МӘМС: медициналық сақтандыру үшін кім қанша төлейді
МӘМС: медициналық сақтандыру үшін кім қанша төлейді
4 жыл бұрын 3277

МӘМС жүйесіндегі жеңілдік жасалған кезең 2020 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылды, деп хабарлады nege.kz ақпарат көзі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Бұл өзгерістің халыққа пайдасы бар ма, төтенше жағдай жарияланған кезде отандық кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер жасалды, осы сұрақтарға толығырақ қордың сараптама және болжау департаментінің аға менеджері Ақтолқын Сұлтанова жауап берді. Жеңілдік жасалған кезең дегеніміз не? Бұл кезеңде ел азаматтары МӘМС қорына аударымдар мен жарна төлеген-төлемегеніне қарамастан жаппай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шартты түрде сақтандырылған деп есептеледі. Яғни, 1 шілдеге дейін әрбір адамға ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша медициналық қызметтер тегін және толық көлемде көрсетіледі. Алайда, азаматтар мен жұмыс берушілер ай сайын міндетті төлемдерді төлеуі қажет. Егер адам қандай да бір себептермен медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін төлем жасай алмаса, жеңілдік кезеңі өткеннен кейін ол сақтандырылмаған болып есептеледі және медициналық қызметтерді тек бір пакетте – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша ғана ала алады. Жүйеге әрі қарай қатысып, сақтандырылған мәртебесін алу үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, яғни, МӘМС пакеті бойынша пайдаланылған қызметтердің 6 айлық ақысын төлеу қажет.

Кімдер МӘМС жарна төлеуден толық босатылды және қанша уақытқа? Ірі бизнестің 10 санаты 1 шілдеге дейін, шағын және орта бизнестің 29 санаты 2020 жылдың 1 қазанына дейін босатылды. «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» ҚР Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығын салық салу мәселелері бойынша iске асыру туралы ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 224 Қаулысына сәйкес кәсіпкерлер аталған кезеңде жалдамалы қызметкерлер үшін аударымдар жасамайды және осы аралықта оларда берешек болмайды. Ал кәсіпорындардың қызметкерлерінде сақтандыру мәртебесі сақталады. Нөлдік ставкамен салықтық есеп тапсырған жағдайда кәсіп иесіне жарна төлемегені үшін өсімақы мен айыппұл да салынбайды. Ұлттық экономика министрлігінің болжамдық есептері бойынша 923 мың адам төлемнен босатылды.

0 пікір
Мұрағат