Иранның мемлекеттік құрылымы (ерекшелігі)
Иранның мемлекеттік құрылымы (ерекшелігі)
4 жыл бұрын 5697 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Иран – әлемдегі тарихы мен мәдениеті тереңге кеткен ең ежелгі елдердің бірі. Иранның мемлекеттік құрылымы исламмен тығыз байланысты. 20 ғасырда шариғи талаптардың Парсы еліндегі өмірдің барлық саласына дендеп енуіне ықпалын тигізген ислам революциясы орын алғанын айта кету керек. Иран конституциясының эпиграфында қасиетті Құранның «Темір» сүресінің 25-ші аяты келтірілген. Аталған ел конституциясының алғашқы сөйлемі былай басталады: «Иран Ислам Республикасының конституциясы ислами қағидалар негізінде ислам үмбетінің шынайы ұмтылысын танытатын Иран қоғамының мәдени, әлеуметтік, саяси және экономикалық институттарының айнасы».

Иранның мемлекеттік құрылымы осылайша конституциямен бекітілген. Біріншіден, алғашқы бабында жазылғандай, Иранның басқару жүйесі – бүкіл халық үшін Аллаға деген сенімге, шариғаттың заңдылығына, имамдардың сабақтастығына негізделген ислами республика. Осылайша Иран – азаматтық және діни билік біріктірілген теократиялық мемлекет. Иранның мемлекеттік діні – ислам. Ұстанатын мәзһабы - Жафарит мәзһабы. (Осы тұста жақша ішіне алып мынаны ескерте кетеміз: араб. شيعة‎; [шӣ‘а] — исламның бір ағымы ретінде алға шығады. Ираннын бөлек, шиғалар бүгігі таңда Әзірбайжан, Ирак, Бахрейн, Ливан, Йемен, Ауғанстан, Сирия, Кувейт, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірлігі, тіпті, Түркия аумағында да кездеседі).

Ал Уикипедия электронды анықтамада мынадай дерек келтірілген: Шииттер (араб.: شيعة‎ — топ, ағым, секта) — Мұхаммед пайғамбардың өлімінен кейін пайда болған ағым. шииттер (шиғалар) Әли ибн Әбу Талибті Пайғамбардан кейінгі билікке ең лайықты адам санап, алғашқы халифтер болған Әбу Бәкір мен Омарды зұлымдық жасады деп айыптайды. Олардың көзқарасы бойынша Әли және оның ұрпағы қателерден сақталған, олардың сөздері шариғат саналады. Олар көптеген сахабаларды Мұхаммед пайғамбардан кейін Ислам дінінен қайтқан кәпір санап, сондықтан Сүннеттен жеткен хадистерді мойындамайды. Осыған қоса олар Құран Кәрім өзгертілген санайды, оның дұрыс нұсқасы Әлиде болды деп ойлайды. Шиғалардың сенімі бойынша «нағыз» Құранды Мәһди алып келеді. Шииттердің кейбіреулері Айша ананы Әлиге қарсы шыққаны үшін балағаттап, зина жасады деп айыптайды, оны тозақтық санап, қайтыс болған күнін тойлайды.

Шиитер билікке тек Әлидің ұрпағы лайықты деп, басқа әмірлер мен халифтардың билігін заңды деп санамайды. Олардың ойынша Әлидің ұрпағынан 12 имам шығып, оның он екіншісі қазір «ғайыпта». Осыған байланысты оларды «әл-Исна Ашария» (он екіліктер) атайды. Бұл соңғы имам Ақырет алдында Мәһди болып қайтып келеді дейді. Олардың сенімі бойынша бұл имамдар ғайыпты біліп, «тылсым» дүниелерден хабары бар. Алтыншы имам саналатын Джафар әс-Садиқтан кейінгі имамды таңдауда таласқан шииттер екіге бөлініп, Исмаилды қолдағандар өзіндік сенімдері бар исмаилия ағымына айналып кетеді. Олардың имамдары жәй діни көсем емес, Аллаһтан аян алатын, жаратылыстар мен Аллаһтың арасын жалғастыратын, дұғалар мен тілектерге жауап беретін Аллаһтың орынбасарлары. Оларды сүю — иман, оларды мойындамау — үлкен күпір[1][2].

8-ші ғасырда Жафар ас-Садық есімді имам әрі діндар аталмыш мәзһабтың негізін қалаған. Шектан шыққан шиғалар болмаса, бұл мәзһабты парсылардың көбісі, яғни, иснаашариттер ұстанады. Ол бойынша шығарылған белгілі бір пәтуаларға бағынады. Иснаашариттік шиғалар 12 имамның рухани билігінің сабақтастығын мойындайды. Бұл имамдар Пайғамбарлар падишасының (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) күйеу баласы әрі саңлақ сахабалардың бірі Әлі тұр. 12 имам Әліден тарайды деп есептейді. 872 жылы 12-ші имам Мұхаммед әл-Мәді ғайып болды деп сенеді. Шиғалар оның өлді деп есептемейді. «Жасырын имам» әлі тірі жүр ден санайды. Ол ақырзаман тақағанда оралады әрі Дәджалдың көзін жойып, мына әлемде қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнатады деп сенеді. Ал Иранның билік тізгінін ұстаған бүгінгі аятоллалар олардың уақытша орнын алмастырған тұлғалар ретінде алға шығады. Бұл Иран конституциясының 5-ші бабында тайға басқан таңбадай анық жазылған: «Уәли-е-Аср (әл-Мәді) болмаған кезде Иран Ислам Республикасында басқару ісін факих (ел көсемі) жүргізеді».

Иранның алғашқы көсемі Руһолла Хомейни ислам революциясын жүзеге асырған тұлға. Ол өлген соң билік тізгіні Әлі Хаменейдің қолына тиді.

Иранның жоғарғы басшысы (діни, зайырлы көсем) барлық билік тармақтарының үстінен қарайды: сот, атқарушы, заң шығарушы. Конституция бойынша бұл билік тармақтары бір-бірінен дербес, тәуелсіз. Бас қолбасшыға ғана бағынады. Басшыларды елдің жетекші діндарларынан тұратын сарапшылар кеңесі тағайындайды. Ал аталмыш кеңестің өзін 8 жылға халық сайлайды. Жоғары басшылықтан соң Иран президенті алға шығады. Ол атқарушы билікке жетекшілік етеді әрі конституцияға кепілдік етеді. Оны 4 жылға халық сайлайды.

Мәжіліс – бір палаталы парламент (заң шығарушы билік), халық сайлайды (4 жылға). Заң жобаларын мүшелерін Жоғары басшылық пен мәжіліс сайлайтын Конституция сақшыларының кеңесі тексереді. Заң жобалары ең алдымен шариғат талаптарына қайша келмеуіне назар аударады.

Сот билігі бірнеше тармағы бар жүйеден тұрады. Қысқаша қайырғанда ол қылмыстық және азаматтық істерден, сондай-ақ, Революциялық (мемлекеттік істер) және Рухани соттан тұрады. Сот жетекшісін Жоғары басшылық тағайындайды.

Бүгінгі таңда шиғалардың қарасы исі мұсылманның санына шаққанда 10-20 пайызды құрайды. 

0 пікір
Мұрағат