Жиналмалы бесікке қызыққандар көбейді
Жиналмалы бесікке қызыққандар көбейді
8 жыл бұрын 4229 baq.kz

Ата кәсіпті жалғастырып ғана қоймай, уақыт талабына сай жаңалық енгізген Сапарбек Зермұханбет қаламыздағы Құрылыс және бизнес колледжінің І курс студенті. Оның ұстазымен бірге жасаған жиналмалы бесігі де көпшілікті селт еткізбей қалған жоқ. Ағаштан түйін түйген өнертапқыш жастың өнерін көруге арнайылап ол білім алатын оқу орнына барған едік. 

Ағаш цехында қайнаған жұмыс. «Жиһаз өндірісі» мамандығын таңдаған студенттер осында арнайы формамен қызу жұмысқа кірісіпті. Бірі ағаш жонып, бірі өлшеп дегендей, шеберлікті шыңдауға ден қойыпты. Елді қызықтырған жиналмалы бесік жасау жұмысы да қызып жатыр екен. Өндірістік оқыту шебері Роза Асанбаева бізді цех ішінде шәкірттерімен бірге ағаштан түйін түйген ағаш шебері Бақытбек Матеновпен таныстырды. Шәкірттерін өнерге баулыған ұстаздың осы оқу орнында қызмет еткеніне 40 жыл уақыт болыпты. «Осында оқыдым, осында еңбек етіп келемін» деген ұстаз Ы.Алтынсарин медалінің иегері екенін әріптесі Роза апай мақтанышпен айтты.
Мұнан соң әңгімеміз жиналмалы бесік жайына ойысты. Ұстазымен бірге уақыт талабына сай өнім жасауды мақсат еткен Зермұханбет ойлана келе жиналмалы бесік жасауды қолға алыпты. Көзбен көргеніміздей, бұл бесіктің кәдімгі бесіктерден еш кемшілігі жоқ. Артықшылығы - жиналатындығында. «Әсіресе, жолға шыққанда тиімді. Жинап алып кете беруге болады» дейді Зермұханбет Сапарбек.
Айта кетелік бұл колледжде «Жиһаз өндірісі» мамандығы бойынша 25 студент білім алуда. «Оқу орны қаламыздағы белгілі жиһаз жасайтын компаниялармен келісім-шартқа отырған. Мамандықты игерген жастар «ЖаниШ» және «Сыр жиһазы» секілді мекемелерге дайын маман болып барады» дейді өндірістік оқыту шебері Роза Асанбаева. Ұстаздармен әңгіме барысында алдағы уақытта ұлттық аспаптарды жасауды меңгеру жоспары бар екенін білдік.
Ағаштан түйін түю өнеріне қызыққан жастардың көбейгені бізді қуантты. 

0 пікір
Мұрағат