Модификацияланған лимфоциттер қартайған жасушаларды жояды
Модификацияланған лимфоциттер қартайған жасушаларды жояды
1 ай бұрын 481 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Алдымен лимфоцит дегеніміз не? Лимфоцит – иммундық жүйенің бір бөлігі болып табылатын қанның формалық элементі. Олардың қызметі организмге енген жат агенттерге қарсы бағытталған иммундық қорғанышты қамтамасыз ету үшін қан айналымын қамтамасыз етуге саяды.

Қартайған жасушалар жиналып, созылмалы ауруларды тудырмасы үшін оларды танитын Т-лимфоциттердің көмегімен жою керек. Уақыт өте келе біздің жасушамызда түрлі ақаулар пайда бола бастайды: генде мутация орын алып, зақымдалған ақуыздар жұмыс істеуден қалады. Әдетте жоғарыда айтылған ақаулар мен зақымдануларға жауап ретінде жасуша суициді бағдарламасы іске қосылады: жасуша өз-өзін жояды – айналасындағыларға қолайсыздық тудырмасы үшін. Кейде керісінше болып жатады: суицид бағдарламасы істен шығып қалады, соған байланысты жасушаның қартаюы жалғаса бермек. Біріншіден, қартайған жасушада бөліну тетігі істен шығатындықтан ол қатерлі ісікке ұрындырмайды. (Тіпті, көбею үстіндегі қатерлі ісік жасушаларының да қартаю тетігін қосу арқылы олардың одан ары көбеюіне  тосқауыл қоюға болады). Екінші жағынан, олар қоршаған ортаға қосындылардың тұтас жиынтығын, қабыну сигналдарын, өзге ақуыздарды ыдырататын ферменттер, т.б. бөліп, өзін қоршаған тіндерге кері әсерін тигізеді.

Қартайған жасушалар организмде қабынудың пайда болуына түрткі болып, атеросклероз қатерін арттырады, миды зақымдайды, қысқасы, өмірді қысқартуға атсалысады. Слоун–Кеттеринг атындағы мемориалды онкологиялық орталық ғалымдары қартайғанымен өз-өзін жоймаған жасушаларды жою үшін организмнің иммундық жасушаларын белсендіруге ден қойып отыр. Осы мақсатта олар CAR Т-лимфоциттер әдісін пайдаланып көрді. Бұл арада CAR дегеніміз chimaeric antigen receptor-ды білдіреді, яғни, антигенге химерлік рецепторы бар Т-лимфоциттерді білдіреді. Т-жасушалар белгілі бір нақты молекулаларды – антигендерді танитын беткі  жағындағы рецепторлардың көмегімен нені жою керектігін білетін болады. Алайда, рецепторлардың тиімділігі әрқилы болып келеді: ол ол ма, Т-лимфоциттерде қажетті антигенге рецепторы мүлде болмауы да мүмкін. CAR Т-лимфоциттер әдісінің мәні индивидтен Т-жасушасын алып, олардың рецепторын нақты антиген молекуласын танитындай етіп жетілдіруге саяды. Әдетте CAR T-лимфоциттерді тек қатерлі ісіктің антиген молекуласын ғана танитындай етіп рецепторларды жетілдіре отырып, қатерлі ісікке бағыттап жатады. Т-лимфоциттерді қартайған жасушаларға бағыттау мүмкін бе? Ол үшін алдымен тек қартайған жасушаға ғана тән әрі жасуша мембранасында орналасқан ақуыздарды табу керек. Адам мен тышқанның қартайған жасушаларынан жоғарыда айтылған белгілерге сай (қартайған жасушаға ғана тән әрі жасуша мембранасында орналасқан ақуыздарды айтып отырмыз) сегіз ақуызды тапқан болатын. Олардан қартаймаған жасушада кездеспейтін, қартайған жасушаны дегредациялауға белсенді қатысатын uPAR рецепторын іріктеп алған болатын. (Айтқандайын, uPAR (ерітінді күйінде) қартайған жасуша маңызды рөл ойнайтын сусамыр мен бүйрек ауруы, т.б, түрлі созылмалы аурулар маркерлерінің бірінен саналады). Ғалымдар бұл бағытта тышқандарға арнайы тәжірибе жүргізіп көрген екен. Тәжірибе барысында тышқанның Т-лимфоциттерін uPAR рецепторын танитындай етіп бағыттап, қайта тышқанның организіміне енгізеді. Nature  мерзімді басылымында айтылғандай, модификацияланған Т-лимфоциттер қартайған жасушаларды жойған. Әрбірден соң бұл жасушалар қатерлі ісік жасушалары болатын. Алдымен оларды қартаюға мәжбүрлеген еді – бөлінуін тоқтату үшін. Қартайған жасушаларға қарсы бағытталған CAR T-лимфоциттерді қатерлі ісікке қарсы қосымша емдеу тәсілі ретінде қолдануға да болады.

(ықшамдалып алынды)

0 пікір
Мұрағат