Күніне бес уақыт намаз оқимын: Хиджабтағы бойжеткен қалайша супермодель атанды
Күніне бес уақыт намаз оқимын: Хиджабтағы бойжеткен қалайша супермодель атанды
4 жыл бұрын 3891

Жалаңаш жүру мен сексуалдылық үстемдік құрған сән әлемінде Халима Аден подиумға хиджаб киіп, салмақты образбен шығады. Жанкүйерлері сұлулығына тамсанса, сыншылар оны дінді қарабет қып жүр дейді. Сомалиден келген босқын, аса консервативті ортада өскен Халима екі-ақ жылдың ішінде карьера жасап, сән көрсетіліміндегі атақты адамдардың біріне айналды,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентті BBC басылымына сілтеме жасап.

"Бес уақыт намазымды толық өтеуге тырысамын, бірақ, кейде уақыт тапшы болып жатады", - дейді Халима. 22 жастағы Халима Аден британдық Vogue журналына түскен алғашқы хиджаб киген модель, әдетте жалаңаш модельдер түсетін америкалық Sports Illustrated журналына да алғашқылардың бірі болып буркинимен фотоға түскен.

Халиманың мақсаты - этникалық шығу тегі мен діни көзқарастарына қарамастан, әлемнің әр түкпіріндегі арулардың подиумға шығуына жол ашу.

Бойы 166 см бола тұра топ-модельді Max Mara мен Yeezy Канье Уэст сияқты люкс брендтерінің көрсетіліміне жиі шақырады. Екі жыл бұрын ол IMG Models ең мықты сән агенттігімен келісімшартқа отырған бірінші хиджабтағы модель атанды. 

"Барлығы жама болып жаста да, кастингтен өтпесем де көңілімді түсірмеймін. Дінге сенімім бар ғой. Ол маған сенімділік сыйлап, тұла бойымды бүтін етеді", - дейді Халима.

Халима Кениядағы босқындар лагерінде дүниеге келген. Оның отбасы Сомалиден шыққан: 90-жылдары Африкадаға қантөгіске толы соғыстан қашып шығады. Анасы Кенияға 12 күн жаяу жүріп жеткен. Халима алтыға толғанда анасы мен бауыры үшеуі Америка көшіп кетеді. Ал әкесінен соғыс кезінде ажырап қалады.

"Мен босқындар лагерінде өскенмін, сондықтан да сырты жылтыр мына дүниенің бір уақытта жоқ боларын білемін және мен оған дайынмын"- деді Халима. 

Айтуынша, жасөспірім кезінде құрдастарымен сөзге көп келген. Оның басындағы орамалына қарап, шашы кір деп немесе террористер туралы айтып қылжақтаған. 

Халима 19-ға толғанда алғаш рет хиджаб пен буркини киіп шыққан "Мисс Миннесота" сайысының қатысушысы болған. 

"Мен әрқашан сұлулық сайыстарына қатысқым келетін. Бірақ мен сомалилықпын, ал бізде ондай дүние болған емес. Сайыстан соң құрдастарыма бикини кигендердің жанында буркини киюге болатынын айтып бердім. Біз басқаша көрінсек те, жаңа дүниені тануға ешкім кедергі келтіре алмайды",- деді Халима. 

Сайыстан соң Халима IMG Models сән агенттігінің ұсынынсын қабыл алады.

Халиманың анасы қызының таңдауына қарсы, оның ойынша сән әлеміндегі қызмет дінге қайшы. Анасы дін негізін қатты ұстанатын, қара жамылып жүретін мұсылман әйел. "Халиманың көпшілік ортада жүруі, көз тіге қарайтын ер адамдардың ортасында болғаны маған ұнамайды", - деді анасы Al Jazeera-ға берген сұхбатында. Ал Халиманың өзі оның жұмысы үйдегілеріге зиянын тигізбейтінін, анасының сеніміне ие екенін айтты.

Сонымен қатар, оның жақындары сән әлемін дұрыс түсінбейтінін және жалаңаш жүреді деп қауіптенетінін де жасырмады. Алайда, бүгінде Халиманың жетістіктеріне қуанатындар көп. 

Бір миллионға жуық оқырманы бар инстаграм парақшасында Халиманың фотолары көп лайкпен қатар сынның астында да қалады. Желі қолданушылары бикештің кейбір суреттері тым дарақы деп пікір қалдырады. Оның оқырмандары әр түрлі елден жиналған мұсылман қыздар. Халиманы сұлулық символы ретінде танып, оның әр басқан қадамына қуанатындар көп.

Дүние жүзі Халиманы жабық киімді насихаттайтын modest fashion/қарапайым мода өкілі деп таниды. Алайда, кейбір сарапшылар: "Халиманың кейбір киімдері оның діни ұстанымына қайшы келіп жатады. Дінге берік қыздардың ашуына тиіп кетеді кейде. Айталық Халима өз фотоларында тізеден жоғары белдемше немесе қатты тыртысқан көйлек те киеді. Соған қарап көпшілік сақсына қарайды", - деді.

Ол келісімін берсе де, өз шартын айтады: түсірілімде хиджаб кию, подиумға да тек хиджабпен шығу. "Мен бала күнімнен бері хиджаб тағамын. Ол мен үшін туфлимен бірдей, тастай алмаймын", - деді. 

Халиманың жарнамалайтын киіміне қатты мән береді. Оның сенімі бойынша қол, білек пен табанынан басқа жерін жалаңаштай алмайтыны туралы келісімшартында көрсетілген. 

"Мен  менеджеріммен саяхаттаймын және ол ылғи әйел. Түсірілім кезінде тек ер адамдар болса, ол маған көмектеседі"

Кейбір көрсетілімдерде Халима үшін арнайы картон қағаздан жасалған бөлме дайындалады. Әрі гримерка, әрі киінетін жер. Халима басқалардан тасада болу үшін жасалады. 

"Мен -мұсылманмын. Подиумда немесе одан тыс жерде де ойымда әрқашан мұсылмандық тұрады. Сондықтан сәнгерлер мен ұйымдастырушылар менің бар жағдайымды жасайды", - деді Халима.

Кейбірі басқа пікірде екенін жасырмады, оның мұсылмандыққа жат образын сынады.

"Өтінемін, тоқтат. Сен біздің дінімізді қаралап жатсың, ұялсаңшы", - деп жазды Min_xi деген қолданушы. 

"Хиджабтағы қыз бұлай жүрмеуі керек. Егер өзіңді мұсылманмын десең, бұлай жасама", - деп жазды itsshahed_. 

Сарапшылардың бағасына сәйкес 2023 жылы ислам нарығындағы киімдер 361 млрд долларды құраған, ол 2017 жылмен салыстырғанда үш есе көп. 

Халиманың айтуынша, өзгеріске жету үшін өзіңді емес, ойын ережесін өзгерту керек. Және оның қолынан өзгеріс жасау келіп жатқан сияқты.

"Қазір подиумде хиджаб киетін қыздарды көп көруге болады. Агенттікте де көп, қалыпты жағдайға айналып барады", - деді Халима. 

Кейбір мұсылман елдерінде хиджабсыз жүруге тыйым салынған. Сыншылардың айтуынша, Халиманың хиджаб киюі ислам әлеміндегі әйел үшін киім киісте шектеу қоюды қолдап отыр. Бұған қарсы Халиманың өз жауабы бар.

"Ешбір елде әйел адам өз қалауына қарсы хиджаб киюге міндетті емес. Дәл сол сияқты қалауынан тыс оны шешуге де жол жоқ. Өзімді әдемі әрі сенімді сезінетіндіктен мен хиджаб киемін. Хиджаб туралы айтсақ, бірден жағымсыз пікір пайда болады. Бұл тақырып тым саясиланып кеткен. Мен ол ұғымды өзгерткім келеді. Мен жаспын, сән әлемін сүйемін, жаным мен сезу қабілетім бар. Өзгелерден ерекше ештеңем жоқ", - деді ол.

0 пікір
Мұрағат