Араның уы ең қатерлі ісіктің бетін қайтаратын болып шықты
Араның уы ең қатерлі ісіктің бетін қайтаратын болып шықты
4 жыл бұрын 10240 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Австралиялық ғалымдар бал арасының уын үш мәрте жағымсыз сүт безінің обырына қарсы емдік мақсатта қолданып, тиімділігін байқап көрді. Аталған ауруды жеңу өте қиын, сол себепті, емдеудің осындай баламалы тәсілдері мыңдаған науқастардың үміт отын тұтатады. Неге үш мәрте жағымсыз дейді? Олай деп айтылатын себебі, оның жасушасында эстроген, прогестерон рецепторлары мен HER-2 ақуызы болмайды. Бұл өз кезегінде осынау қатерлі ісік түріне қарсы гормаоналды терпапияны қауқарсыз етеді. Алғашқы сатысында тарала (метастаз) бастайды. Ал химиялық терапиядан кейін қайта пайда болу ықтималдылығы жоғары, бұдан бөлек, қатерлі ісікті сылып тастағаннан кейін науқастың тірі қалуы неғайбыл, яғни, аман қалу мүмкіндігі төмен. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі шетелдік ғылыми мерзімді басылымдарға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сиара Даффи есімді Гарри Перкинс медициналық зерттеу институтының және Батыс Австралия университетінің ғалымы мен оның әріптестері бал арасының уында кездесетін мелиттиннің үш мәрте жағымсыз сүт безі қатерлі ісігінің бетін қайтаратынын дәлелдеді. Nature мерзімді ғылыми басылымында жарияланған бұл бағыттағы зерттеуге қатысты мақалада айтылғандай, мелиттиннің белгілі бір концентрациясы кәдімгі дене жасушасына мейлінше аз әсерімен-ақ қатерлі ісік жасушаларын 100%-ға дейін жоя алуы мүмкін. Қатерлі ісік жайлаған жасушалардағы мембрананы бар-жоғы 60 минуттың ішінде толық бұзып бітуі де мүмкін екенін айта кету керек. Ғалымдар мелиттиннің қатерлі ісік өсіп-өнуі үшін пайдаланатын сигнал жолдарын «істен шығаратынына» көз жеткізіп отыр. Бұған қоса, аталған удың әсерінен жасуша мембранасында саңылау пайда болады, бұл өз кезегінде дәрінің сіңіуіне көмектеседі. «Мелиттин аздаған молекуламен немесе доцетаксел секілді химиотерапевтік дәрілермен қолданылуы мүмкін. Мелиттин мен доцетаксел комбинациясы тышқан бойындағы қатерлі ісіктің өсуін мейлінше тиімді төмендетеді»,- деді ғалым. Айта кететін жайт: сүт безі қатерлі ісігіне қарсы мелиттиннің тиімділігі алғаш рет зерттеліп отыр. Бал арасының уы қатерлі ісік жасушаларына әсері бұрыннан белгілі болса да. 1950 жылы Nature мерзімді ғылыми басылымында ара уының өсімдіктегі қатерлі ісіктің өсуін қалай төмендеткені турасында мақала да жарияланған болатын. Соңғы жиырма жыл ішінде ғалымдар мелиттинге жете назар аудара бастады. Өйткені, мелиттин өкпе обырына, лейкемияға, жатыр мойны обырына, ұйқы безінің қатерлі ісігіне, т.б. ем қонуы қиын ауруларға қарсы тиімді күрес құралына айналып келеді.

0 пікір
Мұрағат