушылар саны 30 пайызға артып, 718 мың адамға жетті. Соңғы бес жылда онлайн оқырмандар саны 4 миллионнан, электрондық форматта қаралған кітаптар саны 9 миллионнан асты. Әсіресе балалар әдебиетіне сұраныс артып, бір жылда 75 пайызға көбейді, ал қазақ және әлем классикасына қызығушылық 50 пайызға өсті, – делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында елде кітапханалар салу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында жаңа Президент кітапханаларын салу жоспарланған. Қазіргі таңда 36 кітапхана жаңғыртылып, 2026 жылы тағы 30 нысанды жаңарту көзделіп отыр.

Ұлттық кітап күніне орай республика көлемінде ауқымды онкүндік ұйымдастырылған. Оның аясында 100 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, түрлі ақпараттық алаңдарда кітап оқу мәдениетін насихаттауға арналған 10 мыңға жуық материал жарияланған.

Сондай-ақ елордада өткен IX Astana Eurasian Book Fair аясында «Ұлттық кітап» байқауының қорытындысы шығарылып, үздік шығармалар анықталды. Қаламгерлерді қолдау мақсатында Президенттік әдеби сыйлық, «Қазақстанның халық жазушысы» атағы және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалған.

Министрлік мәліметінше, соңғы 10 жылда мемлекеттік қолдау аясында 2 мыңнан астам кітап жарық көріп, олардың жалпы таралымы 6 миллион данадан асқан.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Ұлттық кітап күнімен құттықтады.

Асхат Райқұл

Қытайда кітап оқитын адамдардың үлесі 82,3%-ға жетті

KAZINFORM – Цифрлық оқуға деген үрдіс күшейіп келе жатқан жағдайда, Қытайда оқырман халықтың жалпы үлесі 2025 жылы 82,3 пайызға жетті. Бұл көрсеткіштер дүйсенбі күні жарияланған жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Синьхуа. 

Аталған көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа өскен. Бұл Қытайдың елде «оқитын қоғам» қалыптастыру бағытындағы күш-жігерін айқындайды.

Сауалнаманы Қытайдың баспасөз және басылымдар академиясы жүргізіп, оның нәтижелері Наньчан қаласында (Қытайдың шығысындағы Цзянси провинциясының әкімшілік орталығы) өткен халық арасында оқуды насихаттау жөніндегі 5-конференцияда жарияланды.

Сауалнамаға сәйкес 2025 жылы Қытайдың ересек азаматтары қағаз және электронды форматты қоса алғанда орта есеппен 8,39 кітап оқыған. Ал цифрлық оқуға арналған шығармалардың жалпы саны 70 миллион атаудан асты.

Сондай-ақ, зерттеу нәтижесі өткен жылы Қытай ересектерінің 80,8 пайызы цифрлық оқумен айналысқанын көрсетті. Аудиокітаптар мен кітаптарға арналған бейнерецензияларға қызығушылық та артқан: 2024 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 38,5 және 5,7 пайыз болса, 2025 жылы 38,7 және 6,3 пайызға жеткен.

Жоғары сұраныс нарықтың дамуына серпін берді. Сауалнамаға сәйкес, Қытайдың жаппай цифрлық оқу нарығы соңғы бес жылда екі есеге жуық өсіп, 30,25 млрд юаньнан (шамамен 4,4 млрд АҚШ доллары) 59,48 млрд юаньға дейін ұлғайған.

Соған қарамастан, қағаз кітаптар өз тартымдылығын сақтап отыр: Қытай ересектерінің 45,9 пайызы әлі де осы форматты басқа оқу түрлерінен жоғары қояды. Ал мазмұн жағынан көркем әдебиет ерекше сұранысқа ие болған.

Бұл қоғамның цифрлық оқудың ыңғайлылығын пайдаланғанымен, терең ойға бойлау, жүйелі білім алу және рухани баюға деген қажеттілігінің төмендемегенін көрсетеді.

Қытай баспагерлер қауымдастығының төрағасы У Шулинь цифрлық дәуірде терең оқу жеке даму, кәсіби жетістік және адамгершілік тәрбиенің негізі болып қала беретінін айтты.

Ол цифрлық оқуды дұрыс бағыттауды күшейтіп, оқырмандарды «үзік-үзік қараудан» «терең оқуға» көшуге ынталандыру арқылы терең оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырды.

Айта кетелік, Бүгін ел кітапханаларында «Кітапхана түні» акциясы өтеді. 

Назым Бөлесова

Былтыр АҚШ-та ересектердің 40%-ы бірде-бір кітап оқымаған

KAZINFORM — Цифрлық медианың кең таралуы, экономикалық қысымның күшеюі және бос уақыттың азаюына байланысты әлемде кітап оқу деңгейі төмендеп келеді. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды. 

Жыл сайын 23 сәуірде ЮНЕСКО кітаптардың ұрпақтар мен мәдениеттерді байланыстыратын күшін мойындау мақсатында Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін атап өтеді.

Бұл күн әлем әдебиетінде ерекше мәнге ие. Себебі дәл 23 сәуірде Ренессанс дәуірінің ұлы ағылшын ақыны әрі драматургі Уильям Шекспир және «Дон Кихот» шығармасының авторы Мигель де Сервантес қайтыс болған. Бұл шығарма батыс әдебиетінің негіздерінің бірі саналады.

Бұл күні кітапқа қолжетімділіктің маңызын арттыру және оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

2001 жылдан бастап ЮНЕСКО және кітап индустриясының негізгі салаларын (баспагерлер, кітап сатушылар мен кітапханалар) біріктіретін халықаралық ұйымдар жыл сайын «Әлемнің кітап астанасын» таңдайды. Таңдалған қалалар барлық жастағы адамдар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттайды.

Осы уақытқа дейін 2001 жылғы Мадридтен бастап, 2026 жылғы Рабатқа дейін 26 қала «Әлемдік кітап астанасы» атанды.

АҚШ-та оқу мәдениетінің төмендеуі

Флорида университеті мен Лондон университеттік колледжі жүргізген және iScience журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, соңғы 20 жылда кітапты ләззат үшін күнделікті оқу көрсеткіші 40%-дан астамға азайған.

Зерттеу нәтижесінде оқу әдетінің төмендеуі әсіресе табысы төмен адамдар, ауыл тұрғындары және АҚШ-тағы қара нәсілді азаматтар арасында айқын байқалған.

Сарапшылар бұл жағдайға мына факторлар әсер етуі мүмкін екенін айтады:

цифрлық медианың кең таралуы
экономикалық қысымның күшеюі
бос уақыттың азаюы
кітаптар мен кітапханаларға қолжетімділіктегі теңсіздік
 
2025 жылы ересектердің 40%-ы кітап оқымаған
YouGov жүргізген «Америкалықтардың оқу әдеттері – 2025» зерттеуіне сәйкес:

АҚШ-та ересектердің 40%-ы бір жыл ішінде бірде-бір кітап оқымаған
19%-ы 10 немесе одан да көп кітап оқыған
Оқу форматтары бойынша:

46% — қағаз кітаптарды таңдайды
24% — электронды кітаптарды
23% — аудиокітаптарды пайдаланады
Ең танымал жанр — детектив және криминал жанрындағы әдебиет (21%). Одан кейін тарихи кітаптар (18%). Ал поэзия ең аз сұранысқа ие — небәрі 4%.

Сондай-ақ, 65 жастан асқан адамдар басқа жас топтарына қарағанда көбірек кітап оқитыны анықталған.

Америкалық баспагерлер қауымдастығы мәліметінше, кітап сатылымы жалпы тұрақты деңгейде: 2025 жылы шамамен 707 миллион дана баспа кітабы сатылған.

Зерттеушілердің айтуынша:

ересектерге арналған көркем әдебиетке сұраныс артып келеді
электронды кітаптардың үлесі азайып жатыр
ал аудиокітаптардан түсетін табыс ұзақ мерзімде өсіп келеді
 
Балалар арасындағы оқу деңгейі
Ұлттық сауаттылық қоры деректеріне сәйкес:

8–18 жас аралығындағы балалар мен жастардың тек 32,7%-ы кітап оқудан ләззат алады
бұл — 2005 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш
Күн сайын кітап оқитындар үлесі де 18,7%-ға дейін төмендеген — бұл соңғы 20 жылдағы ең төмен деңгей.

Сонымен қатар:

5–18 жас аралығындағы балалардың 89,7%-ының үйінде өз кітабы бар
бірақ әрбір оныншы балада (10,3%) жеке кітап жоқ
Кітапқа иелік ету:

5–8 жаста — 92,2%
8–18 жаста — 89,4%
Әсіресе жасөспірімдер арасында кітапқа ие болу деңгейі соңғы 10 жылдағы ең төмен көрсеткішке жеткен. Бұл деректер қазіргі заманда цифрлық технологиялардың дамуы мен әлеуметтік-экономикалық факторлар кітап оқу мәдениетіне айтарлықтай әсер етіп жатқанын көрсетеді.

Ал Қытайда керісінше кітап оқитын адамдардың үлесі 82,3%-ға жеткен.

Бақытгүл Абайқызы

Швеция мектептері гаджеттерден гөрі кітапқа басымдық береді

KAZINFORM — Швеция мектептері оқу процесінде дәстүрлі әдістерге қайта оралиақ, атап айтқанда қағаз кітаптарды оқытуға басымдық берілмек. Бұл қадам iPad пен ноутбуктарды пайдалану кезінде оқу деңгейінің төмендеуі байқалғаннан кейін жасалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Қазіргі таңда басты назар — көбірек баспа оқулықтарын пайдалану, қолмен жазу дағдыларын дамыту және балабақша деңгейінде экран алдындағы уақытты азайтпақ. Сарапшылардың айтуынша, бұл шара оқу қабілетін арттыруға көмектеседі.

Кейбір мұғалімдер оқушылар қағаз кітаптар мен оқу материалдарын көп сұрайтынын айтады, өйткені олар ноутбукпен жұмыс істеуден гөрі ақпаратты тезірек меңгеріп, есте сақтайды.

Бұл сыныптарда технологияны толықтай тыйым ету дегенді білдірмейді: сандық құрылғылар әлі де қолданылады, бірақ үкімет кітаптар мен оқу құралдарын сатып алуға миллиондаған крон бөлуде, деп хабарлайды BBC.

2000-шы және 2010-шы жылдары швед мектептерінде кітаптар сыныптан ығыстырылып, ноутбуктар мен iPad-тарға жол берді. Сол кезде мақсат студенттерді цифрлық өмірге дайындау болатын, бірақ әсері керісінше болды.

Швецияда 2000 жылдары сауаттылық деңгейі Еуропа бойынша алдыңғы қатарда болса,  бүгін де төмендеп барады. 

2012 жылы бірнеше жылдық нашар нәтижелерден кейін 15 жастағы оқушылардың PISA (оқу, математика және жаратылыстану пәндері бойынша халықаралық тест) көрсеткіштері ең төменгі деңгейге жетті.

Қазір оқулықтар сыныпқа қайта енгізіліп, оқу көрсеткіштері қайта жақсарып келеді. 10 жастағы балаларға арналған ұлттық оқылым байқауы басталды, ал ең көп кітап оқыған сыныптар сыйлыққа ие болады.

Швеция үкіметі сандық оқу құралдарын тек олар оқыту процесіне көмектескенде ғана қолдану керек деп санайды.

Дәстүрлі оқу құралдары оқушылар мен мұғалімдер үшін маңызды, бірақ көптеген мектептерде әлі де қажетті оқулықтар жеткіліксіз. 2023 жылы үкімет мектептер мен балабақшаларға оқулықтар мен әдістемелік құралдарды сатып алуға арналған жаңа мемлекеттік субсидия енгізді. 2023 жылы жалпы 685 миллион швед кроны, 2024 жылы 658 миллион, 2025 жылы 755 миллион бөлінді. 2026 жылдан бастап жыл сайын 555 миллион швед кроны қарастырылған.

Жаңа міндетті мектеп бағдарламалары 2028 жылы енгізіледі, және оларды қолдау үшін оқулықтар мен мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар қажет болады. Сол себепті, үкімет 2028 жылға арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдарды сатып алу үшін қосымша 500 миллион швед кроны бөлді.

Еске салсақ, Дания үкіметі де адамдардың көп оқуы үшін кітапқа 25% салықты алып тастауды жоспарлаған болатын.

Ал Алматыда 24 сағат жұмыс істейтін кітапханалар саны көбейетін болады.

Бақытгүл Абайқызы

0 пікір
Мұрағат