Енді қазақстандық балалар ел ішінде тегін ұша алады
Енді қазақстандық балалар ел ішінде тегін ұша алады
6 жыл бұрын 3357

Ұшақпен тегін ұшу тәжірибесі Ұлыбритания, Катар, Скандинавия елдерінде кең тараған

Биыл жаздан бастап ел ішінде туристік мақсатта ұшатын 15 жасқа дейінгі балаларға билет тегін беріледі. Бір ата-анаға ұшақ бортына өзімен бірге екі баланы алуға рұқсат етіледі. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда "Kids go free" қағидаты бойынша балалар тегін ұшуы үшін әуе бағыттарын субсидиялау көзделіп отыр. Растайтын құжатты көрсеткен жағдайда, бір ата-анаға өзімен бірге ұшақ бортына екі баланы алуға рұқсат етіледі.

"Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген дамыған елінде – Ұлыбритания, Катарда, Таитиде, Скандинавия елдерінде кең қолданылады", - деді Мұхамедиұлы үкімет отырысында. 

Ол қазір мемлекеттік бағдарлама енгізілгенін, оның бекітілуін күтіп отырғанын атап өтті.

"Мәселен, ата-ана ел ішінде демалатын болса, онда 15 жасқа дейінгі екі баласына тегін әуе билеттері ұсынылады. Тегін. Ел ішінде. Бұл бізге отандастарымызды өз елімізде қалдыруға мүмкіндік береді. Осылайша ақша да елде қалады", - деп түсіндірді министр үкімет кулуарында.

Аталған процедураны бір-екі айдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Осыны ескерсек, жаңашылдық осы жылдың шілде-тамыз айларында күшіне енуі мүмкін.

Сонымен қатар, келесі жылдан бастап барлық өңірде тегін "Балалар туристік пойызы" іске қосылмақ.

"Басымдық тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, білім беру жарыстарының жеңімпаздарына, үздік оқушылар мен басқаларға беріледі", - деді министр.

Қазір мәдениет және спорт министрлігі 2019-2021 жылдарға арналған балалар-жасөспірімдер туризмін дамытудың жол картасын жүзеге асырып жатыр. Онда республикалық және өңірлік деңгейде 100 мыңнан астам бала қамтылған.

0 пікір
Мұрағат