Адамдарды камерасыз "аңдудың" тәсілі табылды (видео)
Адамдарды камерасыз "аңдудың" тәсілі табылды (видео)
4 жыл бұрын 8633 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Осы заманғы технология жетілдірілген сайын құпия құпия болудан қалып барады. Адам камераның көмегімен өз өмірін неғұрлым қауіпсіз етемін деп, тырысқан сайын былайғы көзден қалтарыста ұстайтын жеке өмірінің жасырын тұсы қалмай барады десе де болады. Түрлі тың зерттеулерімен және ғылыми жаңалықтарымен аты шыққан Массачусет технологиялық институтының ғалымдары видео камерасыз-ақ адамның қай бөлмеде отырғанын немесе үйдегі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік беретін тәсіл тапты. Бұл жайында islam.kz порталы engadget.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, мәлім етеді. Видеосыз-ақ адамның қимыл-қозғалысын бақылауға арналған тәсілде сымсыз радиосигнал пайдаланылады. RF-Diary деген атауға ие болған аталмыш жүйе адамның әрекетін жүріс-тұрысынан танып (яғни, идентификациялап) мәтін түрінде ақпарат беріп отырады. Қазіргі уақытта бұл алгоритмнің дәлдік тиімділігі 90%-ды құрайды. Дәлірегі, бұл жүйе адамның күнделікті тұрмысына тән әрекеттердің 30 түрінен астамын қамтиды. Соның ішінде, тағам әзірлеу, кітап оқу, ұйқы, т.б. RF-Diary үйдік картасын пайдаланады. Яғни, адамның қай бөлмеде не істеп жатқанын осы картаның көмегімен бақылай алады. Радиосигналдың тағы бір артықшылығы – видео камера секілді жарықты қажет етпейді. Қабырғадан оңай өтетіндіктен видео камера секілді тек белгілі бір аумақты ғана қамтып қоймай, ғимараттың барлық түкпір-түкпіріне дейін бағып отырады. Яғни, адамның ғимараттың ішіндегі видекамерадан қалтарыс жерде не істеп жатқанын да білуге мүмкіндік береді. Аталмыш жүйе сынақтан өтіп, тиімділігі тексерілді.

0 пікір
Мұрағат