Иммунитеттің өз иесіне шабуының бір сыры...
Иммунитеттің өз иесіне шабуының бір сыры...
3 жыл бұрын 3585 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Стрестің адам денсаулығына зиян келтіретіні, тіпті, кейде қандай да бір нақты себеппен байланысы жоқ ауруларды тудыратыны белгілі. Бұл жайында islam.kz порталы Израилдің Хайфа қаласындағы халықаралық медицина орталығының бұл бағыттағы зерттеуіне қатысты деректерге сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Десе де ғалымдар бұл арада стресс әсерінің аутоиммундық ауытқулармен (иммунитет өз тіні мен жасушаларын жатсынып, зақымдайды) нақты қандай байланысы барын түсіне алар емес. Әдетте мұндай ауруларға псориаз, 1-ші типтегі сусамыр, шашыраңқы склреоз, қызыл жегі, витилиго, т.б. жатады. Бұл сауалдың жауабын израилдік Бар-Илан университеті мамандарының зерттеуінен таба аламыз. Ғалымдар көз жеткізгендей, стрестік жағдай ішек бактериясына әсер етеді, ал ол өз кезегінде иммундық жүйенің жасушаларына ықпал етіп, нәтижесінде аутоиммундық реакцияның өршу ықтималдылығын арттырады. Реакция иммундық жүйенің иесінің жасушаларына шапқан кезде пайда болады – қабыну процесін тудырады. Ғалымдар аутоиммундық аурулардың тұқым қуалайтын қатерін жоққа шығармаса да ондай аурулардың экологиялық және генетикалық факторлардың өзара күрделі байланысының нәтижесінде дамитынын да теріске шығара алмайды. Бұл бағытта арнайы зерттеу жүргізген иммунолог дәрігер Орли Авнидің жұмысы экологиялық қатерлерді (мәселен, психологиялық және әлеуметтік стресс) талдау мен бағалауға негізделген. Бұл тарапта кеміргіштердің екі тобына тәжірибе жүргізіледі, нәтижесіде әлеуметтік факторлардан болатын стресс олардың микробиомының құрамында өзгерістер тудырған. Мәселен, бірінші топтағы тышқандар агрессивті әрі күші басым ұяластарымен қақтығысып қалу қатерімен күн сайын бетпе-бет келетін еді. Ал екінші топтағылары әдеттегі қалыпты ортасында тіршілік етті. Бірер күннен соң ғалымдар екі топтағылардың да ішек микробиомын сараптап, зерделеген болатын. Ғалымдар стресс алған тышқандарда бұрын шашыраңқы склероздан зардап шегетін науқастың бойынан табылған, аутоиммундық ауруларға ұшырататын микробтар деңгейінің көтеріліп кеткеніне куә болды. Бұдан бөлек, олардың мінез-құлқы өзгеріп сала берген. Стресс бактерияда агрессиямен байланысты генді белсендірген. Осылайша өзгеріске ұшыраған патоген ішектен организмнің өзге бөліктеріне, соның ішінде лимфатикалық түйіндерге көшуге қабілетті келеді, ал бұл өз кезегінде иммунитеттің агрессиялық реакциясын тудырады. Стресс алған кеміргіштердің лимфатикалық түйіндерінде белгілі бір патогендер деңгейінің артып, аутоиммундық тетікте болатын жасушалар көбейген болатын.

(ықшамдалып алынды – ред.)

0 пікір
Мұрағат