Жерасты суына жаһандық жылынудың тигізер кері әсері
Жерасты суына жаһандық жылынудың тигізер кері әсері
5 жыл бұрын 2675 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ғалымдардың халықаралық тобы жаһандық жылынудың жерасты суына тигізер зиянын салмақтай, сараптай келе бұл процесті «баяу тұтанып, кейін бой бермей кететін апатқа» теңеді әрі жүздеген немесе мыңдаған жылдардан кейін оның жоюға келмейтін зардабының адамзатқа ауыр болатынын жеткізді. Енді бір ғасырдан соң жерасты суының жартысы жаңа режим бойынша толығады, жауын-шашынның мөлшері мен қарқынына байланысты. Бұл айында Nature мерзімді басылымында кеңірек әрі толығырақ баяндалған. Жерасты суы – қоры мол тұщу су көзі. Жерасты суын бүгінгі таңда шамамен екі млрд адам пайдаланып отыр. Жерасты суы әдетте климатпен әрі жауын-шашынмен тығыз байланысты және жерасты суы климатқа өз әсерін тигізеді. Алайда, осы уақытқа дейін бұл фактор жаһандық жылынудың себеп-салдарын зерделеуде қаперге алынбай келген болатын. Ғалымдар жерасты суының гидрологиялық деректерін талдады әрі жүз немесе одан да көп жыл ішінде климаттық өзгеріске жерасты суының қалай «жауап қататынын» қадағалауға мүмкіндік беретін компьтерлік бағдарламаны жасады. Белгілі болғандай, жерасты суы ұзақ уақытқа созылатын гидравликалық жадыға (ағылшынша - hydraulic memory) ие. Яғни, жер бетіндегі жауын-шашынның мөлшері мен қарқынына байланысты өзгеріп отыратын режимге қарай баяу толығады. Бұл реакция  (great response time, GRT) орташа есеппен алғанда алты мың жылға созылмақ. Жауын-шашын аз түсетін құрғақшылық жайлаған өңірлерді ескермегенде гидравликалық жады әдетте 1200 жылға созылады. Жерасты суының тек 44 пайызы ғана бері алғанда тек жүз жылдан соң ғана тепе-теңдіктің жаңа жағдайына жетеді. Бұл нені білдіреді? GRT-сы аз жерасты суы құрғақшылық жайлаған кезде тез таусылады, алайда, жауын-шашын мол түссе, тез толығады. Ал GRT –сы көп құрғақшылық жайлаған өлкелерде жерасты суы қысқа мерзімді климаттық өзгерістің әсеріне көп ұшырай қоймайды. Десе де ондай жерасты суы толығуы үшін, яғни, құрғақшылықтан пайда болған шығынның орнын толтыру үшін талай уақыт кетеді, тіпті, мыңдаған жылдарға созылады. Мәселен, әлемдегі ең үлкен шөл – Сахара астындағы тұшшы су көзі осыдан он мың жыл бұрынғы өзгерістің салдарынан әлі толған жоқ. Осыған байланысты жерасты суын пайдаланар алдында оның ұзақ мерзімді стратегиясын ескеру керек.

0 пікір
Мұрағат