Адамды көлеңкесіне қарап танитын технология ойлап табылды
Адамды көлеңкесіне қарап танитын технология ойлап табылды
5 жыл бұрын 3277 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Адамды жүзінен, даусынан, саусақ ізінен, қимыл-қозғалысынан, жүріс-тұрысынан, дене бітімі мен түр-тұлғасына қарап танитын технология жетілдіріліп, ендігі жерде адамның өзін қойып, оның көлеңкесінен танитын деңгейге жетті. Ресейлік NtechLab компаниясы адамды көлеңкесінен танитын технология ойлап тапты. Бұл технология не қажет? Мәселен, қылмыскердің бет-бейнесі камераға түспей қалды делік, алайда, оның көлеңкесі таспаға тартылып қалған болса, сол көлеңкесі арқылы тауып алуға болады. Аталмыш технологияны ойлап тапқан NtechLab компаниясының бас директоры Александр Минин осылай деп отыр. Қазіргі уақытта аталмыш технология Мәскеу қаласында жан-жақты сынақтан өткізіліп жатыр. Кейін РФ-ның барлық аумағында қолданатын болады. Технология жетілген сайын адамдардың жеке басының мәліметтерін сақтау, хакерлерден қорғау, қылмыскерлерден сақтандыру өзекті мәселеге айналған. Бұл бағытта аталмыш технологияның тигізер көмегі көп болмақ. Әсіресе, адамның дүние-мүлкін бопсалау, айдап салу, арандату, т.б. секілді қылмыс үшін персоналды дерегін ұрлау етек алып бара жатқан қазіргі заманда, тіпті, адамның жеке басының мәліметтері (түр-тұлғасы, саусақ ізі, даусы, т.б.) де қолды болуы мүмкін. Осы орайда адамды көлеңкесінен тану технологиясы өзінің күрделі сипатымен персоналды мәліметтерді сақтауға көмектесе алады. Десек те ең басты проблема камералардың әртүрлі болуында жатыр. Кей камералар түрлі-түсті, кейбірлеулері ақ пен қараны ғана ажыратады, кей камералар жоғарыдан бақылағанға қолайлы болса, кейбіреулері төменнен дегендей, т.б. Аталмыш компания осы мәселені шешу жолында ізденіп жатыр. Біз сөз етіп отырған NtechLab компаниясы 2015 жылы құрылған. Яғни, аяғын енді әрпіл-тәрпіл басқан сәбиге ұқсайды, соған қарамастан осындай жетістікке жетіп отыр. Адамның жүзін тану бойынша алгоритмдерді құруға арналған нейронды желі саласында алдыңғы қатарлы әдіс-тәсілдерді меңгеруді мақсат етеді.

0 пікір
Мұрағат