Дегерес қой тұқымы жойылып барады
Дегерес қой тұқымы жойылып барады
12 күн бұрын 691 24.kz Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Елде Дегерес қойы жойылып барады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл тұқым 1930-1980 жылдары Алматы облысында жергілікті қылшық жүнді құйрықты саулықты Шропшир және Прекос қошқарларымен будандастыру арқылы пайда болған. Балқаш ауданында өткен ғасыр соңында 130 мыңға жуық Дегерес қойы болса, бүгінде содан 6 мың бастай ғана қалыпты. Балқаш ауданындағы Миялы ауылының тұрғыны Асқар Сейдахметов «Дегерес» қой совхозы тарағанда 60 бас асыл тұқымды қойды пайға алған. Ол басқаратын шаруашылықта қазір 320 бас Дегерес қойы бар. Бұл биязы жүнді, құйрықты қой тұқымы табиғаттың қатал мінезіне өте төзімді келеді және шөп талғамайды. Жыл он екі ай бойы жайылып шығады. Саулығы 60, ал қошқарының салмағы 110 келіге дейін тартады. Өкініштісі, бүгінде Дегерес қойының саны күрт кеміп кетті.

Асқар Сейдахметов, қожалық басшысы: - Етті және жүнді. Қазір жүні өтпей қалды ғой, Үкіметтен қолдау жоқ. Ал еті өтіп жатыр, сапалы ет қой. Жүнді өртеп жатырмыз, шығарып жатырмыз. Не істейміз? Баға жоқ, алмайды ешкім. Үкімет зауыт құрса, фабрика құрса, өтеді ғой.

Нұралы Шүлембаев, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы: - Дегерес қойының ерекшелігі, бұлар суыққа да төзімді. Өзі жақсы, кәдімгі бұйра жүнді. Кілемге, көрпеге, бәріне жарайды. Қылшық жүнді емес басқа қойлар сияқты. Сосын бұлардың енді еті де дәмді. Қабырғасына да, құйрығына да біркелкі ет-майды жинайды. Жоғалып бара жатыр, иә. Сирек кездеседі қазір.

Миялылық шаруа Асқар Сейдахметов жоғалып бара жатқан осы бір қой тұқымын көзінің қарашығындай сақтап, көбейтуді өз алдына мақсат етіп қойған. Ол қазір 10 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Шаруашылық биыл 320 бас қойдан 270 қозы алды. Малшы табу қиын. Сол себепті, қой бағуға туған-туыс, дос-жарандары көмектесіп тұрады.

Азат Құтпанбетов, Балқаш ауданының әкімі: - Сонымен қатар, Миялы округіне қарасты «Ынтықбай» шаруа қожалығында 5200 бас осы Дегерес тұқымды қойы бар. Енді қазір мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге сәйкес шаруашылықтар мал санын ұлғайтуға жұмыс жасап жатыр.

«Кеңестік кезеңде Дегерес қой тұқымын шығару мақсатында көптеген ғалымдар еңбек етті. Енді сол есіл еңбек пен төккен тер зая кетіп барады. Бұл асыл тұқымды қой түрін сақтап, көбейту үшін Үкімет тарапынан қолдау қажет», – дейді шаруалар.  

 

0 пікір
Мұрағат