«Көзіне шөп салғаны» үшін сыңарын жазалайтын құс
«Көзіне шөп салғаны» үшін сыңарын жазалайтын құс
4 жыл бұрын 3117 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Әдетте торғайлар бір сыңарымен шектеліп, жұп құрады. Өзі таңдаған сыңарымен ұрпақ өрбітеді. Алайда, олардың арасында да сыңарының «көзіне  шөп салатын опасыздары» бар болып шықты. Бір қызығы, ұрғашы торғайлар еркегінің «көзіне шөп салады» екен. Лондонның империялық колледжінің орнитологтары анықтағандай, ұрғашы торғайдың мұндай қадамға белгілі бір себептермен, дәлірегі, қажеттіліктен барады. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары Англия мен Уэльс арасында орын тепкен Бристол шығанағындағы қорықта жүргізілген. Ғалымдар 313 моногамды жұп құрып үлгерген торғайдың 200 еркегі мен 194 ұрғашысын ұдайы қадағалаған екен. Торғай ұрғашысының еркегінің «көзіне шөп салуына» адамдарға тән романтикалық сезімнің еш қатысы жоқ – генетикалық себеп, дәлірегі, дені сау ұрпақ өрбіту үшін осындай қадамға баратыны белгілі болды. Десе де торғайдың ұрғашысы осы опасыздығы үшін еркегінен «сыбағасын алады». Алданған еркегі сыңарынан өзінше кек алады: балапандар үшін азықты аз әкелу арқылы. Яғни, ересек торғайлардың бұл әрекетінен ең алдымен балапандар зардап шегеді. Қоректің жетіспеуінен кей әлжуаз балапандар ұяда өліп қалады. Аталмыш зерттеу нәтижесі көрсеткендей, торғайлардың өзінің кіндігінен тарамаған балапанды иісінен ажырататын биологиялық тетігі жоқ. Сол себепті, еркегі салған ұяда балапан өрбітсе, онда еркегі мұны адалдықтың нышанындай қабылдап, балапандарға азықты молынан таситын болады. Еркегі сыңарының өзіне опасыздық жасағанын қалай біле алады? Торғайдың еркегі фертилді кезеңдегі ұрғашысының әрекеті мен қылығына жете назар аударып, жіті бақылайтын болады. Әсіресе, ұрғашы торғайдың еркегі салған ұядан тыс жерде көбірек жүрсе, осының өзінен күдіктенеді. Және бұл күмәні рас болып шығады. Бұл жайында nat-geo.ru ақпарат көзі хабарлады.

0 пікір
Мұрағат