Арал маңындағы қаракөл қойы жойылып кеткелі тұр
Арал маңындағы қаракөл қойы жойылып кеткелі тұр
28 күн бұрын 307

90-шы жылдары ел бойынша 6 миллиондай асыл тұқымды ұсақ мал болған.

Сыр елінің шопандары қаракөл тұқымы жойылып кетудің алдында тұр деп дабыл қағып отыр. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Шенділерге шекпен мен бас киім тігілетін жұмсақ елтіріні кезінде Азия, Еуропа, тіпті, АҚШ импорттаған. Тоқырау жылдары қолдағы түлік басы бірнеше есе азайып, қазір қаракөлдің 98%-ынан айырылып қалдық. Сыр бойындағы шаруалар азын-аулақ малды сақтап, санын арттыруға талпыныс жасап көрген. Дегенмен, мемлекеттік қолдаусыз іс өнбей тұр. Қойдың не терісін, не жүнін өткізе алмай дал болған шопандар салаға жаңа көзқарас, инвестиция керек екенін айтады.

«Жүн өтпейді, болса да, жүн дегенді қазір кез келген жерге қырқып, тастап, өртеп кетеміз. Терісі де өтпейді. Оны бұрындары алатын еді, қазір мүлдем сұрамайды. Тері деген жатыр, оны да өртейміз. Жүн алатын, ет алатын, терісін алатын жер болса, бізге тиімділеу болар еді»,- дейді малшы Бағлан Тұртанов.

Бұрын Қаратау аңғарындағы жайлау-жайылымдарда жүз мыңдаған қой өрбіген. Кеңшарлар жаппай таратылғанда шопандар бірнеше жүз бас қоймен бөлініп шықты. Шаруалардың айтуынша, егер арнайы өткізу бекеттері ұйымдастырылса, агроөнім өндіру көлемін де ұлғайтуға мүмкіндік бар көрінеді.

«Қазіргі таңда аудан көлемінде тері, жүн өңдеу цехтарын салып, инвестиция бөлу үшін шаруашылықтарға ұсыныс айтып жатырмыз. Бірақ, ешқандай шаруашылық қызығушылық танытпай отыр», - дейді Жаңақорған аудандық ауыл шауашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бақыт Жексенбаев.

0 пікір
Мұрағат