Шөл даланың сығымдалған көз жасындай... (фото)
Шөл даланың сығымдалған көз жасындай... (фото)
4 жыл бұрын 3486 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Йемен — тарихтағы ең көне өркениет ошағы. Бір қызығы, бүгінде аңызға айналған өткен шақтан ажырағысы келмей сартап жұртта қалып қойғандай әсер беретін мына елді-мекен осы заманғы игіліктерден қалыс қалып қойған. Компьютер мен телефон байланысын былай қойғанда электрдің өзі жоқ. Тамды да бұрынғы әдіспен – саман кірпіштен соғады. Ата-бабаларының өмір сүру салты мен жолынан ауытқымай, тірмізіктеніп тіршілік етіп келеді. Төбесінен күн қақтаған жалаңаш таулы қыраттар мен жоталар, сөнген жанартаулар шөккен өлкедегі алып шатқалдың өзегінен тынбай ағатын өзені де жоқ. Уәди-Хадрамаут деп аталатын өңірде тек муссонды нөсер кезінде ғана табаны құрғаған жыра суға толып, бір жырғап қалады. Дәлірегі, аз уақытқа созылатын маусымдық бұл құбылыс жылына екі рет қана болады. Сөйтсе де ұшы-қиырына құс қанаты талатын осынау шөл далада бұл жер оазис саналады. Уәдиде осыдан бірер жыл бұрын тұрғындарының саны 7000 дейін жеткен Шибам шағын қаласында бүгінде санаулы жан қалған. Саман кірпіштен тұрғызылған қала көлденеңінен аумағын кеңіте алмайды, тек көкке өрлейді. Өйткені, жартаста орналасқан. 5-11 қабатты үйлер ұдайы жөндеуді қажет етеді, өйткені, балшықтан соғылған үйлер жауын кезінде мүжіліп, шөге береді. Маусымдық суды пайдаланып, жер тырмалап тіршілік ететін жергілікті жұрт үшін терезесінен бақылағанға қолайлы, алайда, сол дән еккен қолсозым жерге түсіп-қайту қиын. Ол үшін ылдилап, еңістен қайта көтерілу керек. 5 ғасырлық тарихы бар бұл елді-мекеннің күйі әлі күнге толастамаған соғыс басталғалы қашты. Бірен-саран тұрғыны қалған елді-мекенмен жалғайтын жол да төселмеген. Бұл елді-мекен  де ширек ғасырдан соң көзден бұл-бұл ұшып, көңілден ғайып болатын шығар. Осылайша тарихтың шаң басқан сөресінде ұмытылып, бірте-бірте ізі де қалмайын деп тұр. Өйткені, оны қорғауға алатын мемлекеттің қауқары шамалы. Соғыстан титықтаған халық өз қарақан басының қайғысымен әлек.

Хайд аль-Джазиль - дом и вид из деревни на долину

Угодья

0 пікір
Мұрағат