Абдусамат Қасымның «ЗАМАН ТУДЫРҒАН СҰРАҚТАР» атты еңбегі жарық көрді
Абдусамат Қасымның «ЗАМАН ТУДЫРҒАН СҰРАҚТАР» атты еңбегі жарық көрді
4 жыл бұрын 10950
Белгілі исламтанушы Абдусамат Қасымның «ЗАМАН ТУДЫРҒАН СҰРАҚТАР» атты екі томдық еңбегі жарық көріп отыр. 

1200 беттен тұратын бұл екі томдық кітап -  автордың 6-7 жылдан бері islam.kz порталында жарияланып келген сұрақ-жауап жазбаларының топтамасы. Осы уақыт  ішінде оқырмандардың жеке өзіне жіберілген жауаптарды есептемегенде, сайтқа жарияланған сұрақ-жауаптардың саны екі мыңнан асқан. Аталмыш кітапта сол жария етілген сұрақ-жауаптардың ішінен қоғамға әрі мұсылман қауымына қажетті және актуалды деген сұрақ-жауаптар таңдалып, кітапқа енгізіліп отыр. 

Екі томнан тұратын бұл еңбектің бірінші томы: ақида (сенім), қоғам, медицина, экономика және әйелдерге қатысты мәселелерге байланысты қойылған сауалдардың жауаптарын қамтыса, екінші томында: намаз, ораза, зекет, құрбан, қажылық, неке және отбасы мәселелері сияқты Исламдағы ғибадат түрлеріне қатысты сауалдарға мейлінше жан-жақты әрі нақты жауаптар берілген.

Абдусамат Қасымның бұл еңбегі еліміздегі діни ағартушылық бағыттағы үлкен ізденіс пен табанды еңбектің жемісі. Автор осылайша еліміздің дін саласына сүбелі үлес қосып, оқырмандарды толғандырған сауалдардың жауабын заман талабымен, уақыт беталысымен сабақтастырып берген. 

0 пікір
Мұрағат