Түрікті танымал еткен «Байрактар»
Түрікті танымал еткен «Байрактар»
4 жыл бұрын 2972

Кез келген мемлекеттің әскери қарымы мен қабілетін бағалауда бірқатар фактор мен жағдай ескерілетіні анық. Дәл осы бағалау бойынша НАТО-ға мүше елдер арасында Түркия өзінің жауынгерлік әлеуеті арқылы бүгінде АҚШ, Ұлыбритания сынды алпауыттардан кем түспейтінмен дәрежеге жетті. Бұл елдің сонау 1952 жылы аталған әскери блокқа енгенін ескерсек, мұны ауыз толтырып айтарлық жетістік деп бағалаған жөн. Бұл тарапта jasqazaq.kz ақпарат көзінің мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. 

Американы астаң-кестең еткен әйгілі 11 қыркүйек оқиғасынан кейін АҚШ-тың ұшқышсыз басқарылатын дәл аппараты Ауғанстан мен Пәкістанда сынақтан өткізілді. Құралдың ұрыс кезінде басымдық әперетіні анықталған соң өзге мемлекеттер де осындай жаңа қаруға қол жеткізуге ұмтылды. Солардың қатарында Түркия да бар еді. Тарихқа көз жүгіртсек, Түркияның қорғаныс жүйесіне 1990-жылдары әкелінген тұңғыш ұшқышсыз әуе аппараты американдық GNAT және Израильдің Heron үлгілері бойынша жасалған. 2000 жылы GNAT-тың жетілдірілген нұсқасы болып саналатын Predator және Repaer әуе кемелерінің Түркияға сатуға АҚШ билігі келісім берген жоқ. Америкаға осы саладағы тәуелділіктен құтылудың жолын іздеген түріктер ендігі жерде төл құралын жасау жолдарын іздестіре бастады. Аз ғана уақыттың ішінде лаңкестік топтарға қарсы күресте басымдыққа ие болған жергілікті «Байрактар – ТВ2» дронын ұрыс алаңында қолдану соғыс түрік әскерінің қуатын екі есе арттырды.

Түрікті танымал еткен «Байрактар»

Селжүк Байрактар кім?

Түркияны технологиялық көштің алдыңғы қатарына шығарған осы «Байрактар-ТВ2» компаниясының атауы қай тұлғамен байланысты? Енді соған келейік. Селжүк Байрактар 1980 жылы 7 қазанда дүниеге келген. Отбасында ортаншы бала. Жас кезінде көк жүзінде самғауды армандапты. Онысын әлеуметтік парақшасындағы жазбасы арқылы былай жеткізеді.

«Ұшқыш болу арманымды жүзеге асыруда көп кедергіге ұшырадым. Соның бірі, «Зәйтүн бұтағы» әрекетінің кесірінен тағы 9 айға кейінге қалдыруға тура келген оқуымды ақыры бітіріп, міне, сол арманыма 2019 жылы ғана жеттім» дейді.

Селжүктің ата-анасы 1980 жылдары «Bayraktar Makinе» көлік құрастыру компаниясының іргесін қалап, әлі күнге дейін осы кәсіпті дөңгелетіп келеді. Ғылым мен өнертапқыштық қасиетпен бірге отбасылық компанияның техникалық директоры қызметін де қоса атқарады. Ол Түркия президентінің қызы Сүмеяға үйленеді. Айбике есімді сүйікті қыздың әкесі. Дегенмен, Селжүкті жетістікке жеткізіп, атын шығартқан Түркиядағы ең ауқатты отбасылардың бірі саналатын Байрактардың ұлы немесе көпшілік топшылағандай, Режеп Тайып Ердуанның күйеу баласы болғандығынан емес. Оны биік белеске көтерген ұлтжандылығы, білімпаздығы, сондай-ақ, техникаға деген шексіз құштарлығы.

«…Ұшқыш болу, өз ұшағымды жасау бала күнгі арманым еді. Кішкентайымнан авиация саласына деген қызығушылығым өте күшті еді. Бұған инженер отбасында дүниеге келгенім әсер етсе керек. Әкем мені жастайымнан ұшқыштар дайындайтын курсқа берді. Жалпы, аспан көгінде бір мәрте қалықтадыңыз ба, одан кейін өзіңді тоқтату қиын. Отбасылық «Байкар» (техникалық директоры) компаниясын әкем 1985 жылы құрды. Сондықтан болар, жастайымыздан еңбекке араласып өстік».

Селжүк, авиация мен тылсымы мол техника әлеміне қалай келгенін осылай еске алады. Талапты жігіт Америкадағы Пенсильвания университетінің магистратурасын электротехника мамандығы бойынша бітірген. Массачусетс техникалық университетінде докторантурада оқыды. Селжүк шетелде жетілдірген білімін туған елінде кәдеге жаратуды өзінің азаматтық борышы деп біледі. Осындай ұстанымды ту еткен өнертапқыш өзі жасаған ұшқышсыз басқарылатын ұшақтарын көрсеткен кезде Түркияда ондай әуе кемесіне қатысты бағдарлама бар-тұғын. Оны «Turkish Aerospace Industries» әуе-ғарыш компаниясы іске асырып жатқан. Алайда, сол кездегі түрік шенеуніктері отандық әскери өнімге бет бұрудан гөрі АҚШ пен Израиль сияқты елдерден техника сатып алу тиімдірек деп санады. Міне, сол кездері жас инженер Түркияның әлгі екі елге деген тәуелділігін ашықтан-ашық сынға алды. Осындай қайсарлығы мен бірбеткей мінезі арқылы өз елінде таныла бастады. Әрине, Селжүк құрастырған ұшқышсыз аппаратты ел игілігіне жарату бірден оңайға соққан жоқ. Сынақтан өтпей тұрып, үкімет «Bayraktar-TB2-ге» сенімсіздікпен қарады. Содан болар, жаңа құралды қорғаныс жүйесінде пайдаланудан үзілді-кесілді бас тартты.

«… Менің төрт жылым Оңтүстік-Шығыста өтті. 40 шаршы метрлік бөлмеде 10 жыл тұрдым. Ең соңғы рет, президенттің күйеу баласы болғаннан кейін де «Зәйтүн бұтағы» операциясы кезінде ұшақ тұрағында 4 ай жаттым. Кейде кабинада, контейнерде түнедім. Ұшақтың қасынан, тіпті, 100 метр алыс кетпедім. Мен бүгінгі жетістікке жету үшін ақшамды салдым, тер төгіп, еңбек еттім. Әсілі, мұнда ақшаның пәлендей рөлі жоқ. Өйткені, мен бұл іске рухымды арнадым» (Жергілікті телеарнаға берген сұхбатынан үзінді).

2006 жылы Селжүк Байрактар ойлап тапқан құрал Түркиядағы ұшқышсыз басқарылатын шағын дрондар байқауында үздік деп танылды. Тек содан кейін елдің оңтүстік-шығысына осындай 19 құрылғыны апаруға рұқсат берілді. Алдымен 2009 жылы, содан кейін 2015 жылы екінші рет комиссия алдында сынақтан сүрінбей өтті.

«Bayraktar-TB2» бұдан былай Түркия әуе операцияларында беткеұстар жойқын күшке айналды. Ол 7 мың метр биіктікте 24 сағатқа дейін ұша алады. Жердегі станса арқылы басқарылады. 150 шақырымға дейінгі қашықтықта салмағы 55 келіге жететін жүкті көтере алады. Аппараттың жалпы ұшу уақыты айына 6 мың сағатқа жетеді.

«Мәселе – артыңда ғажайып туындылар қалдыруда емес. Мәселе — сол туындыларға қатысты пікірлердің адамдарды, ал адамдардың әлемді өзгертуінде» («Твиттер» әлеуметтік желісіндегі жазбасынан.)

Түрікті танымал еткен «Байрактар»

«Bayraktar-TB2» несімен ерекше?

Құрылғының техникалық сипаттамасына тоқталып өтер болсақ, «Bayraktar-TB2»-нің максималды ұшу салмағы – 650 келі. Идлиб аспанында ойран салған құрылғының қанаты – 12 метр. «Ротакс-912» қозғалтқышының қуаты 100-ге тең. Крейсерлік ұшу жылдамдығы – 130 км/сағ, болса, ең жоғары жылдамдығы – 222 шақ/сағат. Техникалық жағынан қуатты құрылғының әсер ету биіктігі – 150 шақырым, ал ұшу биіктігі – 8200 метр. Түрік әскерлері пайдаланатын 75-тен астам «Bayraktar-TB2» шағын ұшқышсыз әуе көлігі электроникалық, компьютерлік бағдарламамен жабдықталған. Бүгінге дейін 100 мыңнан астам операциялық ұшу сапарын жүзеге асырған құрылғыны теңдессіз техникаға айналдырған негізгі қасиеті – қолайсыз ауа райы кезінде де қолданылуында.

Жаһандану кезеңінде қандай да бір елдің қуатты техникасының саны мен сапасының артуы – оның ғылыми әлеуетінің басымдыққа ие екенін білдірсе керек. Бәсекелестік артықшылықтың туындауына ықпал ететін басты фактор да осы. Бұл сөзімізге Түркияны ірі державалармен терезесін тең қылып, иық теңестірер жағдайға жеткізген «Bayraktar-TB2» құрылғысы бірден-бір дәлел. Түріктің төл туындысы қазірдің өзінде сұранысқа ие. Соңғы деректерге қарағанда, оны Әзірбайжан да сатып алмақшы. Демек, Селжүк Байрактардың инновациялық ұмтылысы елдің қорғаныс жүйесіне басымдық әкеліп қана қоймай, қару-жарақ экспортын жүзеге асыруға да жол ашып отыр. Ең бастысы, отандық өнімді өндіруге деген құлшынысты оянуына ықпал етті.

Нұргүл ЖАМБЫЛҚЫЗЫ

Тақырыпқа тұздық

Нұреттин АҚсу, журналист (Түркия):

Сыртқы тәуелділіктен құтылды

Түркияны қорғаныс өнеркәсібі саласы бойынша сыртқы елдерге деген тәуелділіктен құтқару үшін алдымен қорғаныс өнеркәсібі нысандарын жаңғырту қолға алынды. Бұрын бұл сала ұлттық қорғаныс министрлігінің қарамағында болатын. Ұлттық қорғаныс министрлігі мен ішкі істер министрлігіне қажетті қару-жарақ өндіретін фабрика мен нысандар бар еді. Солардың бірі – «Көлік құрастыру және химиялық өнеркәсіп қару-жарақ зауыты». Мемлекетке қарасты бұл мекеме әскерилер мен ішкі істер министрлігіндегі полиция қызметкерлерін қарумен немесе құрал-жабдықпен қамтамасыз ету үшін құрылған. Бұдан бөлек, әскерилер мен полиция өкілін электронды қарумен қамтамасыз ету үшін құрылған «Аселсан», яғни, әскер-электроникалық өнеркәсібін, «Танк Палет» және бронды көлік жасау зауытын, ұшақ өнеркәсібімен айналысатын фирманы атауға болады. Соңғысы фирма әскери ұшақтарды жөндеу, модернизациялау жұмыстарымен айналысады. Бұлардың барлығы мемлекеттік мекемелер.

Соңғы уақытта әскери және өнеркәсіп нысандарын жекешелендіру жұмысы қолға алынды. Мұндағы мақсат – бюрократиялық қайта құрылым жұмысында жылдам шешім шығару барысында орын алған қиындықты жою. Тағы бір мәселе, бұрын ұшқышсыз ұшақты Израильден алатынбыз. Мәселен, танкті Германиядан сатып алатынбыз. Сатқанымен олар сол танктердің бағдарламасын бермейді. «Бұзылып қалса өзіміз жөндеп береміз» дейді, әрі өздері бекіткен аймақта ғана қолдану сияқты шектеулер қоятын. Қысқасы, осы салада сыртқы елдерге тәуелді едік.

Қазіргі таңда ұшқышсыз ұшақ, олардың бағдарламалары, тіпті, F-15, F-104 секілді ескі ұшақ түрін жаңарту жұмысы Түркияда да жасалуда.

Дерия Дениз, журналист:

Соңғы он жылда Түркияның қорғаныс өнеркәсібінде сырт елдерге деген тәуелділігініңе дәуір деңгейде азайғаны рас. Түркияның осындай іргелі салаларға қолдау көрсетіп, өз өнімдерін шығаруды көздегені нәтиже бермеді емес, берді. 15 жыл бұрын бұл салада сырт елдерге деген тәуелділік 60 пайыз шамасында болса, бүгінде бұл көрсеткіш қазір 30 пайызға дейін төмендеді. Бұл дерек билік тарапынан жасалған мәлімдемелерден де нақтылана түсуде. Алайда, сол мәліметтердің дұрыс-бұрыстығына қатысты әлі де талас бар. Тәуелділіктің азайғаны рас. Бірақ, қанша пайызға азайғаны тартысты мәселе. Қорғаныс өнеркәсібіндегі сияқты, энергетика саласында да сырт елдерге деген тәуелділікті азайту үшін бірқатар қадамдар жасалуда. Мәселен, бірінен соң бірі жылу стансалары салынуда. Әйтсе де сондай стансалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына зиян орасан келтіретінін айтпаса тағы болмайды. Олардың осындай зияндылығына қарамастан, билік «энергетика саласында сыртқы елдерге деген тәуелділікті азайтамыз» деген мақсатты көздеп отыр.

0 пікір
Мұрағат